​«Жеңгеме жақындай алмай жүрмін»: әйелі мен ағасынан айырылған азамат көпшіліктен ақыл сұрап отыр

0
6 790

«Кейінгі әйелдерімнен Ғалиямның қылығын іздеп аласұрамын»


​«Жеңгеме жақындай алмай жүрмін»: әйелі мен ағасынан айырылған азамат көпшіліктен ақыл сұрап отыр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Мың жерден тыраштансаң да, тырбансаң да тағдырдың пешенеңе сызып қойған сызығымен жүреді екенсің. «Өлімнен құтылмайсың қашсаң-дағы, атаңнан арыстандай ассаң-дағы» демекші, жақсы көрген адамдарды өмір бақи жаныңа байлап жүре алмайсың», - дейді Мекенбай есімді түлкібастық азамат.


Туған ағасы мен әйелінен бір күнде айырылған Мәкең талай қиындықты бастан кешіріпті. Отбасында болған жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Әйелім Ғалиямен училищеде оқып жүргенде танысқанбыз. Ол кезде жергілікті билік студенттерді мақта, жүзім теруге апаратын. Талдырмаш денелі, көздері жайнап тұрған Ғалияға ғашық болғаным соншалықты, екеуміздің жұмысымызды мен істейтінмін. «Сен шаршап қаласың, кішкене тынығып ал» деп жүзімін өзім теріп, кешке сілем қатып отырушы едім. Ғалия менің еңбегімді бағалады ма, әлде оның да маған деген сезімі болды ма, әйтеуір сезімімді білдіргенде кетәрі болмады. Осылайша біздер үйлендік.


Жұбайыммен жиырма жыл сыйласып, сырласып өмір сүрдік. Төрт перзент сыйлап, соларға жақсы тәрбие берді. Ешқашан бетіме келген емес, шешіміме қарсы шыққан жері жоқ. Шексіз бақытты едім. Енді төрт баламызды үйлендірсек, солардың қызығына бөленіп жүрсек деп көп қиялдайтынбыз. Бірақ Құдайдың бізге деген жоспары басқаша екен. Бар бақытты бір басқа үйіп-төге салмайтынын осыдан-ақ білуге болатын шығар...


Осыдан екі жыл бұрын өзімнен үлкен ағам Мергенбай Бәйдібек ауданынан келін алып, әулетімізде үлкен той болды. Құдаларды күтіп, кәде-сыйымызды жасап, елдеріне шығарып салғанбыз. Арада апта өткенде бәйдібектік құдаларды бізді тәтті шайға шақырды. Жаңалықты ести салысымен біздің үйге алқынып ағам келген.

«Мекеш, құдалар тамаққа шақырып жатыр. Сол күнге мәшинеңді сайлап, майлап, дайындап отыр. Шымкенттен әпкемді ертіп аламыз, ауылдан достарымыз шығады, келін екеуің шығасыңдар, сонымен жеткілікті шығар» деп қайта-қайта тапсырып кеткен.

Белгіленген күні күн сайын адам тасып жүрген «Хюндайымды» дайындап, бәріміз жолға шықтық. Сол күні әйелім ерекше құлпырып тұр еді. Киімімді дайындап жатып «Мекеш, үнемі әдемі боп жүрші, дүние төңкеріліп кетсе де кір киім киме» деп бетімнен сүйіп еді. Кететінін сезген екен-ау...


Түлкібастан Шымкентке, одан Шаянға жолға шықтық. Ағамның достары өлеңін айтып, пакетке салып шыққан арағын ішіп, бәріміз арқа-жарқа боп келе жатқанбыз. Қызыл көпір деген ауылға жете берген тұста бір көлік қысып кетті де, рөлге ие бола алмай, сайға қарай домалап кете бардық. Небәрі екі секунд ішінде болған жағдай ғой, не болғанын түсіне алмай қалдым. Көліктің ішіндегілер азан-қазан, жылап жатыр, «құтқарыңдар» деп айқайлаған адам. Біздің жағдайды трассадан байқаған шопыр жігіттер дереу тоқтап, көмек көрсетуге жүгіріп келеді. Қатты шошып қалғам ба, басымды ұстап қимылсыз отырып қалыппын. Бір кезде жедел жәрдем көлігі келіп, біраз адамды ауруханаға алып кетті. Ішінде ағамның досы, әпкемнің күйеуі, менің әйелім мен Мергенбай ағам бар еді. Өкінішке қарай Ғалияшым мен ағам ауруханаға жетпей қаза болыпты. Әйелімнің қабырғасы сынып, өкпеге қадалып қалған екен. Ауа жетпей жан тәсілім етіпті. Ағамның жүрегі шыдамаған көрінеді...


