«Өзі зорлап, сосын танысына "сатты"»: алматылық әйел бала кезінде болған сұмдық оқиғаны баяндап берді

0
2 002

«Мамаңа айтсаң үйімнен қуып шығам, БОМЖ боп, мусордан тамақ теріп жейсіңдер» деп қорқытқан»


«Өзі зорлап, сосын танысына
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қоғамды дүр сілкіндірген Сарыағаштағы бес жасар бүлдіршіннің оқиғасы мені де бей-жай қалдырмады. Өткен өмірім көз алдыма келіп, түн ұйқым төрт бөлінді. Ескі жараның аузын тырнағандай, жаман күйге түстім», - дейді ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Жұлдызай есімді алматылық әйел.


Он жасында өзге емес, туған нағашысынан зорлық көріп, өмірі бүлінген оқырманымыз басынан өткен жәйтті баяндап берді.


«Шынын айту керек, қазір телефонға келген хабарламаларды ашуға қорқатын болдық. Жаманат хабар тез тарайды, «пәлен жерде өлтіріп кетіпті», «түген деген жерде қыз зорланыпты», «анау қалада өрт шығыпты», «мынау жерде алаяқтарға алданып қалыпты» дегенді оқи-оқи жүректің еті өліп кеткен сияқты. Онша-мұншаға селт етпейтін болдық, қалыпты жағдай, күнделікті жаңалық сияқты қабылдай бастадық. Осы уаққа дейін «мен соншалықты тасжүрек боп кеттім бе» деп өзімнен қорқып жүргем. Бірақ Сарыағаштағы кіп-кішкентай бүлдіршіннің өлімі мені селт еткізді. Қайдағы-жайдағы еске түсті.


Негізі педофилдер бұрын да болған. Қорғансыз балалардың зорлануы баяғыда да көп еді. Бірақ ол кезде қазіргідей интернет, телефон жоқ, ондай қылмыстар жұртқа жария болмай, елдің ішінде шешіліп кете беруші еді.


Менің балалық шағым балдай боп өтті деп айта алмаймын. Жетімдіктің азабымен қоса зорлықтың құрбаны болдым. Әкем мен анам ертеректе ажырасып кеткен екен. Әкем ажырасқаннан кейін екі жылдан соң қайтыс боп кеткен. Ол кісінің бауырларымен, туыстарымен күйеуге тигенде бір-ақ танысқам. Ал өзім нағашы ағамның қолында өстім.


Теңге ауысып, елдің бәрі ақшадан қысылған, нанның өзін кезекпен алатын кезеңге тап келген тұста анам байғұс інісі мен келінінің қолына қараудан шаршады ма, әйтеуір өзі секілді екі-үш әйелге ілесіп Алматыға пісте апарып сататын кәсіп тапты. Үйге пістені әкеп, қазан-қазан етіп қуырып, тазалап, вагонға артып, Алматыға кететін. Ол кезде әлі баламын ғой, «мама, кетпеші» деп жылаймын, сағынам. «Саған неше түрлі көйлек әкеп берем, жеңшеңді тыңдап, соның қасында жүр» деп жұбатып, тастап кететін.


Нағашы ағамның кісі сүйер қылығы жоқ, Құдайдың құтты күні ішетін. Әйтеуір жеңгемнің еті тірі, ол да үйден манты, пирожки пісіріп, вокзалға апарып сататын. Балалары кішкентай, мас болып аунап жататын нағашымызға сеніп, бізді қалдырып кетеді ғой. Ішіндегі үлкені, есі кіріп қалғаны менмін. Жасым онда, мектептен келем де үйдің шаруасын істеп, балаларға шай берем.


