​«Мамам күн көрсетпейді»: екі рет үйленіп, ажырасқан азамат үшінші отау құруға қорқатынын айтты

0
1 518

«Үшінші әйелдің обалына қалсам ше...»


​«Мамам күн көрсетпейді»: екі рет үйленіп, ажырасқан азамат үшінші отау құруға қорқатынын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Құрметті ERNUR.KZ! Еркек болсам да бүгін сіздерге хат жазып, ішкі күйзелісіммен, уайымыммен бөлісуді жөн көрдім. Ақыл сұрайтын мәселем де бар. Жуастығымның кесірінен тағдырымды талқандап алғанмын. Кейде «осы мен еркекпін бе, неге бұлай болды» деп өз-өзіме налимын. Сіздерден өтініш, жазғанымды осы күйінше, тек аты-жөнімді, тұратын қаламды өздертіп жариялаңыздаршы».


ERNUR.KZ редакциясының желідегі парақшасына Аман (есімі өзгертілді) дейтін жігіт осылай деп хат жазыпты. Екі рет үйленіп, ажырасып кеткен азамат үшінші рет шаңырақ көтеруге қорқатынын айтқан. Ал ажырасып кете бергеніне туған анасы себепкер екенін айтыпты.


«Бір әке, бір анадан үшеуміз. Үлкен әпкем, інім бар. Ес білгелі біздің үйде тыныштық, мамыражай заман болған емес. Мамам болмашы нәрсеге ұрыс шығарып, бәрімізді «қазанға салып қуыратын». Ал папам керісінше, өте сабырлы. Жер қозғалса да оңайлықпен көтеріле қоймайтын, ауыр мінезді адам еді. Жуастығы тағы бар. Шамасы мен әкеме тартқам-ау. «Қоя бер,балам, шешеңнің қара жыны келіп қалды» деп үндемей отыра беретін. «Ит те болса мамаң ғой, мақұл деп айтқанын істей сал» деп үйретті. Сол кісінің ақылымен осы уаққа дейін мамама қарсы сөз айтқан емеспін. Ал әпкем мен інімнің мінездері басқаша, сөз көтере алмай, мамам бірдеңе десе сөз қайтарып, салғыласып кететін. Үйдегі ұрыс та көбіне солардың тыңдамай, қарсы шығуынан туындайтын.


Мектепті бітірген соң оқуға түсе алмадым. Босқа мамамның ұрысын естігенше армияға барып келейін деп, папамның рұқсатын алып, борышымды өтеуге кетіп қалдым. Бір жылдан соң ауылға келіп, екі айдан соң Алматыға «жұмыс істеймін» деп кетіп қалдым. «Бармайсың, сондай жұмыс осы жерден де табылады» деп мамам жібергісі келмей, біраз қарсыласты. Бірақ папам тағы сөзімді сөйлеп, шығарып салды.


Алматыда саудаға шықтым. Базарда ерлердің киімін сататын бір кісіге көмекші боп орналастым. Жаңа өмір басталды, айналамда өзім сияқты жастар көп. Алматыда қаламын деп шештім. Сол жерден өзімнің сүйіктімді де кездестіріп қойғанмын. Алматыда туып өскен, студент қыз еді. Болашағымды тек сонымен елестетіп, «саған үйленем, осында тұрамыз» деп уәдемді беріп қойғанда, ауылдан хабар келді. Папам жазыпты, «мамаң инсульт алып қалды, жүре алмай, төсекте жатыр, тез жет» депті.


Алып-ұшып ауылға барсам мамамның жағдайы шынында да мүшкіл екен. Күйеуге кеткен әпкем қарап отыр. Дәрігерлер «қалай болары бір Құдайға аян, бәріне дайын болыңыздар» деген екен. Оны естіген соң әпкем мені үйлендіру үшін Алматыдан шақыртыпты. «Менің өзім сүйетін қызым бар, ол Алматыда тұрады, студент, тек соған үйленем» деп жағдайымды айтып едім, мені ешкім тыңдамады. «Студент болса екеуің арттарыңды қағып Алматыға кетіп қаласыңдар. Ал бізге мамама қарайтын, осы төңіректің бір қызы керек. Ондай қызды уже тауып қойдым, үйленесің, бітті» деп өзінің қайын жұрты жағынан біреумен таныстырды.


