​«Смартфонның кесірінен қайтыс болды»: қызынан айырылып қалған ана қорқынышын жеңе алмай жүр

0
2 183

«Қуаттағышта тұрған телефон көрсем жүрегім ұшады...»


​«Смартфонның кесірінен қайтыс болды»: қызынан айырылып қалған ана қорқынышын жеңе алмай жүр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Бүгінгі заманды смартфонсыз елестету мүмкін емес. Бір минут ұмыт қалдырсақ бірдеңеден айырылып қалғандай күй кешетініміз анық. Әсіресе жастар жағы смартфонды жастанып жатады, тіпті қуаттағышта тұрғанда да еш қорықпастан пайдалана береді. Ал сол қуаттағыштың кесірінен былтыр бір бойжеткеннің ажал құшқанын білесіз бе?


ERNUR.KZ редакциясына ақтаулық Аяжан есімді қыздың анасы хабарласты. Өзін Гүлмира деп таныстырған ана қызының басындағы жағдай өзгелерге де сабақ болса екен дейді.


«Қазір тоққа тығулы тұрған телефон көрсем жүрегім атқақтап соғады. Себебі сол қуаттағышта тұрған телефонды ұстаған қызым тіл тартпай қайтыс болды. Қызымның басындағы жағдай қазіргі студенттерге, оқушыларға, телефонды басына жастанып жататын жастарға сабақ болса екен деймін. Әрі іштегі шерімді шығарып, жеңілдеп алсам дұрыс еді.


Менің қызым қызғалдақтай өте нәзік еді. Аяжанымнан айырылып қаламын-ау деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Өзі балаларымның ішіндегі ерекшесі еді. Өзінде барын бауырларына бөліп беруге дайын тұратын, ешбіріміздің көңілімізге кірбің түсіргісі келмей, қас-қабағымызды бағып отыратын періште еді. Өмірге құштар еді. Одан осылай ойламаған жерден айырылып қалғаныма әлі сене алмай жүрмін.


Оқиға болған күні бәріміз жұмыста болғанбыз. Аяжан да университетті бітіріп, жеке бір компанияға енді ғана жұмысқа тұрған еді. Үйде мектепте оқитын кішкентай қызымыз бар екен. Аяжан ауыр-ауыр екі сөмке азық-түлік алып келіпті. «Арғы күні әкеміздің туған күні ғой, жақсылап дастархан жайып, тосынсый жасайық дедім» деп сіңлісіне бәрін реттестіруді тапсырған. Сосын өзі шай қайнағанша суға түсіп алмақ болыпты.


Жуынатын бөлмеге кіріп, ваннаға су толтырған. Шомылған. Бір кезде сіңлісін шақырып, арқасын ысқылатыпты. Бейшара қызым еш уақытта телефонды жуынатын бөлмеге немесе әжетханаға алып кірмейтін. Сол күні тоқ ұзартқышқа қуаттағышты қосып, жуынатын бөлмеге алып кірген ғой. Шамалыдан соң телефоны шырылдаған да, ваннада жатқан Аяжан қолын сүлгіге асығыс сүртіп, телефонды құлағына тосқан. Қас пен көздің арасында тоқ ұрып, қызымның қолы қарысып қалыпты. Шамасы тоқ Аяжанымның жүрегіне әсер еткен сияқты, кіші қызымның айтуынша телефон ұстаған қолымен жүрек тұсын ұрғылай беріпті.


Әп-сәтте не болғанын түсінбей қалған кіші қызым дереу ваннадағы суды ағызып, ес-түссіз жатқан әпкесіне жасанды дем беріп, жүрек тұсына массаж жасайды. Есін жинамаған соң маған телефон соғып, Әйгерімнің талып қалғанын айтты. «Жедел жәрдем» шақырып, үйге таксилетіп жетсем, қызым былқ-сылқ күйде ваннада жатыр екен. Денесі қарайып кетіпті. Аяна екеуміз оны бөлмеге шығарып, үйтіне киім кигізе бастаған сәтте дәрігерлер келді. Тамыр соғысын ұстап көрді де «жүріп кетіпті» деді. Мен бірдеңе жасауларын өтінген соң қызымның жүрегіне электрошок жасады. Бірақ оның ешбірі көмектескен жоқ.


Дер кезінде қызымды ылғал жерге көмуіміз керек еді, тоқты тартып алады деуші еді ғой. Дәрігерлердің келуін күтіп біраз уақыт жоғалтып алдық па деп қазір өкінемін. Жерге берген соң да әкесі екеуміз бейіт басында екі күн түнедік. Сыз тоқты тартып алып, қызымыз есін жинаса, шығарып аламыз деп далбасаладық қой. Қапияда айырылып қалған қызымды қара жерге тапсыру оңай болды деймісің? Әйтеуір бір әрекет жасап, аман алып қалғым келді. Бірақ менің оған құдіретім жетпеді. Дәрменсіз пенде екенбіз.


...Әкесінің туған күніне арнап алған кәмпиттері өзінің жаназасына қойылды. Мұндай боларын кім білген? Сүйген жігіті бар еді, «Мама, Мақсаттың ата-анасы күзге қарай үйленесің депті» деп сырын айтып, қуанып жүр еді. Өзі университетті үздік бітіріп, магистратураға түскен. Жұмыс істеп, оқуының ақысын өзі төлеп, бізге ешқашан салмақ салған емес.


Оқиға болардан бір күн бұрын айлығын алып, әлгі мектепте оқитын кіші қызымды паркке апарып, әбден қыдыртқан еді. Кешкісін маған да «Мама, жарқырап жүріңізші. Үстіңізге әдемі көйлек әперейін, папамның туған күніне киесіз. Ертең базарға барайық» деп қиылып еді. «Маған осы көйлектерім де жетеді, ақшаңды құртпай, оқуыңа төле» деп ұрысып беріп едім. Жүрегі бірдеңені сезгендей екен ғой.


Құдайдың құдіретін айтамын, қызымның телефонына түк болмаған. Тек қуаттағышы күйіп кеткен. Айналып келгенде ажалы осыдан болып тұр ғой. Тағдыр салды, біз көндік. Десе де кейінгі жастар телефонды ұқыппен пайдаланса екен. Өз басым қуаттағышқа қосулы тұрған телефонды ұстаған адамды көрсем, зәре-құтым қалмайды.


Абай болыңыздар, қауіпсіздік шараларын ұмытпаңыздар. Ажал айтып келмейді, өз өмірің смартфоннан маңызды. Сондықтан жастарға оны ұқыппен пайдаланыңдар дегім келеді».