«Күнәсі көп анам МОЛДА болғанымды қалады»: қызылордалық жігіт ренішін айтты

0
3 834

Биыл мектеп бітіретін балаңыз қай мамандықты таңдап отыр?


«Күнәсі көп анам МОЛДА болғанымды қалады»: қызылордалық жігіт ренішін айтты

Оқу жылының аяқталуына 3-4-ақ ай қалды. Бітіруші түлек балаңыз (қызыңыз) қай мамандықты таңдады? Неге?

Бітіруші түлектің әйтеуір бір мамандықты таңдайтыны белгілі. Бірақ «Неге?» деген сұрақты қойсаңыз, нақты жауап беретін оқушы кемде-кем. Өйткені көбісінің таңдаған мамандығы өзінің емес, ата-анасының қалауы.

«Орындалмай қалған өз арманын тықпалап, өз мүддесін ойлайтын ата-аналар баласының қанатын қиып жатқанын білсе екен. Бала өміріндегі ең бірінші қателік – дұрыс таңдалмаған мамандықтан басталады», - дейді қызылордалық Сәкен.



Ол ата-аналарға ой салсын, ал бітіруші түлектерге сабақ болсын деп, ERNUR.KZ тілшісіне өмірін баяндап берді:

«Барлық бала жоғары сыныпқа өткеннен бастап-ақ кім болатынын, қандай мамандықты таңдайтынын анықтап қояды. Бірақ ата-анасына айтпайды. Неге дейсіз бе? Ұялады, қысылады, қорқады...

Сыныптастарымның көбісі әкесінен үнемі «Адам болмайсың сен. Топассың» дегенді, ал анасынан «Бәрібір сенен ғалым шықпайды» дегенді естіп арманын айта алмады. Ата-анасының таңдап берген мамандығын алды. Қазір солармен сөйлесе қалсам, «...Өміріме шағымым жоқ. Бірақ бәрібір өзімді толық бақытты сезіне алмаймын. Бірнәрсемді жоғалтып алғандай күй кешіп жүрем...» дейді. Олардың не айтқысы келетінін жақсы түсінем. Себебі мен де жасым 40-қа келсе де әлі өзімді-өзім іздеп таппай жүрмін.


Ең жаманы, мен өзімнің емес, басқа біреудің өмірін сүріп жатқандаймын. Бұған анам кінәлі ме, әлде арманымды жүзеге асыра алмаған өзімді жазғыруым керек пе, білмеймін.


Мен 8-сыныптан бастап анама компьютерде бағдарламалар құратын маман болғым келетінін айтатынмын. Есепке жүйрік едім. Қағазға жазбай-ақ ойша бөлшек сандарды қосып, ала беретінмін. Одан бөлек балаларға арналған компьютер ойындарын құрастыруға қызығатынмын. Анама «компьютер алайықшы» деп қаншама рет айтқанмын, әпермеді.

Математикадан, информатикадан сабақ беретін мұғалімдерім «Есеппен, компьютермен байланысты мамандықты таңда» деп ақыл айтты. Мен тіпті осы екі пәннен қатысқан олимпиаданың бәрінен жүлделі орын алғанмын. Алайда қабілетімді біле тұра анам мектеп бітірген жылы құжаттарымды «дінтану» мамандығына тапсырды. Сенесіз бе, мен «Мен бұл мамандықты оқығым келмейді» деп айта алмадым. Өйткені анам мені жалғыз өзі өсіріп, баққан. Мені асырау үшін түнімен жұмыс істеп үйге қонбаған күндері де есімде. Оның үстіне бұл мамандық ақысыз еді. Анамның мені оқытуға шамасы келмейтін шығар деп ойлап, үнсіз көндім. Бірақ егер анам мүмкіндік бергенде мен кешенді тест тапсырып, грантпен оқуға түсіп кетер ме едім?! Кешенді тест тапсыруыма анам үзілді-кесілді қарсы болды.

«Шымкент қаласында тегін оқытатын жоғары оқу орны ашылыпты» деген соң, қарсы келе алмадым. Сондай-ақ мен «дінтану» қандай мамандық екенін білмедім. Жұрттың аналары жалғыз ұлының министр, әкім, әнші болғанын қалайды ғой. Анам менің оқытушы болғанымды қалаған шығар деп ойладым. .

Фото: www.alltime.ru

Диплом алдым. Университетте оқытушы боп қалмақ болғанымда, анам қарсы болды. Қызылордаға келген соң мамандығым бойынша жұмыс іздеп ұзақ жүрдім. «Бұл мамандықпен мен кім боп жұмыс істеймін?» деп, анама көп ренжідім. Жұмыс таппай жүрген жылдары бірге оқыған жігіттердің кейбірі Сауд Араб елдеріне жалақысы мол жұмыстарға кетті. Ал мені анам жібермеді. Қазір ойлап отырсам, осы кезде де анам мүмкіндікті пайдаланып көруге кедергі болыпты.

