«Жүйкенің бүтіндігі, жанның тыныштығы бәрінен қымбат дүние екен»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Жаман еркектің басын төрге сүйрейтін де, жақсы еркектің басын көрге сүйрейтін де әйел» деген баяғының сөз бұл күнде де маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Байғұс қазақтың қаншама әйелі осы сөздің айналасынан аса алмай, жаман еркегін адам ету жолында бейнет тартып өмір сүріп жатыр десеңші. Айтқаныңа жүрмейтін, сүйрегеніңе көнбейтін, сөйте тұра көкірегін керетін еркектерді үйден қуып шығу керек! Ондайлармен өспейсің де, өнбейсің де, «күйеуі бар» деген атқа бола шыдаудың мәні бар ма?» - дейді Ақмоншақ есімді әйел.
ERNUR.KZ редакциясына хат жазып, хабарласқан әйел қыз-келіншектерге өз өмірін мысал ете отырып ақыл айтыпты. Біз оның жазбасын өзгертпей өздеріңізге ұсынып отырмыз.
«Күйеуімнің таяғына, ішкеніне он бес жыл төзген адаммын. Сүйіп қосылдық деп айта алмаймын, оның бір әпкесі біздің ауылға келін боп, құда бала боп келіп-кетіп жүріп алып қашқан. «Жекжаттарға келін болды» деп әкем марқұм менің «қалмаймын» деген сөзімді аяқасты етті. «Барған жердінде бағы жансын» деп хабар беріпті. Сол сөзден аттай алмай қалып кеттім.
Күйеуімнің ішетінін арада апта өтпей жатып-ақ білдім. Істейтін нақты жұмысы жоқ, күн батқаннан көше кезіп, өзі сияқты сандалбайлармен карта ойнап, арақ ішіп келеді. Еретеңіне кешке дейін төсектен тұра алмай, көзі ашылмай ұйықтайды. Бәлкім, әке тәрбиесін көрмей өскен соң да солай болған шығар. Шешесінің айтқанын шыбын шаққан құрлы көрмеуші еді.
Сондайынан күйіп кетті ме, бір күні енем бізді «бөлек шығыңдар, қалаға барып тірлік істеп, өз мойындарыңа жауапкершілік алыңдар» деп киім-кешегімізді, азын-аулақ ыдыс-аяқ пен көрпе-төсегімізді ұстатып, қайнысының көлігіне артып шығарып жіберді. Басында әлгі ағайын қайынағамыздың есігінің алдындағы «времянкасын» жалдап тұрдық. Мен бірден тұшпара түйетін бір цехқа жұмысқа кіріп алдым. Әр тұшпараға бір теңгеден төлейді сонда. Күніне 1000 теңгенің о жақ, бұ жағында ақша табам. Ал күйеуім азанда менімен бірге үйден шығып «жұмыс іздеуге» кететін. Келсем «дым таппадым» деп жатады.
Бір күні әлгі үйдегі абысыным жаны ашып, «мырзаға сен кете сала үйге қайтып келеді де, күні бойы теледидар көріп жатады. Сен байқашы, ертең мойныңа отырып алмасын» деп бар шындықты айтып қойды. Ақырында оны өзімнің қасыма жұмысқа кіргіздім. Қожайынымыз әйел адам, базардан ет көтерісетін, қап-қап пияз таситын, оны аршитын адам керек болған. Сондай жұмысшы боп кірді.
Екеуміз бірге көп істемедік. Себебі нағашы жеңгем бір балабақшада тәрбиеші боп істейтін еді. «Біздің мекемеге тәрбиешінің көмекшісі керек, жақсы, таза жер. Мемлекеттік жұмыс қой, кіріп алсайшы» деген соң, сол жаққа ауысып кеттім. Ал күйеуім ондаған әйелдің ішінде қара жұмысшы боп қалып кетті. Сол кездегі ақшамен 40 мың теңге айлық алатын.
Балабақшаға баратын қызымды қасыма кіргізіп алдым. Жұмысым жақсы, онша-мұнша балалар ішпей қалған таза тамақты өзіммен ала кетем. Айлық алған күні пәтерақыны төлеп қоя салайын, қарызданып қалмайық деп барымды бере салам. Екі жылдай жап-жақсы өмір сүрдік. Бірақ әлгі қайынағамыз Астанаға көшетін болды да, үйді босатуға тура келді.
Қала орталығынан қымбаттау пәтер тауып, соған көштік. Тура сол кездерде күйеуім жұмыстан босап, жағдайымыз қиындап кетті. «Бұрынғыдай сауда жоқ болғасын мені босатып жіберді, адамдарды қысқартып жатыр» дегеніне сеніп жүре беріппін. Сөйтсем бұл шырағым сол жердегі екі әйелмен бірдей жүріпті. Оларға «әйеліммен ажырасып кеткенмін» деп өтірік соққан. Екі әйел бір еркекпен жүргенін білген күні жұмыста қырғын төбелес болған. Сөйтіп бастық үшеуін де қуып шыққан.
