​«Видеоға түсіріп бопсалады»: атыраулық бойжеткен жезөкшелікпен айналысқан күндерін есіне алды

0
4 102

«Қай тұстан шығып қалар екен деп қорқып тұрамын»


​«Видеоға түсіріп бопсалады»: атыраулық бойжеткен жезөкшелікпен айналысқан күндерін есіне алды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деп жатады ғой. Бірақ мен сүрінгенде де оңбай сүріндім. Тура жолдан тайып, жезөкшелікке салынуға мәжбүр болдым. Мені бұл жағдайға мәжбүрлеген адам қазір түрмеде отыр», - дейді Рита (өз өтініші бойынша есімі өзгертілді) есімді атыраулық оқырманымыз.


Осыдан біраз уақыт бұрын полицейлердің құрығына түскен сутенер жігіт талай қызды зар қақсатып келген екен. Арасында Рита да бар. Ол екі жыл бойы «жеңгетай жігітке» күн сайын 30 мың теңге беруге міндеттелген екен. Рита басынан өткен оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Әкеден ерте айырылғам. Бес жасымда өмірден өтті. Үйде екі інім, шешем, төртеуміз қалдық. Мамамның бізді асырауға шамасы келмейтін. Жиі ауырып қалушы еді. Ондайда күндіз мектепке барып, кешке ауылдың тойханасында даяшы болып жұмыс істеп, тойдан қалған ас-ауқатты жеп күнелтетінбіз. Екі інім «үстімдегі киімнен мектепке баруға ұяламыз» деп жылағанда жаным шырқырап кететін. «Өскенде қайтсем де бай боламын, бай жігітке тұрмысқа шығып, сендерді жақсы үйге көшіріп аламын» деп армандайтынмын. Сол арманмен мектеп бітірген соң бірден қалаға кеттім. Үйдегілерге «оқуға түсемін» деп айтып кеткем. Бірақ олай етпедім. Тоғызыншы сыныпты бітіріп, қалаға кеткен қыз бар еді, соған бардым. Зарина бұл кезде өзінің жеке пәтері бар, жақсы табыс табатын. Мені өзімен бірге тұрғызды. «Табыс табу үшін сабақ та, білім де керек емес. Түріңді реттеп, киіміңді түзеп, жақсы жігітті жолықтыруға тырыс» деп ақыл айтты. Өзі салонда тырнақ әрлеумен айналысатын. Мені құрбыларына айтып, құлпыртып жіберді.


Бір күні үйге нан алуға көшеге шыққанмын. Жаныма «хюндай» көлігін мінген бір жігіт келіп тоқтады. Осылайша мен Ерікпен таныстым. Ерік маған өзінің жеке фирмасы, қалада бірнеше пәтері барын айтты. Жалға берумен айналысады екен. Күн сайын маған гүлін әкеп, кафеге апарып, бас айналдырар тәтті сөздерін арнап, ақыры уысына түсірді. Бір күні өзінің пәтеріне шақырып, ақыры төсекте табыстық.


Ертеңіне ұйқыдан бақыттан басым айналып оянғанмын. Бірақ сұмдық жағдайдың куәсі болдым. Ерік түнде болған барлық көріністі арнайы таспаға жазып алыпты. Бір сәтті қалт жібермеген ғой. Аузым ашылып тұрып қалыппын. Сөйтсем бұл оның тұзағы екен.

«Енді мен жақсылап тыңдап ал, бұдан былай мен не айтамын, соны істейсің. Оған көнбесең мына видеоны әлеуметтік желіге жүктеп, ауру шешеңе «қызың жезөкше боп кетті» деп көрсетемін. Оның жүректен өлгенін қаламайтын шығарсың?» деп қорқытты. Амалсыз Еріктің айтқанына көнуге тура келді.


Оның тұзағына түскен жалғыз мен емес екенмін. Ауылдан жақсы өмірді аңсап келген талай қыз жылап-еңіреп жезөкшелікпен айналысып жүрді. Күніне отыз мың теңгесін беруге тиіспіз. Пенде болған соң ауыратының бар, етеккірің келеді. Ондайға аяушылық танытпайтын. Өлейін деп тұрсаң да отыз мыңын апарып беруге тиіссің. Планды орындамаған күні соққыға жығып, шашымыздан сүйреп, итімізді шығаратын.


Бір күні қыздар жиылып, өзара жоспар құрдық. «Бәріміз біріксек мына айуанды қамата аламыз» деп уәделесіп, «четкий» планмен әрекет еттік. Ерік үш қызды саунаға апарып салған. «Екі сағаттан соң өзім келіп әкетемін» деп ескерткен. Шығар сәтте полиция шақырдық та, ұстатып жібердік. Қалған қыздар полиция бөлімшесіне барып, куә болды. Осылайша ол үш баппен, жеңгетайлықпен айналысқаны, ірі көлемдегі ақшаны қорқытып алғаны, жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін сотталып кетті.


Еріктің таныстары көп. Алда-жалда босап шықса, бізге күн бермейтін шығар. «Қайдан, қай тұстан кездесіп қалар екен» деп үрейленумен өмірім өтіп жатыр.


Қазір бұл жұмысты тоқтаттым, автобуста кондуктор болып істеймін. Қайта сол табыстың берекесі бар екен. Өзімнен артылғанын анама салып жіберемін. Екі інім сол бойы жоғары білім ала алмады. Құрылыста істеп жүр. Әйтеуір аман жүргендеріне тәубе деп отырмын.


Өзім секілді оңай олжаны армандап жүрген қыздарға айтарым, байлық, ақша оңай жолмен келмейді. Арам пиғылды, бірден төсекке сүйрей жөнелетін жандардан сақтанғайсыңдар, мұндайға жоламаңдар!»