Үш-төрт жыл жұмыссыз жүрдім. Анам менің мешітте жұмыс істегенімді қалады. "Қайтыс болған ата-анасына, бауырына Құран бағыштатқысы келетін адамдар бар. Дем салдырғысы келетіндер де көп. Құран бағыштап, сүре аяттарымен дем салып отырасың" деді. Жұмысты жапырып істейтін жастағы еңгезердей жігітке осылай отырған жараса ма? Әрине мен бұл жұмысты жаман деп отырғаным жоқ. Мамандықтың жаманы болмайды, тек дұрыс таңдалмаған мамандықты сүйіп істей алмайтыныңды айтқым келеді. Адам таңертең жұмысына, ал кешке үйіне асығып тұру керек. Ол үшін жұмысың да, үйдегі адамдар да сүйіктің әрі қалауың болуы қажет. Мен ше, таңертең жұмысқа аяғым тартпай әрең барамын. Кешке жол бойы анама ренжіп қайтамын.

Екі аптадан соң жұмыстан кетіп қалдым. Дипломды қажет етпейтін жұмыстар іздедім. Құрылыста істедім, жол төсеуші де болдым... Бәрі де қара жұмыстар. Күзетшімін қазір. Дипломыммен жұмыс істемейтін болсам, төрт жыл не үшін оқыдың десеңізші!

Е-е, мен мүлде басқаша өмір сүргім келген еді ғой. Жұмыста костюм-шалбармен, галстук тағып жүруді армандағанмын. Әйелімнің дәрігер немесе мұғалім болғанын қаладым. Бірақ бұл қыздар менің күзетші боп істейтінімді естіп, ат-тонын ала қашады.


Осылай 20 жыл өмірім өтті. Қазір жасым 40-та. Отбасы құрмадым. Қалауымдағы мамандығымды таңдай алмасам да, жүрек қалауымен үйленгім келеді. Бірақ қалауымдағы қызды кездестіре алмай жүрмін.


Анам былтыр өмірден өтті. Қатты ауырды. Жатырында қатерлі ісік пайда болған екен. Мұны менен жасырған. Ақыры сол ауруынан көз жұмды. Өлерінде «Балам, сен шындықты білуің керек. Мен зинақормын... Күнәм көп... Қанша тырыссам да тура жолға қайта алмадым. О дүниеде тозақ отында жанатынымды ойлап қорқамын. Күнәмді жуу үшін сенің молда болғаныңды қаладым. Төрт жыл оқып үйренгенің бар, менің күнәларымның кешірілуін сұрап дұға етші, өтінем. Жұма сайын Құран бағыштауды ұмытпа...» деп, жылап жатқанда жаны үзілді.

Анамның жан тапсырардағы сөзі әлі құлағымда жаңғырып тұр. Ол сонда балам молда болса күнәм кешіріледі деп ойлаған ба? Қиямет күні ешкім бір-біріне көмектесе алмайтынын білмеген бе? Өзінің о дүниесін ойлап, мені қалауымдағы мамандығыма түсірмеген бе?


Ашуым келсе де оны айыптайтын құдай емеспін. Мен анамды кінәламаймын. Тек арманымнан адастырғаны үшін ренжулімін. Мен дінді танығаныма өкінбеймін. Анамның қалауларыма кедергі бола бергеніне қапаланам.


Осы күнге дейін анамның қалауымен жүріп тұрдым. Тіпті мен қызыл, сары түсті спорт киімін ұнатсам, анам «Жоқ, қара түстіні аласың» деп те, ойымдағы киімді алғызбаған. Мен әбден соған үйреніп қалғандықтан болар, анам қайтқалы қалай қарай қадам жасауды білмей отырмын. Өзіндік ойым, пікірім жоқ.

Өмірімді өзгерткім келеді. Бірақ қалай? Ішкі даусым «Өзің қалаған мамандықты оқы» дейді. 40 жаста мамандық ауыстыруға бола ма? Құрдастарым ұл-қызын оқуға түсіріп жатқанда, менің оқу оқығаным күлкілі емес пе?..»


Сәкен әңгімесінің соңында осылай сұрақ қойды. Өмірінің бел ортасына келген адамға не деуге болады? Сіз не дер едіңіз? Сәкенге айтар ақыл-кеңесіңізді комментарийге жазып қалдырыңыз.


Ұқсас оқиғалар:


«QR-код арқылы менің атымнан КРЕДИТ алыпты»: алматылық әйел не істерін білмей отыр

«Ұтымды жолмен баспаналы болды»: заңгер клиентінің әрекетін үлгі етті