"Телефонын алып қойыңдар!" деді: Алып-қашудың құрбаны болған қыз өз сүйгеніне қалай қосылғанын айтып берді

0
7 395

«Әкесінің батасын алып кеттім...»


илююстрациялық фото: ашық дереккөзден

Қызды еріксіз алып-қашу бүгінде саябырсыған деуге келгенмен, әлі де осы бір заңмен қаралатын үрдіске тоқтам бола қойған жоқ. Әлде де арагідік қыз баланың еріксіз, қаламаған жігітке жар боп жатқаны ел арасында естіліп қалады.


«Алып қашты екен деп қаламаған жанмен бас құрауға көніп отыра беруге болмайды. Мен өз тағдырымды өз қолыма алдым, алып-қашқан жаннан өзімді алып қаштым», - деген түркістандық Майра есімді келіншек өз оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген еді.


Майраны осыдан екі жыл бұрын бір ғана рет көрген жергілікті жігіт еріксіз алып қашқан көрінеді. Өзінің сүйіктісі бар екенін айтқанына қарамай, жаулық салса да екі жыл бойы кездесіп жүрген жігітіне тұрмысқа шыққан.


- Бұл үшін мені біраз адам жазғырар, бірақ мен қазір бақыттымын және солай жасағаныма ешқашан өкінбеймін. Өйткені, мен өз өмірімді өзім қолға алмасам, салт-дәстүр, ата жолы, «біз де солай келгенбіз» деген сияқты жаттанды сөздер менің бүткіл ғұмырымды тас-талқан ететінін сездім.

Колледж бітіріп, жұмысқа енді тұрған кезім еді. Сыныптасымның досын бір рет қана көргенмін, оған емеурін танытпақ түгілі қол берім амандасқан да емеспін. Себебі, мектеп бітіргелі кездесіп жүрген өзімнің сүйіктім бар және әлемде мен үшін одан басқа жігіт жоқ болатын.

Сыныптасым да өзіммен бірге бала күннен өскен, ағамдай болып кеткен көршім. Оның үстіне екеуміз бір қалада оқыдық та, жиі кездесіп тұратынбыз. Жігітімді де жақсы таниды, ол да таныс. Бірақ маған сатқындық жасайды деп ойламағанмын.


Әдеттегідей ол оқуынан тыс уақытта базардағы жұмысынан шығып келе жатқан беті екен. Екеуміз жолай кітап дүкеніне соғып керегімізді алдық. Жігітімнің биыл үйленетін ойы бар екенін, тұрмысқа шығуға дайындалып жүргенімді айтып ол біраз әзілдеп алды. Досым болып кеткен оның ойын ұқпаппын.

Дүкеннен шыққанда «үйіңе апарып тастаймын» деген соң келіп тұрған көлікке міндім. Ішінде жүргізушіден басқа ешкім жоқ болған соң күдік болмады. Қаланың сырт ауданында тұратынмын, бірақ көлік есігін құлыптаған күйі зуылдап баса берді. Шикілік бар екенін түсінсем де сыныптасыма және өзіме сендім. Өйткені, олардың тоқтайтын және менің жылағаныма көнетін түрлері көрінбеді.


Көлік зулаған бойы 45 минуттай жүріп бір ауылға келіп кірді. Қараңғы түсіп келе жатқан уақыт, алдымыздан абыр-сабыр әйелдер шығып жатты. Белгілі емес пе, мені шыңғыртқан күйі екі жігіт жабыла көтеріп үйге алып кірді. Бетіме су сеуіп, басу айтып орамал жапқалы жатыр. Таңға дейін алыстым. Абырой болғанда көліктен түспес бұрын телефонымды жасырып үлгердім.


«Телефонын алып қойыңдар, сөмкесі қайда?» деп пысық әйелдер қалтамды тінтіп, сөмкемді алып қойды. Таңға дейін қасымнан бір елі кетпей, қоршап алып неше түрлі сөз айтылып жатты. Қулыққа басуыма тура келді.


Көнген рай таныттым. Іштей ақ жаулықтан кешірім сұрап, басыма орамал салдырттым. Әйтпесе мені оңаша қалдыратын түрлері жоқ. Әке-шешеме «өзім келдім» деген өтірік тілхат та жазып бердім. Олар қайта барсам сыртқа теппейтініне сендім.


Менімен алыса беріп шаршаған болар, бір уақытта шымылдықта оңаша қалдырып тым-тырыс бола қалды. Сол уақытта қуаты өшкелі тұрған телефоныммен жігітіме қай жерде екенімді және тез арада келіп алып кетуін сұрап жаздайды айтып жазып жібердім. Оның келетініне және қандай да бір шешімін табатынына көзім жететін.

Расында сағат 11-лер шамасында жігітім екі ағамды, басқа да достарын ертіп 4 бірдей көлікпен келді. Барып ағама жолығып жағдайды түсіндіріпті, менің өтірік тілхат жазғанымды айтқан хабарламамды көрсетіпті. Ол кезде үйге хабаршы келіп-кеткен, олар әрі-сәрі күйде болса керек. Қуғыншы жіберуге дайындалып жатқан екен. Жігітім барған соң бірден шығып кетіпті.


4 көліктен топырлап өңкей жігіттер түскенде ауыл болып үркіп қалды. Мені алмақ болған жігіттің қора жақта жүргенін көзім шалып қалды терезеден. Ешқандай ұрыс-төбелес орын алған жоқ. Екі ағамның алдынан шыққан үлкендер «қарындасыммен сөйлесемін» дегенде жол беріп, бөлмеге кіргізді. Сол уақытта басымдағы жаулықты алдым да, бірге кірген жігіттің анасының қолына беріп кешірім сұрадым.


«Мен қалап келген жоқпын. Балаңызға, мені әкелген жігіттерге өкпелеңіз. Бірақ мені сөкпеңіз. Қызыңыздың мендей күйге түспегенін қалаймын. Қате айтпаңыз, қарғамаңыз. Мен ешқандай жамандық жасағаным жоқ. Балаңыздың бақытты болғанын және үбірлі-шүбірлі болғанын тілеймін!» дедім де, ағаларыма еріп үйден шығып кеттім.


Бір әжей табалдырыққа отыра беріп еді, ірі денелі ағам оны көтеріп алып төрге апарып отырғыза қойды. Содан кейін ешбірінің батылы бармады. Сыртқа шыққанда топ жігіттің ортасынан жігітім шығып маған қарай жүрді. Оның қолынан ұстадым да, есік алдындағы мені алғысы келген жігіттің әкесінің алдына келіп қолымды жайдым.


«Разылықпен жіберіңіз, осы жерден Сізден жоғары ешкім жоқ шығар?! Өз балаңыз бақытты болсын десеңіз, мені де разылықпен жіберіңіз!» дедім. Айнала жұрт үндемей қалды. Көргендікісі екен, батасын берді. Ал ағам хабаршы апарған қалыңмалды жігіттің әкесінің қолына санап берді.


Сол күні жігітім көліктен түсірмей мені тіке үйіне алып кетті, екі ағам қалаға кіреберісте тұрып баталарын беріп өздері шығарып салды. Міне, содан бері екі жыл болды, бақытты өмір сүріп жатырмыз. Тұңғышымыз жақында бір жасқа толады, деген Майра өзінің оқиғасы басқа қыздарға да сабақ болса екен дейді.