Осылайша мен апай-топай, екі аптаның ішінде өзім әлі жақсы танымайтын бір қызға үйленіп кеттім. Сүйгенім Алматыда түкке түсінбеген күйі қалды. Қайтейін, мамам ауырып жатқасын сол кісінің қуанышы үшін солай істедім. Обалы не керек, әйелім жақсы адам боп шықты. Үйдің тірлігіне тап-тұйнақтай. Мамама да жақсы қарайды, күні-түні соның қызметінде. Бірақ сонда да мамама жақпай-ақ қойды. «Сен жоқта бұл басқаша, сен келгенде өтірік әртіс бола қалады» деп кешке үйдің берекесін алатын. Мамамның мінезі өзіме мәлім ғой, сонда да көңіліне келмесін деп әйеліме «дұрыстап істе, мамама сөз қайтарма» деп сөйлеп қоям. Бері шыға бере «жаңағы айтқаныма ренжіме, үлкен кісі ғой, ауырып жатқанда айта салдым» деп кешірім сұраймын. Екі оттың ортасында екі жыл өмір сүрдім. Төсек тартып жатса да екеуміздің арамызға түсе берді.


Дүниеге тұңғышымыз келді. Қазақтың салт-дәстүріне сай әйелімнің анасы мен туыстары бесік алып келді. Тойдан кейін мамам «көргенсіздер, түк білмейтін топастар, шығымы жоқ екен, әкелген заттарының түрін қара» деп құда-құдағиын жерден алып, жерге салды. Оған әпкем де қосыла жамандады. Осы кезде менің жуас әйелім шыдай алмады. «Енді мен бір минут та қала алмаймын» деп киім-кешегін жинап, баламды алып төркініне кетіп қалды. «Ойланып тірлік қыл, екеуміздің арамыз жақсы ғой, кетпе, егер кетсең, артыңнан бармаймын» деп айттым. Тыңдамады.


Сөйтіп, уақыт зымырап өте берді. Үш жылдай жалғызбасты болып жүрдім. «Жалғыздық тек Құдайға ғана жарасқан» демекші, жалғыздықтан әбден мезі болдым. Тағы да үйленуге бел будым. Көрші ауылдың бір қызына үйлендім. Үйленгенімді қайтейін, «баяғы жартас, сол жартас» болды. Анам екінші әйеліме де күн көрсетпеді. Ортамызға киліге бергеннен кейін бөлек шығып кеттік. Бірақ осы уақытта папам қатты ауырып, оған да қарауға тура келіп, қайтадан көшіп келдік. Көп ұзамай памам қайтыс болды. Ол кеткесін мамамның аузы бейпіл боп кетті. Баяғыдай «қойсайшы енді» деп тоқтатын әкем жоқ. Әйеліме тиісе берді. Тіпті бір күні «мынау шайың не, қызыл қылып демдемейсің бе?» деп ыстық шайды кесесімен әйеліме қарай лақтырып жіберіпті. Кеуде тұсы күйіп қалған. Содан ұрыс шығып, қызымды көтеріп, ол да біржола кетті.


Қазір бойдақпын, жасым 36-да. Інім үйленген. Мамам оның әйеліне де тісін батырып, бір-екі мәрте тиісіп еді, төркінін шақыртты. Үлкен ағасы полиция қызметкері екен. «Құдағи, тағы бір әңгіме шығатын болса, балаңды да, өзіңді де аямаймын» деп қорқытты. Ал құдағи «күйеу бала мен қызым бөлек тұрады» деп шарт қойды. Сөйтіп олар бөлек кетті.

Үйде мамам екеуміз ғана, баяғыдан әжептеуір тәуір боп қалған. Таяққа сүйеніп жүреді. Онша-мұнша тірлікті істеп қояды. Бірақ жұртқа шаша алмаған запыранын маған төгеді. Айлығым сәл кешіксе немесе мазам болмай жатып қалсам «Жолы болмағыш сүмелек, екі қатынды қоя бердің» деп аузына келгенін айтады.


Жақында Алматыдағы ескі досым үйленіп, соның тойына барып қайттым. Сол жерден бұрынғы студент ғашығымды кездестірдім. Ол кейін тұрмысқа шығып, бір балалы болғанда күйеуі қайтыс болып, төркініне қайтып келіпті. Екеуміз таң атқанша шер тарқатып, басымыздан өткен оқиғаларды айттық. «Осынша жағдайдан кейін маған тұрмысқа шығар ма едің?» деп сұрасам, кетәрі емес. Ауылға барып, мамама қарауға да дайынмын деп отыр. Мен де оған әлі ғашық екем, қуана-қуана үйленер едім. Әттең, мамам оның қадіріне жете алар ма екен?..


Тағы бір қыздың тағдыры талқандалып қала ма деп қорқам. Әпкемнің де мінезі мамамдікіне ұқсайды, тілі удай ащы. Отау құрып, бақытты өмір бастағанда, олар айрандай ұйыған отбасымның шырқын тағы да бұза ма деп қорқамын. Мамамның осы мінезіне түсіне алмай-ақ қойдым. Әлде, менің жуас мінезіме ашулана ма?! Үшінші әйелден бақыт табамын ба?! Осы ойлар санамды жегідей жейді...»