​«Күйеуімнің қадірін кеш түсіндім»: жамбылдық әйел күйеуім қайтып келсе бәрін басынан бастар едім дейді

0
1 968

«Мың асқанға - бір тосқан» болды


​«Күйеуімнің қадірін кеш түсіндім»: жамбылдық әйел күйеуім қайтып келсе бәрін басынан бастар едім дейді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, кейде біз алтын түгілі адамның да қадіріне жете бермейміз. Мен де басыма қонған бақты дер кезінде бағалай алмай сорлап қалған әйелдердің бірімін. Әттең, сол бір бақытқа, бақ пен берекеге толы күндерімді кері қайтара алсам ғой, шіркін!», - дейді Жұпар.


Жамбылдық оқырманымыз кетіп қалған күйеуінен кешірім сұрағысы келетінін айтады. Ол отбасындағы жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


"Мен осыдан 29 жыл бұрын өзім ұнатқан жігітке тұрмысқа шықтым. Обалы не керек, ол өте табысты-тұғын. Қалада, теміржолға басшылық ететін мекемеде әжептеуір қызмет етті. Араға жылдар салып білдей бір бөлімнің басышылығына дейін көтерілді. Соның арқасында біз ішіп-жемнен таршылық көрген емеспіз. Мемлекет тарапынан тегін баспанаға да, қызметтік көлікке де қол жеткіздік. Туған-туыс, дос-жаранның арасында абырой-беделіміз де әжептеуір биік болатын.


Бірақ соның бәрі жылдар өте келе сағымға айналып кететінін мен ол кезде білмеппін. Алла Тағала бақты да көтере алатын адамға береді екен ғой. Обалы не керек, Құдай біздің отбасымызға бақты үйіп-төгіп берді. Бірақ біз оны уысымызда ұстап тұра алмадық. Бәріне өзім ғана кінәлі екенмін. Оны отбасымның ойраны шыққанда бір-ақ түсіндім. Оған дейін болған жағдайға әркімді бір кінәл етіп көруші едім.


Жылдар өте келе мен күйеуімді еркек ретінде емес, банкомат деп қабылдай бастаппын. Менің көзіме ол тек ақша табатын адам ретінде ғана көрінетін боды. Іссапардан келсе амалдың жоғынан жағдайын сұрағансып, соңынан қанша «левый» тауып келгенін білгенше асығатынмын. Обалын арқалап нем бар, ол бар тапқанын менің қолыма санап тұрып салатын. «Әнеу күні берген ақшам қайда? Оны неге жұмсадың?» деген сұрақты да аз қоятын. Тек кейде қымбат бағалы киім-кешек, алтын әшекейлер алғанымда ғана «Жұпар, алтыннан үй тұрғызатын дәрежеге жеттің ғой, ала бермесейші. Енді балалардың қамын ойлап, тағы бір баспана сатып алайық. Ақшаны банкке салайық» деп ақыл айтатын.


Мен де ақымақ емеспін. Күйеуімнің тапқан табысының біраз бөлігін өз атыма ашылған шотқа салып тұрдым. Сондағы ойым мынау еді: «Күндердің күнінде күйеуім қайтыс болса немесе өзге біреуге көңілі ауып кетсе көк тиынсыз қалып кетпейін». Алла не ойласаң, соны орындайтынын ол кезде түсінбегенмін ғой. Құдай ниетімді қабыл еткен екен.

Жасымыз елуге таяған шақта отбасымыздың шырқы бұзылды. Күйеуім өзге біреуді сүйіп қалып, соның соңынан кете барды.


Негізінде ол менен ешқайда кетпес еді, бәрін бүлдірген өзім. Соңғы уақытта көзімді шел басты. Ол әкелген азық-түлікті жақтыртпайтынды шығардым. «Мынау тас кәмпитті не деп әкелгенсің?! Кім жейді мұныңды?! Мә, ініңнің балаларына апарып бер!», «Әкелген «макароның» арзан тұрады-ау деймін, езіліп, тамақтың быт-шытын шығарды», «Сасып кеткен ет сатып алыпсың! Соған кеткен ақшаны маған бергеніңде ғой, жақсысын таңдап алар едім» дегенді жиі айтатын болдым.


Айтпақшы, осы жылдар аралығында біз ұлымызды үйлендірдік. Келін түскен үйдің қазаны оттан түспейтіні белгілі емес пе? Күн сайын «Құтты болсын!» айтып келетін қонақтарға міндетті түрде қазан асылады. Содан жалыққан жас келін бір күні маған: «Бұл үйде еттен басқа тамақ бола ма өзі? Асқазанымыз еттен шіритін болды ғой» деп күңкілдеді. Бастапқыда мен мұны келінімнің балалығы, еркелігі деп түсіндім. Асылық қылған екен.


Көп өтпей күйеуім өзге біреумен көңіл жарастырғанын айтып, үйден кетті. Келін мен бала да жиі ұрысып, соңында екеуі ажырасып тынды. Ал тұрмыстағы қызым күйеуімен ажырасып, біздің үйге қайтып келді. Баяғыдай қап-қап ұн, қорап-қорап кәмпит көзден бал-бұл ұшты. «Күйеуім кетіп қалса...» деп жинаған ақшама ұлыма көлік әперген едім, апатқа ұшырап, су жаңа көліктің быт-шытын шығарды. Осылайша біз бас-аяғы 6-7 айда тап-тақыр кедей болып шыға келдік.


Сенесіз бе, баяғыда өзім «тас кәмпит» деп менсінбеген «барбаристі» қазір таңдайымызды тақылдатып жейтін жағдайдамыз. Қазанда иісі бұрқыраған еттің де қайнамағанына көп болды. Кей күндері қала ішінде жүретін жолкіре таппай қиналамыз. Баршылықта «жанашыр», «дос», «туыс» болған жандардың бәрі менен теріс айналды. Туған бауырларымның да маған деген көзқарасы өзгерген сияқты. Бұрынғыша менімен ақылдасып тірлік істемейтін болды. «Жағдайың қалай? Қалай күн көріп жатырсың?» деп сұрамайды да.


«Асты қорлама – құстырады, еркекті қорлама – састырады» деген сөздің мағынасын енді түсінгендеймін. Баяғы дәуренім қайта айналып келер болса, бәрін басынан бастар едім, күйеуім тұз алып келсе де «тәттісін-ай» деп жеуші едім, әттең.


Мен мұны не үшін айтып отыр дейсіздер ме, өзімнен кейінгі сіңлілеріме, қыздарға үлгі болса екен деймін. Айналайын, қыз-келіншектер, азаматтарыңды ардақтай біліңдер. Олар барда төрт құбылаң түгел екен. Қара нан мен қара су ішсең де барға шүкіршілік еткен жөн.


Сосын тағы айтарым, еркектің алдына түсіп, «Бәрін өзім білемін, өзім шешемін» деген жөнсіз. Тізгінді еркекке беріңдер, қалай асырайды, ақшаны қалай табады, оны қалай жұмсайды, бәрін өзі шешсін. Әрине, тым жұмсақ мінезді, аңғал әрі сенгіш болған да дұрыс емес. Олардың әрбір іс-әрекетін сырттай бақылап отыру керек. Қисық кетсе жай сөзбен түсіндіріп тұрған абзал.


Дегенмен, көп жағдайда тілге ие болу керек екен. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегенді естен шығармаңдар. Әсіресе ас-ауқатқа, дүние-мүлікке қатысты әңгімелерде аса абай болған жөн. Періште қабыл етсе, шынында да қиын жағдайға тап болуыңыз мүмкін...»