​«Сүйгеніме үйленгенім үшін туғандарым жақтырмайды»: ата-анасына өкпелі жігіт отбасындағы жағдайды жайып салды

0
1 721

«Әйелімнің сыйлығын көзімше лақтырып, көрші кемпірге беріп жіберді»


​«Сүйгеніме үйленгенім үшін туғандарым жақтырмайды»: ата-анасына өкпелі жігіт отбасындағы жағдайды жайып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Өз сүйгеніме қосылғаным үшін ата-ана, бауырларыма жексұрын болдым. Қазір олар мені мүлдем іздемейді, оларға бар-жоғым бәрібір сияқты. Балаларының бақытты болып жүргенін қаламай ма, әлде олардың бар болмысы сондай ма, біле алмадым», - дейді астаналық Әсет деген жігіт.


Үйленгеніне жыл толған Әсет ERNUR.KZ тілшісіне отбасында болған жағдайды баяндап берді.


«Мектеп бітіргелі бері қаладамын. Елдің балалары оқуын бітіргесін ауылға қайтып жатты. Ал менің ол жаққа аяғым тартпады. Себебі үйдегі балалардың ортаншысы болған соң ба, әке-шешеме менің бар-жоғым бәрібір сияқты көрінетін. Тіпті кейде «осылар мені асырап алмаған ба?» деп іштей күмәнданып қалатынмын. Олай дейтінім, үйдегі ауыр тірліктің бәрі маған артылатын. Таңмен тұрып сиырды өріске айдап, қой кезегіне шығып, кешкісін мал жайғап, тезек сасып жүретінмін. Басқалары ол кезде үйде, ыстық шай ішіп, теледидар көріп, тырқ-жырқ күліп отыратын.


Мектеп бітірген жылы әскерге шақырту келді де, «іздегенге – сұраған» деп қуана-қуана кетіп қалдым. Бір жыл әскери өмірді көріп, әбден шыңдалдым. Ата-анам, бауырларымды сағынсам да әскерден қайтқасын ауылда қалғым келмеді. Баяғы тірлікке қайта жегіліп, малмен мал болуды қаламадым. Содан әскерде бірге болған жігіттермен бірігіп, Астанадан бір-ақ шықтық. Бұл жақта жұмысқа тұру оңай болды, келісім-шарт негізінде әскери бөлімшеге кірдік. Жігіттермен бірге пәтер жалдап, аш та тоқ күндерді бастан кешірдік.


Бір таңғаларлығы, осы уақыт аралығында мені әке-шешем екі-ақ рет іздепті. Біріншісі - шешем ауырып, астаналық дәрігерлерге тексерілерде, екіншісі - ағамның ұлы Астанаға оқуға түсіп, жататын жер керек болғанда. Қалған уақытта менің не істеп жүргенім, қалай күн көріп жатқаным бәрібір еді. Менің болашағым, тағдырым олар үшін түкке тұрғысыз дүниедей көрінетін. «Мүмкін олардың болмысы сондай шығар» деп ақтап алайын десем, басқа балаларына, қыздарына келгенде шыр-пыр боп жатады...


Әскери қызметте жүргенде мемлекеттік бағдарламамен баспана алғым келген. Дер кезінде құжаттарды жинап, байқаудан өтіп тұрған кезде жинаған ақшам жетіңкіремей, қатардан қалып қойдым. Сол сәттерде әкеме хабарласып, «Үйдегі жылқыларды сатып, ақшасын бере тұрасыз ба? Үйлі болуға сәл жетпей тұр» деп жағдайды айтқам. «Ай сайын ақша төлеуден қиналып қаласың, басыңды бәлеге тықпа, мал жыл сайын көбейеді» деп жолатпады. Сол жолы олардан күдерімді біржола үздім. Өз күнімді өзім көріп, өз қотырымды өзім қасу керегін мықтап түсіндім.


Осылай жүргенде қазіргі әйелімді жолықтырдым. Айзада менен бес жас үлкен. Үйдің жанындағы дүкенде сатушы болып істейтін. Күн сайын нан-пан алып жүріп, әңгімеміз жарасып кетті. Таныстықтың соңы үлкен сезімге ұласып, үйленуге бел байладық. Осы сәтте мені жылдар бойы іздемей келген туыстарым бұрқ етіп шыға келді ғой.


«Сені ол қатын дуалап алған шығар», «Есің ауысты ма, кәрі қызға үйленіп?!», «Бізді елге қарабет етпекпісің?!», «Бізден сол қыз артық болды ма?!» дегендей неше түрлі әңгімелер кетті. Бірақ мен ешқайсысын тыңдамадым. Несие алып, кәде-сыйдың бәрін Айзада екеуміз түгелдеп, туыстарымды тек дайын тойға шақырдық. Әке-шешем құдаларын аса жақтырмаса да сыр білдірмей, құдаларымен төс қағысып, ауылдарына қайтты.


Анам бастапқы кезден-ақ Айзаданы жақтырмады. Келін болып түскеннен қабағы жазыла қоймады. Обалы не керек, әйелім өте мейірімді. «Ата-апамыздың жағдайын біліп қайтайық» деп ауылға сүйрей береді. Бастапқыда олармен қарым-қатынасымның суық екенін айтпайтынмын. Бертін келе өзі де сезіп, білді. Ауылға қыдырып бара қалсақ шешем Айзада пісірген тамақты да, демдеген шайын да ішпейді. Тіпті салған сәлеміне де дұрыстап жауап бермейді.


8-наурыздың қарсаңында әйелім енесіне арнап әдемі көйлек сатып алыпты. «Отыз мыңға алдым» деп көзі жайнап келген. Мереке күні ауылға сүйреп, әлгі сыйлықты тапсырғанша асықты. Барсақ шешем көрші апамен шай ішіп отыр екен. Айзада қолындағы көйлекті енесіне ұсынып, «Апа, мерекеңізбен! Мына көйлекті сізге арнайы сатып алдық, киіп көріңізші» деп бетінен сүйіп еді, ернін сылп еткізген шешем «Маған бұндай көйлек ұнамайды, мә, Қатира, сенің де мерекең ғой, ала бер» деп көрші апаның алдына лақтырып жіберді. Әлгі көріністен соң жүрегім шаншып кетті. Туған шешемнің бізді осыншалықты шеттеткені несі? Әкелген сыйымызды жақтырмаса, көзімізше біреуге беріп жібере салғаны қалай? Әлде шынымен мен бұлардың туған ұлдары емеспін бе?..


Сол жағдайдан кейін ата-анама хабарласпай да, бармай да қойдым. Әйелім де өкпемді түсінген шығар, үндемейді. Іштен тынып жүр. Бір қысылатыным, қайынжұртым бұл жағдайдан хабарсыз. «Құдаларды соғымға шақыру керек еді» деп дайындалып жүр. «Ата-анаммен араласпай кеттім» деп айтуға аузым бармайды. Мұндайда не істеген дұрыс? Ақыл-кеңестеріңіз керек, ағайын!»