«Анам мені түсінген де жоқ, керісінше, теріс айналды»
иллюстрациялық сурет ашық дерекккөзден алынды
Өкінішке қарай, қоғамда қыз зорлау дерегі азаймай тұр. Осыдан бес жыл бұрын, мектепте жүріп өзінен үлкен сыныптағы баланың зорлығына ұшыраған Мария (өз өтініші бойынша есімі өзгертілді) талай түнді жылаумен, үрей-қорқынышпен өткізгенін айтады. Алайда оны өзінің туған ата-анасы түсінбей, араларында дау-жанжал орын алыпты.
Басынан өткен оқиғаны Мария ERNUR.KZ тілшісіне бүкпесіз баяндап берді.
«Мен ол кезде мектеп бітіріп жатқанмын. ҰБТ-ны ойдағыдай аяқтап, сыныптастар мәз-мейрам болып бітіру кешіне дайындалдық. Өмірдегі елеулі жиынның бірі осы бітіру кеші ғой, «сен не киесің, мен мынадай көйлек алдым» деп құрбыларыммен киім таңдап, мәре-сәре болғанбыз. Алдымызға мақсат қойып, болашаққа жоспар құрып, қиялға беріліп кетуші едім. Арманым көп еді. Бірақ соның бәрі бітіру кешінің түнінде быт-шыт болды.
Отырысымыз ауылдағы шағын кафеде өтті, үш сыныптың оқушылары бірге тойлап, таңға дейін думандаттық. «Күнді қарсы аламыз» деп достар қыр басына кеткен. Ата-анам артық селтеңге, бос қыдыруға қарсы, қатал адамдар еді. «Күніңді үйден-ақ көре саласың, құр сандалмай ертерек үйге қайт!» деп тапсырған. Таңғы төрттер шамасында кафеден шығып, үйге кетіп бара жатқанмын. Жаныма былтыр мектеп бітірген ауылдың жігіті көлігімен келіп тоқтады. Кішкене ішіп алған ба, музыканы айқайлатып қосып қойған екен, «Мария, отыр, жеткізіп тастаймын» деді. Сол кезде оның көлігіне бекер мінген екенмін. Алдымен «керек емес, өзім жаяу кете беремін» дегенмін. «Қорықпа, қарындасымсың ғой, көшеде иттер көп, өзім жеткізіп тастаймын» деп қиылып тұрып алды.
Сонымен мен оның көлігіне отырдым. Орнынан ышқына қозғалды да, құйындай жүйіткіп, ауыл шетіндегі сайға барып бір-ақ тоқтады. Жалындым, жыладым, есікті ұрып, терезені сындырып қашқым келді. Онымен жарты сағаттай көлік ішінде арпалыстым. Бірақ еркектің аты еркек қой, күші көп, ақыры дегеніне жетті. Алдын байқамаған екем, есін жоғалтқанша арақ ішкен сияқты. Әлде бірдеңе шегіп алған ба?..
Болары болып, дегеніне жеткен соң мені үйіме жеткізіп тастады. «Бұл туралы біреуге тіс жаратын болсаң, сені толпа болып зорлаймыз. Үндемей жүрсең мен сені, сен мені танымай кетеміз» деді. Үйге келсем әкем де, анам да ұйықтап жатқан екен. Ешқайсысына тіс жармадым. Қайта зорланудан қорықтым. Өміріме лағынет айтып, өксіп-өксіп жылап алдым. Ішім алай-дүлей болды, айтсам ба, айтпасам ба деп санам сарсаңға түсіп, қатты қиналдым. Ақырында үндемей, жасырып қалған дұрыс шығар деп ойладым. Себебі ол жігіттің әкесі ауқатты адам еді, ұлын соттатып қоймасы анық, бекерге елге күлкі болып, маған өштесіп ала ма деп қорықтым. Уақыт өте келе ұмытып кетемін деп ойладым.
Бірақ сол түнгі оқиға менің санама мықтап орнығып алған екен. Студент атанып, қалаға келген соң еркек көрсем кірпідей жиырылып қалатын болдым. Артымнан біреу аңдып келе жатқандай өз-өзімнен елегізіп, түнде жаман түс көріп, ұйқыдан жылап оянатынмын.
Бір күні менің бойымдағы үрейді группалас құрбым байқап қалыпты. «Сен депрессияға түсіп кеттің бе? Неге сонша уайымшыл, ашушаңсың?» деп мазамды ала берді. Ішімдегі сырды соған ғана ақтарып салдым. Әпкесі психолог екен, сол кісіден көмек сұрадық. Сол кісі зорлық-зомбылыққа тап болғандарға психологиялық, құқықтық көмек беретін ұйым барын айтып, бізді сонда жіберді.
Менің өмірге деген көзқарасымды өзгертіп, адам ретінде өзіме құрметпен қарауды әлгі ұйым ұғындырды. «Мұндай жағдайды бәріміз үнсіз, жабулы қазан күйінде қалдыра берсек, онда қылмыс көбейе береді, әлгі жігіт ертең тағы бір қыздың өмірін құртуы мүмкін, сондықтан батылың жетсе ата-анаңа жағдайды айт, арыз түсіріңдер, біз көмектесеміз» деп кеңес берді.
Топтық терапиядан кейін мен барлық жағдайды анама айтып бердім. Сол түнгі оқиғаны бүкпесіз баяндадым. Қызым-ау, мұндайды бізден неге жасырып келдің?» деп қолдайтын шығар деп ойлағам. Қайдағы... «Масқара, екі еліңе ие бола алмай селтеңдеп жүргесің ғой», «Бір жерің жыбырлап көлігіне өзің отырыпсың ғой», «Пәлен уақыттан кейін неге айтып отырсың, енді ешкімге тіс жарма, елге қарабет боламыз» деп өзімді тыйып тастады.
Анамның әлгі сөзінен кейін менің ол жігітке деген өшпенділігім одан сайын артты. Өз туғаным қолдамай тұрғанда басқадан не үміт, не қайыр? «Одан да жалғыз күрескенім дұрыс» деп бұл іске бел буа кірістім. Зорлау туралы телевизиялық шоуларға барып, бетпердемен басымнан өткен оқиғаны айта бастадым. Сөйтсем менің бетперде киіп отырғанымды ата-анам көріпті.
«Әй, қыз, қартайғанымызда біздің түбімізге жетейін дедің бе? Елге жария қылмай тұрып бізбен неге ақылдаспайсың?! Сендей қыздың барынан жоғы жақсы еді. Көзімізге күйік болып біттің. Енді ауылға келме, елдің өсегін көтере алмаймын» деп анам менен бас тарта салды.
Осылайша бір қайғыдан арылам деп жүріп, екінші бір қайғыны мойныма артып алдым. Адамдардан көңілім қалды, жаным жалғыз. Сырымды айтар ешкім жоқ, жігіттің үстінен арыз түсірейін десем ата-анамның жүрегі шыдамай ма деп қорқамын. Тұрмысқа шығу, балалы болу дегенге жиіркенішпен қараймын. Бойымдағы осы үрейден арылғым келеді. Қарғыс атқыр таңды қарсы алмай, ата-анамды тыңдап үйге қайтқаным үшін осыншалықты азапталамын деп ойламаппын. Менің кінәм не, айтыңыздаршы...»