​«Жамандық шақыратын келін атандым»: жас келін басына түскен жағдайды айтып берді

0
3 577

«Мына қатыныңмен ажырас! Осы келін келгелі басымыз бәледен арылмай-ақ қойды...»


​«Жамандық шақыратын келін атандым»: жас келін басына түскен жағдайды айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» деген сөз бар емес пе? Барған жеріңнің санасы төмен, түсінігі таяз болса, айналасында болып жатқан бар тірлікті еш кінәсі жоқ біреуге жаба салады екен. Мәселен, біздің әулетте мен ғана жамандық шақыратын, бақытсыздық әкелетін адам болып отырмын», - дейді Гүлбина есімді жас келіншек.


Гүлбинаның тұрмысқа шыққанына сегіз ай болса да осы уақыт ішінде талай нәрсені бастан кешірген көрінеді. Қайын жұртымен арада болған жағдайды Гүлбинаның өзі ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Күйеуім Саматпен бір жыл қыз-бен жігіт болып жүріп, мінезімізді біліп барып үйлендік. Әкем мен шешем мені ел қатарлы, ұзату тойымды істеп, құдалығымызды өткізіп берді. Ырғып-жырғап күйеуімнің үйіне келін болып түстім. Атам мен енем де «Тұңғыш келініміз келді» деп қатты дайындалған екен. Ертеңіне бүкіл елді жинап беташар өткізді.


Адам аяғы басылғасын жас келіннің үй тірлігіне араласатыны белгілі ғой. Абысындарыммен бірге қонақтардан қалған ыдыс-аяқты жуып, қоқыстарды сыртқа шығарып, жуындыны сыртқа төгіп жатқаным сол еді, қора жақта әлдекімдердің сөйлесіп тұрғанын байқап қалдым. Бірақ оған мән бермегем.


Түн ішінде үйдің іші у-шу болып кетті. Сөйтсек қорадағы малға деп жинап қойған бірталай шөп қызыл жалынға оранып, өртеніп кетті. Ата-енем де, қайынағаларым да ештеңе істей алмады. Өрт сөндірушілер келемін дегенше ол өрт қораға тиіп, малды әрең алып қалдық.


«Дәл той болған күні өртенгенін қарамайсың ба? Мұны кім істеуі мүмкін?» деп бәрі күбір-сыбыр етіп қалды. Сол күні қора жақта біреулердің сөйлегенін естігенімді айттым, бірақ ол адамды қалай табарсың? Бәрі жабулы күйінде қалды.


Екі аптадан кейін Самат екеуміздің оқуымыз басталды да, біз Алматыға кеттік. Қалаға келіп, енді жайғасқанымыз сол еді, «Қанатты біреу қағып кетті. Ес-түсін білмей жатыр, тез жетіңдер» деген хабар келді. Барсақ расында да ағамыз ауыр халде екен. Бір апта дегенде өзіне келді. Дәрігелер бізге «омыртқасына, миына қатты зақым келген, сал болып қалуы мүмкін» деп хабарлады. Расында да Қанат ағамыз жүруден де, сөйлеуден де қалды. Төсекке таңылған. Ата-енеміз жылап-сықтап жүріп бірталай дәрігерге апарды. Бірақ нәтиже шықпады.


Біздің ауыл үлкен трассаның бойында орналасқан. Малды өріске үлкен жолдан өтіп барып жаятын. Жаңағы екі жағдайдан енді ес жия бастаған кезде үлкен жылдамдықпен жүріп келе жатқан жүк көлігі ауылдың біраз малын қағып, қырып кетіпті. Үлкендер жағы оқиға болған жерге дереу жетіп барса, әр үйдің бір-екі қойын, ал біздің үйдің он алты саулығын көлік қағып кеткен ғой. Ақысын өтеткізіп алса да, ата-енеміздің көңілі көншімеді. «Басымыздан бұлт кетпей қойды ғой» деп атам жер бауырлап жатып қалды.


Самат үш ағайынды еді, ең үлкен ағасы төсекке таңылып жатыр. Ортаншысы аудан орталығында әжептеуір қызметте істейтін. Жұмысында біреуден ақша алған ба, әйтеуір әп-сәтте «парамен ұсталыпты» деген хабар желдей есіп, Алматыда оқып жатқан бізге жетті. Күйеуім екеуміз аң-таң болып, ауылға тағы бардық.


Бұл жолы енемнің қан қысымы көтеріліп, ауруханаға түскен екен. Дәрігерлер әупірімдеп жүріп аман алып қалыпты. Үш күннен соң өз өтінішімен ауруханадан шығып, үйге келді. Келе сала ай-шайға қарамастан Самат екеумізді жеке бөлмеге шақырып алды. «Самат, балам, сен мына қатыныңмен ажырас! Осы келін келгелі басымыз бәледен арылмай-ақ қойды. Ағаң аварияға түскенде-ақ бірдеңеден секемденіп тәуіпке барған едім. «Келген келіннің аяғы құтты емес, сендерге жұт әкеліпті» деп шығарып салған еді. Онда тәпуіптің сөзіне мән бермеп едім. Одан кейін қойымыз қырылды, енді Марат сотталайын деп жатыр. Тағы біреудің басын жалмамай тұрғанда екі жаққа айырылысыңдар» деп қойып қалды.


Өмірде біреуге қастандық істеп, жамандық ойламаған адам едім. Мүмкіндігінше кісінің жолын кеспеуге тырысатынмын. Менің ақ-адал пейілімді лайлап, себепсіз кінәлап отырған енемді жек көріп кеттім. Самат та шешесіне қарсы келген жоқ, үндемей бөлмеден шығып кетті.


Біз сол күні ауылдан көңілсіз қайттық. «Сенен ажыраспаймын, мамам ашумен айтты ғой» деп мені жұбатпақ болды. Бірақ оның әңгімесінен, маған деген көзқарасынан біртүрлі күдік-күмән көремін. Бұрынғыдай ашылып ештеңе айтпайды. Арамыз суып бара жатқан сияқты.


Уайымдағанымнан күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым. Көзім іліне қалса, дем жетпей, бастырылып таңды атырамын. Неден қорқып, кімге ренжігенімді білмеймін. Кейде ойланып отырып басқа әлемге кетіп қалғандай боламын. Есімді жисам көзімнен жас сорғалап тұрады. Сол кезде өзімнің тұншығып бара жатқанымды сеземін. Бұл жағдайлардың бәрі неден болып жатқанын түсінбеймін.


Бірақ бәле-жаланың бәрі менің өмірімде орын алып жатыр. Мәселенің түйінін кімге шештірсем болады?»