​«Төрт саусағымды сындырды»: шаштараз боп істейтін келіншек күйеуінен көрген қорлығын айтып берді

0
2 967

«Өз күшіммен даңғарадай үй тұрғызып бердім. Сонда да күйеуіме жақпаймын»


​«Төрт саусағымды сындырды»: шаштараз боп істейтін келіншек күйеуінен көрген қорлығын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Өмірден қанша теперіш көрсе де сыртқа білдірмейтін, көзінің жасын сығып алып, күндей жарқырап шыға келетін әйелдер болады. Мен құрдас келіншек Әлияны сондай адам дер едім. Осы уаққа дейін біз оның өмірінің нендей қиындықпен өтіп жатқанын білмеппіз. Себебі ол еқашан біреуге мұң шағып, сырын ақтарған емес. Қашан көрсең күліп, отырыстың гүлі боп жүретін», - дейді Айнұр есімді оқырманымыз.

Құрбысының басынан өткен жағдайды Айнұр ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Адамды тануың үшін онымен сапарлас болу керек» деген сөз рас екен. Әшейінде тек той-томалақта ғана, онда да ары кетсе 1-2 сағат көрісеміз, қалған уақытта қым-қуыт тіршіліктің қамытымен жан жақта жүреміз ғой. Таяуда күйеуімнің Алматыда тұратын сыныптасы сүндет той жасады. Әшейінде бала-шаға, жұмыс деп басқа қалаға қыдыра бермейміз ғой, тойды сылтауратып сыныптастар түгел барып қайтайық дедік. Сонымен жігіттер жағы екі «альфард» жалдап, бәріміз жолға шықтық. Мен мінген көлікке Сәкен мен келіншегі мінген екен. Барғанша екеуінің «концертіне» куә болдық.


Ауылдың еркектерінің әдеті ғой, жинала қалса арақ ішіп, бос әңгіме, ырду-дырду болады. Біздің сыныптастар да Алматыға жеткенше бірнеше шөлмектің басын қайырды. Арасында Сәкен де бар. Бұрын тойда оның шатақ мінезін көрмеген екем. Жол бойы әйелін ұрып, шымшып, сілесін қатырды. Әлия байғұстың түк те кінәсі жоқ.

Қалдыбек деген жігіт анайылау анекдот айтып, Әлия соған дауыс шығара күлген. «Сен неге ыржаң-ыржаң етіп отырсың» деп бастады. «Ойбай-ау, күлетін анекдот болғасын күледі де, нең бар тиісіп, қызғанатын болсаң үйіңе қамап кетпедің бе?» деп келіншектер араша түскен. «Мен бір осы жерге қызығып келе жатыр деймісіңдер. Бармаймын, құрысын дегем, енем зорлап жіберді. Баласының мінезін біледі, «бас-көз боп жүр» деп, бала-шағама өзі қарап қалды» деп Әлия ақталғандай болды.


Түн ауа жолға шыққан біздер таңғы тоғыздарда той болатын үйге жеттік. Құрдастарымыз дастарханын дайындап, палауын басып қойған екен. Түске қарай кешкі тойға дейін демалып алайық деп келіншектер жағы бір бөлмеге жайғастық. Менің жаныма Әлия жатқан. Сол жерде ол күйеуінен көрген бар қорлығын айтып берді.


«Келін боп түскен алғашқы күннен көрген қорлығым осы, - деді ол. – Сәкен ішпеген кезде тәп-тәуір күйеу. Бірақ сау жүретін кезі сирек. Не жетпейтінін білмеймін, ненің күйігінен ішетінін де білмеймін, көшеге шықса болды, аузы сасып, тәлтіректеп келеді.


Ең алғаш ұрған кезі абысынымның қызының ұзату тойы еді. «Күйеу балаға төс апар» деп абысыным жастар отырған бөлмеге кіргізіп жіберген. «О, жеңеше, тілек айтып жіберіңіз» деп жастар жағы қолқалады. Не қара басқанын білмеймін, тілектің артынын екі жасқа ән айтып бергім келді. Негізі бұрыннан ән айтам ғой, тұра қалып «Жұбайлар жырын» шырқағам. «Сен сияқты мені ешкім еркелетіп, сен сияқты мені ешкім түсінбеген...» дей бергенде күйеуім орамалдың астындағы ұзын бұрымымнан сүйреген күйі далаға алып шықты. «Сені кім еркелетіп еді, мен бе түсінбей жүрген...» деп ағайынның көзінше шешемнен боқтап, көзімнің отын шығарды. Обалы не керек, енем жақсы адам, шыр-пыр боп араша түсіп, баласының қолынан құтқарып қалды.


