«Өтірікті де ебі бар адам құрастырып айтады екен-ау»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Бастарыңыздан өткен қызықты оқиғаларыңыз болса бөлісе отырыңыздар» деген екенсіздер. Соны оқып, ертеректе өз басымнан өткен бір жағдайды айтып берейін дедім. Қазір күйеуім екеуміз сол оқиғаны күліп еске аламыз», - деп бастады әңгімесін Айсұлу есімді әйел.
Бүгінде білдей бір мекемеде бөлім басшысы болып істейтін оқырманымыз күйеуінен тығып ақша жинаған кезін ERNUR.KZ тілшісіне ерекше ықыласпен баяндап берді.
«Отбасылық өмірдің қызығы мен шыжығы қатар жүреді ғой. Әсіресе енді үйленген кездегі, жас келін боп жүрген кездегі басыңнан өткізген жағдайлар ерекше болады. Жас келін боп түскеннен ата-енемен бірге тұрдық. Ондайда ең үлкен мәселе – қаржы. Ақшаның бәрін күйеуім екеуміз буып-түйіп ата-енемізге ұстатамыз. Ол кезде ел енді тәуелсіздігін алып, жұрттар айлап-жылдап жалақы ала алмай жүрген кез еді ғой. Айлығымызды енеме берем, ол бір санап, атам бір санапалады. Ары қарай оны жұмсау үлкендердің еркінде. Бірақ сол бір ай бойы көз майыңды тауысып тапқан еңбекақыңның бір бөлшегі өзіңе тимей қалғанда іштей ыза болатынмын.
Бірақ барлық нәрсе уақытша екен, ене де, ата да қартайды. «Енді өздерің есейдіңдер, үйдің бар шаруасын өздерің дөңгелете беріңдер» деп билікті бізге өткізді. Енеге есеп беретін күннен де құтылдық. Бірақ сонда да күйеуім екеуміздің тапқан табысымыз ішсек ішкенге, кисек киімге жетпей-ақ қойды.
Сосын екеуміз ақылдаса келе жұмыс кестесін реттестіріп, кезекпен базарға саудаға шығатын болдық. Аптаның үш күнінде мен, қалғанында күйеуім шығып, азын-аулақ киім-кешек сатамыз. Солай істегелі берекеміз кіре бастады. Алғашында күйеуіме тапқан тиыныма дейін есеп беріп, қолына ұстататынмын.
Бертін келе «мен неге осы күйеуімнен жасырып ақша жинамаймын? Жұрттар сияқты құндыз бөрік, лама пальто кисем жараспай ма?» деп ойладым.
Сөйтіп күйеуіме айтпай, базардан онша-мұнша заттарды алып, жұмыстағы қызметтес қыз-келіншектерге сата бастадым. «Ананы әкеп берші, мынау керек еді» деп өздері тапсырыс береді. Бірақ нақты ақшалары жоқ, жалақыларынан жинап алам. Сөйтіп күйеуіме айтпай үшінші табыс көзін тауып алдым. Тапқанымды өзімше пысықсынып долларға айырбастап отырғанымды қайтерсіз...
«Қимылдаған қыр асар» демекші, 400 доллардай жинап қойғанда декреттік демалысқа шығатын кезім жақындады. «Осы ақшаның басын құртпай, сақтап қояйын» деп жүргем, бірақ жұмыстағы қыздар хабарласып «маған мынау керек» деп қажетті заттарына тапсырыс бере бастады. Есептеп қарасам, екі аптада жинаған "заказдарымнан" әжептеуір пайда көреді екем. Күйеуіме айтып, алғыза салсам да болар еді, бірақ ондайда пайда ортақ кассаға түсіп кетеді, Соны ойлап өзім жинап жүрген ақшадан 100 доллар алып, бір рет «айналдырам» деп шештім.
«Мен ертең сенімен бірге базарға барам» дедім күйеуіме. «Нең бар базарда, босанатын уақытың жақындап қалды. Шаршайсың, үйде отыр» деді ол. «Жұмыстағы қыздар киім-кешекке тапсырыс берген еді, соларды апарып беруім керек» дедім. Бірақ тауар алуға ақшаны кімнен алдым деп айтам? Өтірікті де қисынын тауып құрастыру керек. Енді не істеймін деп отырып қалдым. Сөйтіп енді ғана әулетімізге келін боп түскен, мұғалім келін Жансаяны араға қостым. Өзімше қайынаға ғой, жас келінді тергеп, сұрап жатпас» деп ойлап қойдым. «Жансая келін жалақысын алған екен, содан қарызға ақша алдым. Жұмыстағы қыздар айлықтан берсе құтыла салам. Сен бірақ ініңе барып айтып қойып жүрме» деп ескертіп қойдым. Өзімнің құрастырған өтірігіме мәзбін.
Ертесі күні екеуміз базарға бардық. Долларды теңгеге айырбастап қыздар сұраған тауарды түгелдеп салдырып алдым. Келесі күні ырсылдап оны жұмыстағыларға тарқатып келдім. «Босанатын күнім жақын, мені сандалтпай айлықтан бәрің жинап қойыңдар» деп ескертіп кеткем. Содан арада екі аптадай уақыт өткенде шекесі торсықтай ұл таптым. Перзентханада жатып алып «Бүгін жұмыстағылар айлық алған шығар. Өзім жаратқан 100 доллардың үстіне тағы 100 доллар қосылатын болды» деп тәтті қиялға беріліп кетем. Істеген ісіме ризамын. Әлі қолыма түспеген ақшаның буына мас болып жатқам. Бір уақытта «Айсұлу» деп терезеден күйеуім айқайлады. Екі езуі құлағында.
«Қыздарың айлықтарын алыпты, сенің босанғаныңды естіген соң қиналып қалмасын деп ақшаларын маған әкеп тастады. «Қарызым барда малым бар деме» деген ғой, ақша бар кезде келіннен құтылып қоя салайын деп сен алған 100 долларды «Абысының алған екен» деп бердім. Сөйтсем сен өтірік айтыпсың ғой. Келін «Ағай, жеңгем менен ешқашан қарызға ашқа сұрамаған» деп азар да безер болды. Өтірікті де дұрыстап құрастырмадың ба? Менен ақша жасырып не істейін деп едің? Сұраған нәрсеңді өзім-ақ әпере салам ғой» деп ішек-сілесі қата күлді.
Ұяттан өртенгенім-ай. Сонда да түр бермей, «Сол жинап жүрген жалғыз 100 долларым еді. Оны да біліп қойдың ғой» деп күле салдым. Қалған 300 доллардың сыры ашылмады. Бірақ сол оқиғадан кейін күйеуімнен тығып ақша жинай алмайтынымды түсіндім. Қазір енді жағдайымыз жақсарған. Ештеңеден таршылық көрмей өмір сүріп жатырмыз. Бірақ кейде күйеуіме «маған мынау керек» деп әңгіме айтсам «Баяғыдай тығып жүрген долларың бар шығар, соған ала салсайшы» деп мазақтап күледі...»