«Үйімді атына аударып беріп едім...»: түркістандық әйел күйеуімен соттасып жатқанын айтты

0
5 871

«Өгей балам мен келінім үйімнен қуып шықты»


«Үйімді атына аударып беріп едім...»: түркістандық әйел күйеуімен соттасып жатқанын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


ERNUR.KZ. Кейде айналамыздағы адамдарды сырт келбетіне қарап бағалап қоятынымыз бар. «Әдемі киініп алған, жадырап жүреді, менен гөрі бақыттырақ қой» деп қызығатынымыз тағы бар, несін жасырамыз. Мен де күнде көріп жүрген көршімді солай деп ойлаушы едім. Сөйтсем басында бес батпан проблемасы бар екен.


«Сен тілшісің ғой, әзірге аты-жөнімді көрсетпей менің жағдайымды жазшы. Реті келіп жатса кейін бүкіл дәлелдерді көрсетіп тұрып мәселемді жария етем» деді ол кісі. Тапқан-таянғанын адовкатқа төлеп, күйеуімен соттасып жатыр екен.


«Орта жолдан қосылған күйеуден қайыр жоқ екен, - деп бастады әңгімесін көршім. – Екі ұлым ержетіп қалса да денсаулығым үшін ағаңа тұрмысқа шығып, оны үйіме кіргізіп алғанымды өзің де білесің. Сол оңбаған мені тақырға отырғызып кетіп отыр. Тағы әйтеуір мына үш бөлмелі пәтеріме тісі батпай, далада қалмадық, оған да шүкір...


Менің қала шетінде үлкен жер үйім бар еді. Өзімін пәтерде тұрамыз. Жер үйді банкке кепілге қойып, екі жыл ай сайын уақтылы төлеп тұрдық. Кейін осыған тұрмысқа шықтым да, жағдайымыз келіңкіремей, төрт-бес ай кредитті кешіктіріп алдық. Ондай кезде қарап қалатын банк бар ма, «үйіңізді тартып аламыз» деп зіркілдеп телефон соғып қорқыта берді. Содан күйеуіме жалындым. «Осы үйді алып қалайық, сен маған кредитті төлеуге көмектесші» деп өтіндім.


Сол үшін үйде ай сайын ұрыс болатын. «Сен маған осы кредитіңді жабу үшін тигенсің» деп қит етсе ұрыс шығара беретін. Өзімнің аяғым ауыр. «Сенімен бір бүтін болам деп бас қостым ғой, неге сенбейсің?» деп жылап қалушы едім. Сөйткен күйеуім бір күні «Маған шынымен ақша үшін тимеген болсаң сол үйді атыма аударып бер» деді. Бұл кезде ұрыс-керістен әбден тойып жүрген кезім еді, «ортақ баламыз бар ғой, аударсам аудара салайын, қайда кетер дейсің» деп ойлап, ешкіммен ақылдаспай, кредитті төлеп біткен күні атына жаздырып бердім.


Кейін кіші балам келіншек әкелді де, біз пәтерге сыймайтын болған соң жер үйге көшіп кетпедік пе? «Кең жерге келдік, енді мен балам мен қызымды өз қолыма алып, қалада оқытам» деп күйеуім бұрынғы әйелінен туған балаларды әкеп алды. Мен байғұс өгейлікті сезбесін деп солардың тамағын, киімін тауып, қас-қабағына қарап әбден шапқыладым. Сөйтсем күйеуім ешкімге білдірмей, арада бір жылдай уақыт өткенде атына жазылған үйді сыйға беру тәртібімен баласының атына өткізіп қойыпты.


Арада тағы екі жыл өткенде бірінші әйелінен туған баласы үйленді. Оның да беташарын біздің үйде істеп, құдалығын күтіп, тойын өткізіп, жас келінмен бірге тұра бастадық. Бірақ келіннің мінезі нашар боп шықты. Жаңағы күйеуімнен туып алған қызымды бір күні жұмысқа кетсем ұрыпты. Үйге келсем қызым жылап, «жеңешем мені ұрды» деп көрсетті. Құйрығынан шымшыған, онысы көгеріп қалыпты. «Мұның не?» деп сөйлеп, екеуміз сөзге келіп қалдық. Сөйткен келінім «Шығыңыз мына үйден!» деп әкіреңдеді.


Аңқау басым «кетсең өзің кет, бұл біздің үйіміз» деп бет бақтырмаймын. Бір уақта әңгімеге өгей балам араласты. «Сізде ешқандай үй жоқ, тіпті әкемде де үй жоқ. Бұл үй енді менікі, сенбесеңіз құжатты қараңыз» деп алдыма бір бума қағазды лақтырып жіберді. Күйеуімде үн жоқ, «кетсең кете бер» дегендей жер шұқып отырып қалды. Қызын да аяған жоқ. Күздің қара суығында заттарымызды жинап, осы пәтерге қайта келдік. «Сотқа берем, тартып алам» деп айқайлап, қарғап-сілеп кеттім. Содан бері шапқылау, адвокат жалдап, сот пен үйдің арасын жол қылып жүрмін.


Мына жаққа қайтып келгелі екі балам мен келініме қадірсіз боп қалдым. Мені адам ғұрлы көрмейді, бірдеңе болса «сізді лох қылып кетті» деп тиісе береді. Келінім де әбден бөлек тұрып қалған, енесі боп бірдеңе айтсам, жақтырмайды. Арамыз жақсы емес.


«Мейлі, көздегенің үй болса, соны ал да, маған екі-үш бөлмелі бір пәтер әпер, қызыммен барып отырайын» деп күйеуіме жалынатын жағдайға жеттім. Қайтейін енді, өз қолыммен атына аударып беріп отырмын ғой. Сөйтсем оған көнетін күйеу жоқ, «жеткен жеріңе дейін бар» деп ерегісіп отыр. Арамызға біреу бірдеңе істеді ме, суып кетті. Қызына да бұрынғыдай еміренбей қалған. Не болғанын түсінер емеспін.


Ішім тола қайғы, ағайын-туыс ажырасып кеткенімізді біледі, арғы жағын айтуға арым жіберер емес. Қартайғанда алданып, баспанасынан айырылып қалғанымды естісе жабылып күлетінін біліп тұрмын. Қайтейін, мен бейбақ бақытты боп, сол адаммен тату-тәтті өмір сүруді ғана ойладым ғой. Менің емес, оның ниеті арам екен, сөйтсем.


«Еркекке сенбе, екі босағаңа сен» деген осы екен. Орта жасқа келгенде опық жеп отырысым мынау. Қайта-қайта ауырып, сотқа шапқылап жүріп жұмыстан да шығып қалдым. Үлкен балам қарасып, айлығынан азырақ ұстатып қояды. Енді мына үш бөлмелі пәтерімді сатып, кіші балам екеуміз бөліп алсақ па деп отырмын. Ешкімнің көзіне күйік болмай, тып-тыныш өмір сүргім келеді».


...Көршімнің күйігі осындай екен. Таяу уақытта сот отырысы өтетін көрінеді. Содан кейін бүкіл құжаттармен, күйеуінің атын атап, түсін түстеп тұрып айтып беруге уәде етті. Ал біз жазықсыз жапа шегіп, баспанасынан айырылып қалған жанға сәттілік тілейміз.