Ертеңіне төркініме кетем деп жиналып жатқам, атам мен енем алдыма тұрып алды. «Садағаң кетейін, бір ашуыңды берші. Баламның сондай тентек мінезі бар, жақсы көргесін қызғанады ғой. Әлі ыстық-суығы басылмаған» деп жалынып тұрып алды. Сол кезде кетіп қалуым керек еді, бірақ ол менің ата-енемнің сөзі үшін қалғанымды жуастыққа балапты. Сол күннен бері тыныштық жоқ. Арпалысып жүріп үш баланы таптық. Енді қайда барам, шешем жоқ, бауырларым сыйғыза қоймас.


Өзің білесің, ауылда кішігірім шаштаразым бар. Оны да атам мен енем Сәкенге айтып жүріп, ашып берді. «Өнерің бар, оқы, дамы, жұмыс істе, балаларыңа мен қараймын» деп енем рұқсатын бергесін Сәкен қарсы сөз айта алмады. Бірақ шаштараз ашылғалы бері аңдығаны мен болдым.


Шүкір, қазір ауылда клиентім көп. Енемнің пенсиясының арқасында маникюр, кірпік өсіру, шашты түрлі түске бояу сияқты нәрселердің бәрін меңгеріп алдым. Соның арқасында ескі үйіміздің жанынан 18х16 етіп үлкен үй тұрғыздық. Тапқанымды тиындап жинап, сол тамға құйып отырмын. Ал Сәкен анда-санда ауыл ішінде құрылыс шығып қалса, соған барып істеп келеді. Басқа шаруасы жоқ. Қыста бір-екі жылқы бордақылап, ермек қылады. Негізгі табыс көзі сол шаштараздан түсіп тұр. Бірақ соны Сәкен түсінбейді.


Бір күні кешкісін салонға бір жігіт кіріп келді. Көрші ауылдың баласы екен, «әпше, тойға асығып тұр едім, шашымды қысқартып бересіз бе» деп қиылды. Негізі күйеуімнің мінезін білем ғой, салонға еркек кірсе жанымды шығарады. Бірақ мына жігіттің жалынғаны сондай, «жарайды, отыршы» дегенді қалай айтқанымды білмеймін.

Соңғы клиентім ғой, тезірек бітіріп, қайтайын деп асығып жатқам. Шайтанның шапалағындай боп Сәкен жетіп келсін. «Шық!» деді клиентке. «Әлі шашымды алып бітпеді» деп еді, «Қазір сенің басыңды қоса жұлып алам! Шық, құры!» деп ақырды. Жас бала ғой, шошып кетті де, сыртқа атып шықты. Сол сәтте Сәкен басымды дуалға бір соқты да, шешеден сыбап, аузына келгенін құсты.

«Мынау қолың ба, еркектің шашын қысқартатын? Қазір мен бұл қолдарды енді еректің шашын ұстай алмайтындай қылам» деп екі қолымның төрт бірдей саусағын пытырлатып сындырып тастады. Өлген жерім осы шығар деп ойладым. Есімнен танып құлаппын. Есімді жисам салонда енем отыр. Гәптен қайтып келе жатыр екен, біздің төбелестің үстінен түсіп, баласынан мені арашалап алып қалыпты.


Содан дереу сынықшыға ертіп апарып, саусақтарымды салдырды. Онысы дұрыс бітпей, алты ай азабын тарттым. Қазір де күн бұлттанса қолдарым қақсап, шыдатпайды. Екі қолыммен тауып жүрген наннан алты ай айырылғанда Сәкен қадірімді түсінген шығар деп ойлағам. Бірақ көп ұзамай баяғы әдетіне қайта басты. Өзі жанынан қалдырмай ертіп жүреді, бірақ күлсем, біреумен жеке қалып сөйлессем бітті, ешкімнен ұялмайды да, қысылмайды да, сол мезетте ұрып-соғып тастай салады».


Құрдас келіншектің басқа да оқиғалары көп екен. Есітіп отырып жаным ашыды. Әп-әдемі, тірлікке пысық, өнерлі адамның қайдағы бір есерсоққа қор болған өмірі-ай...»