​«Пәтерімізді береміз деп ажырасып тындық»: қызылордалық келіншек күйеуінің опасыздығы жайлы айтып берді

0
9 264

«Кезекшілікке барам деген күйеуім үйге әйелдерін ертіп келіпті»


​«Пәтерімізді береміз деп ажырасып тындық»: қызылордалық келіншек күйеуінің опасыздығы жайлы айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Сынған ыдысты қанша желімдесең де қалпына келмейтіні сияқты, сенімі, сезімі кеткен отбасыны қанша жерден түзетуге тырыссаң да, бұрынғыша болмайды екен. Қазір мен еркек атаулыға сенуден қалдым», - дейді Әлия есімді келіншек.


Екі баланың анасы күйеуінің қылығына әбден тойдым деп отыр. Отбасындағы жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Бауыржан екеуміз ерте үйлендік. Ол небәрі 22-де болатын, ал мен университеттің екінші курсында оқитын студент едім. Тілі майда, әңгіменің майын тамызып айтатын, керек жерінде әзілдеп, көңіліңді тасытып тастайтын қасиеті бар еді. Сонысымен баураса керек, «мен сені алып қашайын» дегенде қарсылық білдірмей, көзсіз соңынан ере бердім.


Үйлене сала еншімізді алып, бөлек шықтық. Атамыз қаладан екі бөлмелі пәтер әперіп, баласын ішкі істер саласына қызметке тұрғызып берді. Таң атпай кеткеннен түн ауа бір-ақ келеді, ал мен кішкентай қызыммен күні бойы үйдемін. Бірте-бірте мұндай отбасылық өмірден жалығып, үйде жанжал шығаратын болдым. «Қызымыз өсті ғой, оқуымды жалғастырайын» деп неше рет айттым, «оқымайсың, сен үйде бала тәрбиесімен отырасың, ақшаны мен табам» деп рұқсатын бермей қойды. Арманынан айырылып, қанаты қырқылған құстай болған мен күйеуімнің әр қадамын аңдып, телефонын тексеріп жүріп, бір қызбен жүретінін біліп қойдым. Екеуі жасырын кездеседі екен. Бірге саунаға барып, түнгі клубтарда сайран салатынын аңғардым.


Жақын араласатын құрбым бар еді, бар сырымды соған айтып ем, «сенің күйеуің полиция ғой, мың жерден сөйлессең де бой бермей, жалтарып кетеді, оны оданша оқиға орнында қолға түсіру керек, артынан аңды» деп кеңес берді. Содан мен екеуінің кездесетін жерін алдын-ала біліп алып, қызымды құрбыма тастап, кездесетін саунасына іздеп бардым.

Жап-жас, мектепті енді бітірген қыз-ау, қылмыңдап қалған екен. Екеуінің аймаласып жатқан жерінен ұстап алдым. Тап сол жерде күйеуім кешірім сұрап, аяғыма жығылар деп ойлағам. Бірақ ол міз баққан жоқ, қызды қайтарып жіберді де, сол саунада мені көк ала қойдай етіп сабап тастады.

«Мен еркекпін, қайда барам, кіммен барам шаруаң болмасын! Сен қызыма қарап, тамағыңды істеп, үйде отырасың! Неден кемсің, ақша жетпей жатыр ма, көйлегің жоқ па, керегіңді алып, аузыңды жауып отырасың үйде!» деп шашымнан сүйреп, үйге әкелді.


Өмірде сүйген адамыңнан көрген қорлықтың дәмі ащы екен. Әлі ыстық-суығымыз басыла қоймаған шақтамыз, сонда да менен ұялмайтын, ашық жүрі жасайтын еркекпен тұратын мен бе, ертеңіне киім-кешегімді жинадым да, төркініме кетіп қалдым.


«Құрысын, ондай еркектен ертерек кеткенің жақсы бопты» деп анам мен жеңгелерім маған бар қамқорлықтарын көрсетті. Тіпті оқуыма барып, ары қарай жалғастыруға рұқсат сұрап, өтініш жазып келдік. Бірақ менің маңдайыма диплом алу бұйырмаған екен, сол күйі оқи алмадым.


Күзде сабағым басталады деп жүргенде аяғымның ауыр екенін білдім. Бұл уақта Бауыржан артымнан қайта-қайта кешірім сұрап келіп жүрген. «Жаздым, жаңылдым, мені қара басты. Маған сенен, қызымнан басқа ешкім керек емес, қайтадан бірге тұрайық, үйге қайтшы» деп жалына беретін. Құрсағымда тағы бір сәбидің барын білгесін екінші мүмкіндік беремін деп шештім. «Сорлы-ау, шекеңе тимеді ме, нең бар қайта барып» деп анам байғұс осыншама шыр-пыр болды. Бірақ мен ешкімнің сөзін тыңдамай, күйеуімнің көлігіне отырып, үйге қайттым.


Күйеуім жап-жақсы жүрді. Үйге ерте қайтатын, демалыс күндері қызымызды алып қыдырып, алғаш үйленгендегідей жаймашуақ күндерді бірге өткізіп жүрдік. «Ұлым қашан келеді» деп ішіме құлағын тосып тыңдайтын. Тәубесіне келді деп имандай сендім. Сөйтсем бұл баяғы әдетіне қайта басыпты.


Бір күні үйге Бауыржанның бірге оқыған сыныптасы іздеп келіпті. Күйеуім үйде жоқ еді, көп бөгелмеді. «Әлия, туған күнімді істейін десем пәтер таппай жүрмін, сүйікті қызымды оңаша бір жерге шақырайын деп едім. Соған Бауыржаннан пәтерін бір күнге сұрап алсам деп еді» деп қалды. «Қой, айналайын, үйді бере алмаймыз, басқа жер тап» деп қайтарып жібергем. Кешкісін Бауыржан үйге келіп «Менің жан досым ғой, қалай отказ береміз оған. Бір кешке ештеңе етпес, қызымызды ал да құрбыңның үйіне барып қона тұр. Ал мен ол күні кезекшілікте болады екем, бір сұрағанда көңілін қалдырмайық» деп бетімнен сүйіп, дегеніне көндірді.


Үйімді тастап, қызым қолымда, ұлым ішімде, құрбымның үйіне бардым. Бірақ түнде дым ұйықтай алмадым.Таң атар-атпас үйге келдім. Қолымда үшке толған қызым, ішімде жеті айлық балам... Сол күні келмей-ақ қоюым керек еді деп өкінем.


Көзім не көрді десейші?! Есік жабылмаған. Үйге кірсем төрт жұп аяқ киім. Жүрегім аузыма тығылып барады. Залдың есігін ашып қалсам, менің күйеуім жерге төсек салып ап, бір қатынды құшақтап жатыр. Анау досы диванда бір әйелмен жатыр. Түнімен жынойнақ жасаған, үйдің іші темекінің көк түтініне толған, айнала тола сыра мен арақтың шөлмектері...


Сол кеткеннен ол үйге қайтып оралмадым. Қазір алты айлық балам бар, «мен саған айтқам барма деп» деген анамның сөздерін әлі күнге есітіп, өкініштен бармағымды тістеп отырмын. Еркектерге жиіркене қарайтын әдет пайда болды. «Екі баламның көрер жарығы бар шығар» деп өзімді жұбатып қоям. Бірақ Бауыржанға деген көзсіз махаббатымның кесірінен оқуымнан шығып, ар-намысымның тапталғанын ойласам, күйіп кетем».