​«Үйді бердім, енді жеңгем қуып жатыр»: бір қызымен ажырасқан келіншек өз теңін іздейді

0
2 611

«Қызғанатын еркек керек емес»


​«Үйді бердім, енді жеңгем қуып жатыр»: бір қызымен ажырасқан келіншек өз теңін іздейді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


ERNUR.KZ редакциясының әлеуметтік желідегі парақшасына «Өзіме күйеу, қызыма әке іздеймін» деген хат келді. Ақтөбелік оқырман күйеуімен ажырасып, төркініне келген екен. Ал қазір оны жеңгесі үйінен қуып жатыр екен. «Басқа емес, өз бауырыңнан көңілің қалғанда екі қолыңды төбеңе қойып, безіп кеткің келеді екен», - дейді ол.


Өзін Ақбөпе деп таныстырған әйелдің басына күн туып тұр екен.


«Бұрын тұрмыста болғанмын. Бес жасар қызым бар. Күйеуімнен ажырасуым да өз алдына бір әңгіме. «Жақсы жігіт» деп сеніп тиген адамым табыс таппайтын, қит етсе қолын ала жүгіретін есерсоқ біреу боп шықты. Көрінгеннен қызғанады. Тіпті туған қайныммен сөйлессем де кінәлі боп, таяқ жеп жатушы едім. Бояну, той-жиынға бару былай тұрсын, еркек біткенге тіке қарауға тыйым салды. Ол тіпті өзінің ата-анасын тыңдамайтын.


Ақырында таяқ жеп, денемді көтере алмай жатқан жерімнен енем қайнымның машинасына салып, төркініме алып келді. Мамамнан кешірім сұрап, «Баламның өзін тусам да мінезін тумаппын, бізді тыңдамайды. Бүйте берсе біреудің қызын өлтіріп қойып, обалына қаламыз ба деп қорқамын. Келінім мен немерем тірі тұрғанда өздеріңізге табыстайын, бізді кешіріңіздер» деп жылап, қоштасып кетті. Одан кейін күйеуім келіп, «саған ажырасуға кім рұқсат берді» деп қырғын шығарып, ақырында ағамнан оңбай таяқ жеп, бізді мазаламайтын болды.


Әкем ертеректе қайтыс боп кеткен. Мамам үлкен ағаммен бірге қара шаңырақта тұрады. Одан кейінгі ағам мен інім де бөлек-бөлек үй салып, еншілерін алып кеткен. Үй үлкен, әкем марқұм өз қолыман тұрғызып, ішін дүние-мүлікке толтырып тастаған еді. «Тағдырыңда осындай өмір бар екен де, қайтейін, бізге сенің амандығың керек» деп мамам құшағын жайып қарсы алды.


Көп ұзамай қызымды бақшаға бердім де, өзім мамандығым бойынша жұмысқа шықтым. Қазір бір мемлекеттік мекемеде жұмыс істеймін, ел қатарлы жалақы аламын. Құдайға шүкір, осы уаққа дейін мамама да, ағама да салмағымды салмағам. Қайта тапқанымды ағамның балаларына қуантайын деп апарып берем.


Екі жыл бұрын мамам өмірден өтті. Көзі тірісінде ешкімге айтпай біз тұрып жатқан қара шаңырақты менің атыма мирас етіп хат жазып қалдырыпты. Неге олай жасағанын білмеймін. Оны білген қара шаңырақта тұратын ағам қатты ренжіп, көңіл-күйі болмай қалды. «Мені төрт баламмен қайда бары тұрады деп ойлаған» деп үйде біраз айқай-шу болды.


Шынымды айтсам, үлкен үйді өзім тартып алғандай қатты қысылдым. Негізінде қара шаңыраққа қыз емес, ұл ие болатынын білем ғой, сол себепті анамның жылдық асы өткесін нотариуске барып, үйді сыйлық ретінде ағамның атына аударуға шешім қабылдадым. Түбінде бағым ашылып кетер деп ойладым.

Осы кезде жеңгем жайнаң қағып, қуанып кетіп еді. «Ең дұрыс шешім осы болды. Ағаңның намысына тиеді ғой әйтпесе. Онсыз да ел-жұрт «Жанболат дымсыз қалыпты» деп әңгіме айтып жатыр. Құжат жүзінде ғана ғой, әйтпесе қызың екеуің осы үйде тұра беріңдер, үй кең, сыямыз» деп мені айналшықтап, іші-бауырыма кіріп кетердей болған.


Ал қалай үй ағамның атына өтті, солай өзгеріп шыға келді. Қазір ол мені адам ғұрлы көрмейді. Ағам да бұрынғыдай емес, менімен ашылып сөйлеспейді. Әйелінің сөзіне еріп, көңілі айнып жүргенін біліп, сезіп отырмын. Өзім күні бойы жұмыстамын, бұрын қызымды садиктен жеңгем ала салатын. Осы күні «өзің үлгеріп ал, сенің қызыңнан басқа да шаруаларым жетіп жатыр» дейтін болды. Өткенде ағамның туған күніне әдемі, сапалы жейде сатып әкеп, сыйлағам. Ағам да киіп көріп, шап-шақ келгеніне қуанып қалған. Бірақ жеңгем ернін сылп еткізді де, «Түсі ағаңды ашпай тұр ғой, қоя бер, біреуге сыйлай саламыз» деп шифонеріне сала салды.


Бөлек тұратын жеңгеме «Мына үйде адам көп, шаршадым, қызды не бай алмады, не Құдай алмады ғой. Тым құрыса сен бір-екі аптаға шақырып алшы» деп айтып жатқанын жұмыстан ертерек келгенде естіп қалдым. Менің келетінімді білмей қалды-ау, абдырап, әңгімені басқа жаққа бұрып жіберді.


Күнім жылаумен өтіп жатыр. Не күйеуден, не бауырдан жолым болмаған екен. Құдай аға бергенше әпке бергенде ғой, қыз болса жанымды түсінуге тырысар еді. «Жеті жеңгең жиылып, анаңның орнын баса алмас» деген рас, үйді атына аударып алғасын мінезі өзгеріп, мені қуып шығудың ретін таппай жүр.


Көп ойландым, пәтер жалдап шығып кетейін десем оған алатын айлығым жетіңкіремейді. Бірінші күйеуімнен әбден күйіп-пісіп, қорқақ, жасқаншақ боп қалғасын ба осы уаққа дейін көңілін білдірген жігіттердің бетін қайтарып тастап жүрдім. Енді жалғыз жүргенім орынсыз екен. Төркінге де анда-санда қонақ боп келмесең, тәтті ауыздың дәмі кетейін деп тұр.


Осы орайда ішпейтін, шекпейтін, қызыма, өзіме қамқор болатын азамат іздеп отырмын. Батыс өңірінен болса, басында үйі болса тіпті жақсы болар еді. Қызғаныш дегенді иттің етінен жек көрем. Маған сенетін жақсы жігіт жолықса, бақытты ету үшін барымды саламын. Қызымның мінезі жақсы, адамдарды жатырқамайды».