Бір күні үйдегі екі бала далаға ойнауға шығып кеткен. Шайдың ыдыстарын жинап, ас бөлмені сыпырып қояйын деп тырбаңдап жүргем. Нағашы ағам тәлтіректеп келді де, мені төсекке сүйреп әкетті. Тапа-тал түс, күн қатты ыстық. Айқайлап көмекке шақырсаң да ешкім естімейтін мезет қой. Есі кіресілі-шығасылы нағашым менің айқайлап жылап жатқанымды көрді де, бетімнен бар күшімен салып қалды. Есімнен танып қалғам-ау, өз-өзіме келгенде аяқтарымның дірілдеп, белімнен төмен қарай ештеңе сезбей қалғанымды білем.

«Тұр, сырттағы душқа түсіп кел. Болған жағдайды жеңшеңе, мамаңа айтатын болсаң, оңдырмаймын, естідің бе?!» деп бас бармағымен мойнын сызып өтті. Өлтіретінін бірден түсіндім. «Мамаң екеуіңді қаңғыртып жіберем, тұратын үй таппай, көшедегі БОМЖ-ға айналып, мусордан тамақ жейтін боласыңдар» деп үркітіп қойды.


Бір аптадан кейін Алматыдан мамам келді. Бұрын алдынан қуанып, күліп шығатын едім. Осы жолы жылап қарсы алдым. Ішімдегі шерді айта алмаймын, сағынғаным тағы бар, көз жасыммен көл боп ақты. «Мама, сол Алматыңызға мені де әкетіңізші» деп жалындым. «Қой, сабағыңды қайтеміз, сәл шыдасаң бәрі жақсы болады» деп мені жұбатып, бір аптадан кейін қайта кетті.


Нағашым мамам жоқта құтыратын. Мұндай жағдай алты айға созылды. Жеңшемнің көзін ала бере мені төсекке сүйрейтін. Бір күні өзі сияқты біреуді ертіп келіп, мені соған «салды». «Мен әлі кішкентаймын ғой» дегеніме қараған жоқ, еңгезердей еркектің езгісіне тастай салды. Соңыра келген адам нағашыма ақшасын беріп, бір шөлмек арағын қыстырып кетті.


Нағашымның қорлығын вокзалдағы саудасынан ерте келіп қалған жеңгем әшкере етті. «Тәте, қойшы, тәтеее» деп астында жылап жатқан жерімнен құтқарып қалды. Сол күнгі айқай-шуды айта алмайм. Қу жетіспеушіліктің кесірінен қажып жүрген жеңгем қолына түскен заттың бәрін қиратып, нағашымды үйден қуып шықты. Төркінінде еңгезердей ағалары бар екен, соларды шақыртып, күйеуін ұрғызып, түрмеге қаматып жіберді.


Жағдайды естіген мамам да есінен танып, жүрек талмасына ұшырап, өлім аузынан қалған. «Маған неге айтпадың» деп қатты қысып, құшақтай бергені есімде. Туған бауырынан ондайды күтпеген ғой, есеңгіреп қалды. Ауруханадан шыққан бойда киім-кешегімізді жинап, Алматыға көшіп кеттік.


Мамам мені емдету үшін барын салды. Ол кезде психолог деген мамандық әлі онша дамымаған. Таныстарынан сұрастырып жүріп бір психологқа апарып, гинекологтарға көрсетіп, тәнімнің жарасын емдеді, бірақ жүрек түкпіріндегі жанымның жарасы сыздап тұрады.


Есейе келе күйеуге тиюден қаштым. Оқу қудым, жұмыс деп сылтауратып жүріп отыздан асқан шағымда әйелі қайтыс болған бір кісіге тұрмысқа шықтым. Бала туа алмаймын. Сол кісінің перзенттерін бауырыма басып, бақытты болуға талпынып жүрмін.


Өз оқиғамды айтқандағы тоқетері мынау: қазір туғаныңа сенбейтін заман, ұл-қыздарыңызды ұзақ уақытқа туыстардың үйіне жалғыз қалдырмау керек. «Адамның аласы ішінде» екенін ұмытпайық. «Қызыңды өзге үйге қондырма, ұлыңды өзге үйден тойдырма» дегенді естен шығармаған жөн. Сарыағаштағы бүлдіршіннің ата-анасы мен туыстарына Алла сабыр берсін!»