​«Күйеуімнің алдында жыртыңдап жүр»: жамбылдық әйел абысынынан қауіптенетінін айтты

0
2 267

«Осы мәселе менің бас ауруыма айналды, уайым жеп барады»


​«Күйеуімнің алдында жыртыңдап жүр»: жамбылдық әйел абысынынан қауіптенетінін айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Бір үйде екі келін, үш келін бірге тұрады екен, қандай керемет!» деп жатады ғой. Оның түк те кереметі жоқ. Сырт көзге бәрі әдемі боп көрінетін шығар, бірақ үш әйелдің бір үйде тұрғанының тәшпіші көп. Абысыным басыма бәле болды», - дейді Гүлсая есімді әйел.


Жамбылдық көпбалалы ананың өз уайымын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Тұрмысқа шыққаныма 15 жылдай боп қалды. Жасым 37-де. Ауылға, көпбалалы, өсіп-өнген әулетке келін болып түстім. Мен келгенде үйде күйеуімнен бес жасқа үлкен ағасы мен абысынымыз тұратын. Бірақ екі жылдан соң олар ажырасып кетті. Сол абысыным тым жақсы адам еді, маған әпкемдей жанашыр боп, үйдің шаруасына үйретіп, бір елі жанымнан шықпайтын. Ал мынау, кейінгісі енді...


Қайынағам мен абысыным балалы болмаған соң ажырасты. Төрт жылдай күткен екен. Болмаған соң абысыным «маған рұқсаттарыңызды беріңіздер, екіге кетсек бақытты боп кетерміз» деп ата-енемнің алдынан өтті. «Кетем» деп тұрған адамды кім ұстап қала алады, енем қимай-қимай шығарып салды.


Бір жағы, абысынымның кетуіне баланың да қатысы болмады-ау, қайынағамыз тайынсыз кісі. Жасы қырықтан асып кетсе де балалығы басылмаған, тұрақты жұмысы жоқ, күн-түн демей көше кезіп, қыдырып жүре беретіні бар еді. Әлі де солай. Әр істің басын бір шалып, әр қалада бір тұрып жүріп екінші әйелімен танысыпты. «Үйленем, осыны сүйіп қалдым» деген соң ата-енеміз әлгі қызды үйге келін етіп түсірді.


Бұл аралықта мен төрт балалы боп қалғам. Жақында бесіншімді босандым. Жылма-жыл бала туу, үлкен үйдің келімді-кетімді кісілері бар, тірлік те тау-тау боп үйіліп тұрады. Соларға үлгерем деп жүріп мамандығым бойынша жұмыс істеуді де ойламаппын. Таңертеңнен кешке дейін көк қораны айналып жүре береміз әйтеуір.


Алғашқы жылдары күйеуім екеуміздің арамыз жақсы еді. Қазір түсініксіз. Үйде адам көп болғасын, бір-бірімізге көңіл де бөлмейміз. Бәленің бәрі қайынағамыз екінші мәрте үйленгеннен басталды. «Өздері бөлек өмір сүрсін» деп қалаға еншілерін беріп жіберген еді. Бірақ «күнімізді көре алмай жатырмыз, пәтерақының ақшасы өте қымбат» деп қайтадан келіп алды. Міне, қазір үш жылға жақындап қалды. «Үйінде абысыны бар» деген аты ғана. Салт басты болған соң қалаға қатынап жұмыс істейді. Күйеуімнің де жұмысы қалада, азанда бірге кетеді, кешке бірге қайтады. Сол менің көңіліме күдік ұялатып жатыр.


Олай дейтінім, қайынағам мен абысыным дәрігерлерге тексеріліп, көрінген екен, «күйеуіңізде кінәрат бар» депті. Сосын абысыным «ЭКО» жасатам» деп шешім қабылдады. Ата-енеміз зейнетақыларын жинап, қорадағы малдарды сатып, сұраған ақшаларын тауып берген. Сөйтіп екеуі «ЭКО» жасайтын дәрігерлерге барса, «Сіздің ұрығыңыз мүлдем жарамайды» деп қайтарыпты.


Осыдан бірер апта бұрын енем мен абысынымның сөзін есітіп қалдым. «Беріктің ұрығын салдырайық, ол да Сәкеннің туған бауыры ғой» деп мәселені талқылап жатыр екен. Берік дегені менің күйеуім ғой. Бұлай кете берсе бір күні бұлар «ЭКО» жасатып шығындалғанша, одан да екеуін қосайық» деп айтудан тайынбаса керек. Әлі бұл ойларын күйеуіме айтпады, сол себепті мен де тілімді тістеп, үндемей жүрмін.


Бірақ осы әңгімеден кейін абысынымның күйеуіме бірдеңелерді айтып, жыртыңдап тұрғанын жиі байқайтын болдым. Бұрын қалаға жұмысқа барарда көліктің артына отыратын, қазір ұялмай алдына отырып алады. Мінезі тым жеңілтек, күйеуімнің ойын бұзып, қойнынан бір-ақ шыға ма деп уайымдап жүрмін.


Күдіктенуімнің тағы бір себебі, бұрын есік көрмеген абысынымның пәк болып келмегені. Бір-екі таныстардан «бұрын жігіттерді нәскише ауыстырған еді» деген сыбыс естіп қалғанмын. Қайын ағам да өте жауапсыз адам. Бұны өліп-өшіп, күйіп-жанып алды деп айта алмаймын. Әйелінен көңілі қалса, ажыраса салмасына кепіл жоқ.


Мейлі ғой, «ЭКО» арқылы абысыным көтеріп, босансын. Ертең қайынағам екеуі ажырасып кететін болса, баласын құшақтап күйеуіме «Сенің балаң, қалайда бағасың» деп міндетсініп тұрмасына кім кепіл?! Басында екінші баламды қайынағам мен кетіп қалған абысыныма берсем бе деп ойлағанмын. Бірақ қайынағамның өз басын алып жүре алмайтын адам екенін көріп, райымнан тез қайттым.


Енді не істерімді білмей басым қатып жүр. Күйеуім ата-анасының сөзінен асып кете алмайды, мен қарсы болған күннің өзінде құлақ асатын адам емес. Өз дегенін жасайды. Ата-енеме айтсам, күйеуіме "әйеліңді тый" деп, арамызды одан бетер ушықтырып жібере ме деп қорқам. Не істейін, басым қатып кетті».