​«Күйеуімнің қазасына мені кінәлап отыр»: жесір келіншек ендігі өмірі үшін алаңдайды

0
1 356

«Онкологиялық ауруға шалдыққанын білмей қалыппыз»


​«Күйеуімнің қазасына мені кінәлап отыр»: жесір келіншек ендігі өмірі үшін алаңдайды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Әйел қырық шырақты» деген сайын оның мойнына шамадан тыс жауапкершілік артып қоятын адамдар бар. Мысалы мені қайын жұртым нақақ кінә тағып, жек көріп кетті. Күйеуімнің қазасына мені кінәлап отыр», - дейді Айсана есімді келіншек.


Бес жыл бұрын тұрмысқа шығып, бір қыздың анасы боп отырған Айсана төрт ай бұрын күйеуін жер қойнына тапсырыпты. Содан бері басына қара бұлт үйірілген. Оқиғаның жай-жапсарын ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Мен Қызылорданың қызымын, күйеуім – шымкенттік. Бірақ біз Жамбыл облысында тұрдық. Күйеуім әскери адам еді, жұмыс бабымен сонда қоныс аударғанбыз. Ұрыспай, тату-тәтті өмір сүрдік десем өтірік болар. Соңғы кездері мен одан шаршап, «ажырасып кетсем бе» деп ойлап жүргем. Себебі күйеуімнің жұмысы ауыр, үй бетін көрмейтін. Жұмыстан келсе «мазам жоқ, шаршап тұрмын» деп жатып қалатын. Баламен үйде отырған әйел болғасын күйеуіңнің назар аударғанын қалап тұрасың ғой, сол үшін кейде ашуланып, ренжіп, сөйлемей қоятынмын.


Күйеуімнің мінезі ауыр еді, көп сөйлемейтін. Айтатын сөзін аузынан әрең шығарып алушы едім. «Маған не дейсің, жұмыстың ауырлығын өзің де көріп жүрсің ғой, тіпті дәрігерге барып қаралуға уақытым жоқ» деді бір жолы.

«Маған не дейсің, денсаулығың өзіңе керек қой, барып көрінбейсің бе» деп сөйлеп тастадым. Шыны керек, оның ауырып жүрмін дегеніне онша мән бермедім. Жанына батса өзі-ақ жүгіріп барар еді ғой, бірақ ол ілініп-салынып жүре берді.


«Мен төркініме барып келем, біраз күн қызым екеуміз шұбат ішіп, демаламыз» дедім Нұрасылға. Бізбен бірге жүруін өтініп едім, көнбеді. «Барсаңдар барып келіңдер» деп өзі пойызға шығарып салды. «Жұмыстан жіберсе, өзім барып алып қайтам, беймарал жата беріңдер» деді.


Ата-анамның қызымыз, жиеніміз келді деп еркелетіп, айналып-толғанғанғанына көңілім толып, аяқты созып, көсіліп демалып жатқаныма көп бола қоймаған еді, екі кеште енем хабарласты. «Қыздарыңды құдағиға таста да, тез қайт» деді. Күйеуім ауырып қалған соң анасын шақыртқан екен.

Келсем үйде ешкім жоқ. Енем баласын ауруханаға тексертуге алып кеткен екен. Түс қайта арып-аршып жетті. Оншақты күн бұрын тәп-тәуір түрмен шығарып салған күйеуімді танымай қалдым. Ісініп кеткен, әрең жүріп қалыпты. «Күйеуіңді осындай халде тастап, төркіндеп кеткеніңе жол болсын!» деп зіркілдеді енем.


Не керек, дәрігерлер бізді онкологиялық орталыққа жіберді. Күнделікті анализ тапсыру, КТ, МРТ, қаншама мықты деген дәрігерлердің кеңесін алып, тексерілдік. Күйеуім аяғынан әрең тұрады, жетектеп, сүйрелеп аурухананың табалдырығын тоздырып жүргенімді бір онколог байқап, жаны ашыды-ау, «енді жүгіргеніңізден еш пайда жоқ, күйеуіңіздің ауруы асқынып кеткен, одан да әрекеттеріңізді жасай беріңіздер, аз қалды» деп ашық айтты. Сонда да қайтпаймын ғой, «жатқызып емдеңіздер» деп тұрып алдым.


Олар біздің көңілімізге қарады-ау дим, күйеуімді бір апта жатқызды. «Енді бірер апта үйде демалыңыздар, сосын тағы емделесіздер» деп шығарып салды. Содан оңалмады, үйге келгесін тамақ іше алмай, тұра алмай үш күн жатты да, бақилық боп кете барды.


Қазір Шымкентте, ата-енемнің қолындамыз. Жақында ғана жүз күндігін өткіздік. Осы уақыт ішінде естімеген сөзді естідім. «Кет, баламның басын жалмаған жалмауыз» деп енем ұрды да. Бірақ ағайын-туыс «ұят болады, жылдық асына дейін осында болсын» деп енемді әрең көндірді. Бұрын да мені жақтырмай, түртпектеп отыратын еді. Қазір мүлдем есінен ауысқан сияқты, отырсам опақ, тұрсам сопақ етті. Мен құйған шайды ішпейді, мен істеген тамақты татып алмайды.


Менің не жазығым бар, айтыңыздаршы? Дап-дардай адам ғой, өзінің миы бар, басы бар, әрі-беріден кейін зіңгіттей еркекті «мазам болмай жүр» деген сөзі үшін дәрігерге сүйрелемейтін шығармын?! Соны айтсам енем түсінбейді, «балам байғұс қор боп өлді» деп келген-кеткенге мені жамандап отыр.


Күні кеше төркінімде туысқан ағам қайтыс боп, қызымды тастап, Қызылордаға жол жүріп кеткем. Келсем қызымның шекесі, мұрны сырылып, көгеріп қалыпты. Не болғанын сұрап ем, «Аяламен ойыншыққа таласып қалып едік, апам мені итеріп құлатты» деп жылап қалды. Сол үшін енеммен сөзге келіп, ұрысып қалдым. «Тірі кезінде құрметтемеген күйеуіңді өлген соң несіне сыйлап отырсын, құры, кет үйден» деп айқайлап отыр.


Менің жанымды түсінетін кім бар? Жастай жесір, қызым жетім қалып отыр. Оны неге ойламайды бұлар? Кете салайын десем ар-ұятым жібермей отыр. Көктемге дейін енеммен бір үйде тұра алмайтын сияқтымын. Қайтсем екен...»