Оны мен кейін, базардан бірге жұмыс істеген әйелді кездейсоқ көріп қалып, естідім ғой. «Сенің бұрынғы күйеуің сөйтті...» деп әңгіме айтқанда аузым ашылып қалды. Айтарға сөз таппай қалдым. Бірақ күйеуіме ештеңе демедім. Ол кезде екі балалы болып қалғанбыз. «Ажырасқан деген ат жақсы ма, екі баламызды тірі жетім қылмайын» деп шыдап бақтым. Әйел деген сол екен ғой, бірінші өзін емес, балаларын ойлайды. Ал шын мәнінде балаға да дені сау әке керек.
Онымен ажырасуға себеп болған жағдайды айтайын. Өзім үшіншімді жаңа босанғам, үйде жейтін тамақ жоқ. Ол құрылыста істейді, тапқанына «шаршау басып» келеді. Кей кездері «ақшамызды ала алмай жүрміз» деп алдайды. Әйтеуір бітпейтін сылтауы бар. Соның бәріне күйіп-пісіп жүргенде қызым «Мама, мына күнделік жарамайды екен, апай бес күндігін, жаңасын алыңдар» деп айтты, ертең маған ақша беріңізші» деп жыламсырады. «Бар, әкеңе барып айт, үйде жұмыс істеп жүрген сол ғой, ақша тауып берсін» деп қызымды жұмсап жібергем. Сөйтсем «неге менің ақшамның жоқ екенін біле тұра қызымды жұмсайсың, мен енді оған не деп айтам» деп бақырды. Ішім толып жүргем, «қызыңнан ұялсаң дені дұрыс жұмыс тауып, дұрыстап асырауды үйрен!» деп айқайладым.
Сол күні екеуміз қырғын төбелестік. Бұрын ұрса да үн қатпай, жауырынымды тосып, отыра беруші едім. Бұл жолы, қайдан күш тап болғанын білмеймін, қызымның жылағанына, оған күнделік алып беруге ақша таппай, не істерімді білмей отырғанда келіп тиіскені мендегі ұйықтап жатқан дауылды оятып жібергендей болды. Сол күні ойламаған жерден, қорғанамын деп жүріп, қолымды шығарып алдым, жаныма батқан жан жарасы мен тән жарасы ушығып, көзіме ештеңе көрінбей кетті. Барынша айбарланып, жұлқынып қалдым да, күйеуімнің бетіне тіке қарап «Шық үйден!» дедім. «Осы уақытқа дейін сенің еркелігіңді көтергенім жетер, ендігіден былай мазамды алма! Сенен байлы болып, қайыр көрмедім. Тапқан табысыңды, іштің, шектің, қатындармен қыдырдың, бәріне көніп едім. Ендігі шыдамаймын, сол қатындарыңа бара ғой» деп есікті нұсқадым.
Түрім адам шошырлық болып кеткені соншалықты, күйеуім аңтарыла қарады да, бет қаратпайтын сыңайымды байқап, шығып жүре берді. Содан бері «балаларым қалай, сендер қайтіп күн көріп жатсыңдар» деп іздеген емес. Есесіне мен ағайын-туысқа «байын адам ете алмаған, үйінен қуып шыққан көкбет келін» болдым. Олар мені түсінгісі келмеді. «Ит те болса үш баланың әкесі еді ғой, шыдасаң нетті» деп өзімді кінәлі еткісі келді. Ол уақыттан да өттік.
Күйеуім кеткесін бойымда ерекше күш-қуат пайда болды. Қайтсем де үш баланы жеткізуім керек деп алдыма мақсат қойып, жатпай-тұрмай тірлік қылдым. Бақшадағы жұмысымды тастап, саудаға араластым. Үш жыл дегенде өз кәсібімді бастадым. Ісім өрге домалап, тапқаныма Құдай береке дарытып, қазір өз үйімде, ел қатарлы күн кешіп отырмын.
Менің айтпағым, әйелдер көбіне «жұрт не дейді» деген сөзден аса алмайды. Әрине, күйеуіңіз ішпесе, сізге қол көтермесе, балалары үшін тырысып-бағып жатса, онда оның жұмыссыздығын, ақша таппағанын уақытша қиындық деп қарауға болатын шығар. Ал енді дым таппаса, онымен қоса сізді ұрып-соқса, онда уақыт пен қуатты сарқудың қажеті жоқ. Өмірдің рахаты, қызығы тек еркекке байланысты емес. Жан тыныштығы, жүйкенің бүтіндігі бәрінен маңызды».