Бұл жағдай мені есеңгіретіп тастады. Дүние төңкеріліп кеткендей күйде болдым. Екі бірдей жақынымнан айырылғаным жаныма аяздай батты. Бірақ басқа салған соң көнеді екенсің. Үйде сақырлаған еркек қалдық. Бұрын тек дайынды киіп, дайынды ішіп жүріп қалған адам едік, енді бәрін өзіміз ептей бстадық. Бірақ еркекке жалғыз қалған қиын екен. Алты ай өтпей жүнжіп кеттім. Соны сезді ме, екі әпкем ауылға келіп, ағайындардың, Ғалияның ата-анасының алдынан өтіп, мені үйлендіруге шешім қабылдады.

«Ғалиядай келініміздің орнын ешкім баса алмайды, десе де бес еркекке әйелдің көмегі керек. Рұқсаттарыңызды беріңіздер» деп ата-енемнің батасын алды. Сөйтіп үлкен әпкем алыс құдашасы болып келетін бір келіншекпен таныстырды. Көп ұзамай кішігірім құдайы жасап, үйге әкеп алдық.


Гүлхадиша маған да, балаларға да ұнай қоймады. Бәлкім мен оның әр сөзінен, тірлігінен Ғалиямды іздеген шығармын. Әйтеуір бір-бірімізге бауыр басып кете алмадық. Ол да келгеннен «үйдің ана жерін өзгертейік, мына нәрсені жаңалайық» деп қожайындығын байқатып кетті. Онысы кішкентай екі балама жақпады. Көздерінен жас кетпей қойды. Болмағасын Гүлхадишаға айтып, екеуміз екі бөлек кеттік.


Оны естігесін ағайын-туыстар қайта жиналды.

«Мекештің басындағы жағдай бізді де алаңдатып қойды. Пешенеңе жазылған екен, көнбеске амалың жоқ, қайтесің. Біздікі сендердің қамдарың ғой, әйтпесе бөтен әйелдің жүргені бізге ұнады дейсің бе?» деп әпкем жылап жіберді. Сол сәтте ағайынның үлкені Асан ағам сөз бастады.

«Қарақтарым, екі бірдей отбасы ойрандалды. Келін күйеуінен, Мекеш келіннен айырылып, екі үйдің балалары жетім қалып отыр. Осы жағдайда әмеңгерлік салтын ұсанғанымыз дұрыс шығар. Мекеш бойын тіктеп, өз балалары мен бауырының балаларына қамқор болсын. Жадыра келін екі үйдің балаларына ана болсын. Осыған не дейсіңдер?» деп елдің пікірін сұрады. Жеңгемнен де, менен де ешкім рұқсат сұраған жоқ. Менің басқадай амалым да жоқ еді, балаларыма бөтен емес, Жадыра апалары бас-көз болса, онда бәрі оңалып кетер» деп ойлағам. Осылайша көп ұзамай үшінші рет жеңгеме үйлендім.


Бұрын жеңгемді анда-санда көретінмін, «Мекеш, іш, же» деп барын алдыма тосып отыратын. Үйленгелі бері күні-түні біргеміз, обалы не керек, балаларымның бабын жасап, бар дәмдіні ауыздарына тосып отыр. Бірақ мен үйренісе алмай-ақ қойдым. Үйленгенімізге төрт ай өтті, кеше ғана ағам мен әйелімнің жылдық асын өткіздік. Ендігі жерде жеңгеме әйел ретінде қарап, еркектік міндетімді атқаруым керек. Бірақ соған бата алмай жүрмін. Ол да мені іштей күтіп жүрген сияқты. Үндемейді. Ал мен оған жақындаудан жиіркенемін. Ағам мен әйелімнің алдында айыпты сияқты өз-өзімнен қысылып жүрмін.


Болған жағдай менің жүрегіме әжептеуір салмақ түсірген бе, соңғы кезде жиі шаншып, қысылып қаламын. Алда-жалда бірдеңеге ұшырап, кете барсам жеңгемнің жайы не болмақ деп жиі ойланатын болыппын. Не істеуім керек, жеңгеме бәрін ашып айтайын ба, әлде дым білмеген адам сияқты жүре бергенім жөн бе?..»