«Күйеуіме күнде рахмет айтам»: түркістандық әйел оны не үшін жақсы көретінін айтты

0
3 267

​Түркістандық әйел үйлене алмай жүрген сүрбойдақтарға ақылға қонымды кеңес айтты


«Күйеуіме күнде рахмет айтам»: түркістандық әйел оны не үшін жақсы көретінін айтты

Елімізде оң жақта отырып қалған қыздар мен сүрбойдақ жігіттер көп екені белгілі. Өйткені қазір жеңгетай боп ортаға түсіп қыз бен жігітті таныстыратындар кемде-кем. Неге?

Себебі соңғы кезде ерлі-зайыптылар арасында қит еткенге ажырасып кетіп жатқаны көп. Жеңгелер «Жөні түзу адаммен таныстырмаған» деген артық сөзді естуді қаламайды. Сонда «кәрі жігіт» қалай үйленеді?

Халима есімді түркістандық әйел өзінің өмірін және жастары 60-қа келсе де тұрмыс құрмаған әпкелерінің тағдырын мысал ете отырып, сүрбойдақтарға ақылын айтты.

Оның ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген оқиғасы кәрі бойдақтарға ой саларлық.

Халиманың айтуынша, ол әпкелерінен бұрын тұрмысқа шықса олардың алдында өзін айыпты болам деп ойлапты. Ал әпкелері тұрмысқа шығуға асықпаған. Жоғары оқу орнын бітірген соң бірі қаладағы өрттен құтқарушылар мекемесіне, екіншісі аудандағы АХАЖ бөліміне жұмысқа орналасыпты. Бір әпкесі 40 жаста майор болса, бірі бөлім меңгерушісі боп қызметте жоғарылапты. Халима:

- Мен де күйеуге тиюді емес, диплом алып, жұмыс істеуді ғана ойладым. Қаладағы дарынды балалар мектебінде математикадан сабақ беріп жүргенде бір күні ұжыммен бірге ауылдардың біріне үйлену тойына бардық. Тойда күйеу жігіттің бір туысқан ағасы биге шақырып қоймады. Ал тойдан соң мені алып қашты, - деп еске алды.

Халима айқайлайды, жылайды, басына жапқан орамалды лақтырады. Орамал жаба алмай жатқан әйелдің бірі жасын сұрайды. Қыз жасының 30-да екенін айтады. Әлгі әйел «Ойбуй, масқара! Аңқау қайным жасын да сұрамаған ба? Жас қыз көп емес пе, бұны қайтпекші...» деп бөлмеден ашуланып шығып кетеді. Басқа әйелдер де шулап шығып кетеді де, бөлмеге болашақ күйеуді ертіп кіреді. Одан «Туа ала ма?..» деп сұрайды. Халима ашуланады, жылайды. Күйеуінің өзі кеп ақ орамалды басына салғанда ғана өксігі басылады.

Ол аттаған босағасында қалғанымен, қаладағы жұмысын қимай, ауылдағы келіннің жұмысына үйрене алмай жүреді. «Кетіп қалсам ба екен? Әлде...» деген екіұшты ойдың бір жағына шыға алмай жүргендіктен, күйеуін үш ай тәніне жолатпапты.

- Бір күні күйеуімнің туысқан әпкесі келді келінді көруге. Жасы 50-де екен, мүсіні жас қыздай. Бірақ күйеуге шықпаған, баласы да жоқ. Қалада тұрады, жағдайы жақсы. Алайда оның көзінен бақытты көре алмадым. Мұңайып «Кезінде мені де бір жігіт алып қашып кеткенде, ол қандай болса да қалар едім сол үйде» деді. Осы сөзден соң мен бір тоқтамға келдім, - дейді ол.

Содан бері талай жыл өтіпті. Былтыр олар ұлдарын үйлендірсе, биыл қызын ұзатыпты. Басында ұнатпай, үш-төрт ай қасына жатқызбаған күйеуіне Халима қазір жиі рахмет айтып отырады екен.

- Егер ол сол күні батылдық жасап алып қашпағанда мен әйел бақытын, ана болу бақытын көрмес пе едім, кім білсін?! Сіңлімді де алып-қашып кетті. Әйтпесе ол да жігіт өзі қадам жасасын дейтін қыздардың қатарынан, - деген Халима қандай жігіттердің «отырып» қалатынын да айтты.

Оның өмірлік тәжірибесі бойынша, «Тана көзін сүзсін, сосын ғана жібімді үзем» деп, алдымен қыздың қадам жасағанын күтіп жүретін жігіттер жасының 45-ке келгенін аңғармай қалады.

- Олар қызға сөз айтуды білмегендіктен, бір-екі сөйлесіп алып-қашу керек. Әйтпесе үйленбей жүре береді. Бірақ өзінен 15-20 жас кішіні емес, жас қыздар алып-қашуды дауға айналдырып жіберуі мүмкін. Олардың ата-анасы да бәлсініп, жоғары талап қояды. Ең дұрысы, жасы отыздың ар жақ, бер жағындағы қызға үйлену ғой. Олар аттаған босағасынан кері қайтуға ұялады, ал ата-анасы теңін тапқанына тек қуанады. Мен бұған сенімдімін.

Менің оң жақта отырып қартайған екі әпкем сіңлім екеумізді көрген сайын «Жасымыз отыздан асқан соң жігіт таңдамадық. Қандай жігіт үйленем десе де келісуге дайын едік. Бірақ ондай батыл жігіт кездеспеді» дейді үнемі. Мұндайда мен қарсылығыма қарамай алып-қашқан батыл күйеуімді одан сайын жақсы көріп кетем, алып-қашқанына қуанам. Жалпы оң жақта отырып қалған қыздар жігіттің алып-қашқанына қуанбаса, өкінбейді. Бұған оң жақта отырып қалған әпкелерім мен қайынәпкемнің сөздері дәлел бола алады, - дейді түркістандық әйел.


Ендеше, батыл болыңыз, бойдақ жігіт!


Тағы да оқыңыз:


«Көріпкелдің болжамынан қорқып тұрмысқа шықпадым»: жамбылдық қыз қателігін айтты


«Әйелімнің тағы бір ұл туғанына қарсымын»: талдықорғандық азамат себебін түсіндірді