​«Жездеме төзіп жүрген әпкемді аяймын»: шымкенттік бойжеткен әпкесінің басындағы жағдайды баяндап берді

0
2 185

«Әріптесі жездемді дуалап алған екен»


​«Жездеме төзіп жүрген әпкемді аяймын»: шымкенттік бойжеткен әпкесінің басындағы жағдайды баяндап берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жақсы жанұя, жарасымды жұп болу үшін тек бір адамның тырысып баққаны жеткіліксіз екен. Күйеуі не әйелі отбасылық бақытты сақтауға тырыспаса, онда құрған шаңырақта береке болмайтынын әпкем мен жездеме қарап түсіндім», - дейді алматылық Аруна есімді бойжеткен.


Арман қуып Шымкенттен Алматыға оқуға барған Аруна бір жыл әпкесінің үйінде тұрыпты. Сонда болған сұмдық жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Он бірінші сыныпты ең жақсы деген бағамен бітіріп, грантқа ілініп, Алматыдағы университеттің біріне оқуға түстім. О бастағы ниетім де Алматыда оқу болатын. Әке-шешем қыздарын қимаса да, меселімді қайтармады. Анам екеуміз келіп, жатақханадан орын алмақшы болдық. Бірақ орын толып қалып, іліге алмадық. Декан апайымыз «Бір жыл шыдасаңыздар, келесі жылы міндетті түрде орын тауып беремін» деп уәде берген соң, амал жоқ туыстарды іздестіре бастадық. Қыздармен пәтер жалдап тұруға ата-анам рұқсат етпеді.


Сонымен, не керек, мен бөле әпкемнің үйінде тұратын болдым. Ол кісілердің қала орталығында үш бөлмелі пәтері бар екен. Бір қыз, екі ұлымен тұрады екен. Обалы не керек, бөлем құшағын жая қарсы алды. «Көктен тілегенім жерден табыла кеткенін қарамайсың ба? Маған дәл сен сияқты қыз керек болып жүрген. Мен мейірбикемін ғой, үш күнде бір мәрте түнгі сменге түсемін. Сондай кезде мына екі баланы бақшадан алып, ас-суын беретін адам таппай қиналып жүргем. Күтуші жалдайын десек, оған қыруар ақша төлеу керек. Сенің келгенің дұрыс болды, тамағыңа да, басқасына да бас қатырма. Үйді тап-тұйнақтай етіп жинап, екі балаға бас-көз болсаң, болды» деді.


Кешкісін жездем жұмысынан келді. Бірақ ол кісімен әңгімеміз жараса қоймады. Менің келіп, үйінде тұратынымды жақтырмағанын әңгімесінен-ақ байқап қойдым. «Алматы деп неге осында шаба бересіңдер, ә? Шымкент те мегаполис болды ғой. Мен деген университеттер бар. Оқимын деген адам Африкада да оқиды» деп сөзбен түйреп-түйреп алды. Үндемедім. Не де болса бір жыл шыдайын дедім.


Әнебір ақынның «Жұбайлар бар, әңгімесі таусылған» деген өлеңі бар емес пе? Сол өлең дәл әпкем мен жездеме арналған ба деп қалдым. Екеуінің ерлі-зайыптылардай шүйіркелесіп, күліп-ойнап тамақ ішкенін көрмеппін. Жездем кешке келеді де, «Қалайсыңдар, бәрі дұрыс па? Балалар қалай? Тамағың дайын ба, әкелші» дейді, бітті. Басқа нәрсе сұрау, өзінің жұмысы, туған-туыс туралы әңгіме айту деген жоқ. Әпкем де соған үйреніп қалған ба, ләм-мим демейді. Сұрағанына жауап береді, тамағын береді, болды.


Бірде шыдай алмай бөлемнен екеуінің қарым-қатынасы жайлы сұрадым. «Әпке, сіздерге қарасам отбасылық өмір дым қызық емес сияқты. Араларыңыз суып кеткен бе, әлде о бастан осындай ма едіңіздер?» деп қалдым. Осы кезге дейін ішіне сақтап жүрген сырын лақ еткізіп ақтарып салды.


«Біз де қыз бен жігіт болып жүріп, бір-бірімізді ұнатып, сүйіп қосылғанбыз. Екі балалы болғанша тәп-тәуір өмір сүрдік. Жездең жиі қыдыртып, еркелетіп, мерекелерде сыйлық беріп тұратын. Үлкен ұлым дүниеге келгенде өзім де қатты ауырдым. Бүйрегімде тас бар еді, балам алты айға толғанда операция жасатуға тура келді. Қызым мен баламды енем ауылға әкетіп, өзі қарады. Осы кезде еркек құтырады екен ғой, мен жоқта жұмысындағы бір келіншекпен шатысыпты.

Ота жасатып, үйге келсем, аяқ астынан «Ажырасайық, сені көргім келмейді» деп шықты ғой. Есеңгіреп қалдым. Дереу болған жағдайды енеме айтып ем, бармаған тәуібі жоқ, барынша тырысып бақты. Бәрі бір ауыздан «балаңызға дуа жасалған» депті. Тараз жақта дуаны қайтаратын мықты кісі бар екен. Соған барып сыртынан дем салдырып, түрлі заттарды беріп жүріп, жездеңнің бетін бері қараттық. Дуа қатты өтпеген екен. Бір күні аузы-мұрнынан тоқтамай қан ағып, өліп қала жаздады. Содан кейін маған кішкене жылы қарап, балаларын сұрайды. Бірақ бұрынғыдай емес. Арамыз суып қалғандай», - деді ол.


Әпкем мен жездем сырт көзге бақытты отбасы болып көрінгенімен, үйде береке жоқ. Соңғы кездері жездем әпкеме қол көтеріп, боқтық сөздер айтатын болып жүр. Менің жүргенімді ауырсынатынын да сеземін. Пәтер жалдап, бөлек шығып кетейін десем, әпкем «мені тастап кетпе, балалармен қиналып қаламын»" деп бөлек шығуыма рұқсат бермей отыр. Ұрыстарын құлағым шалып қалғанда, қатты шошимын. Екеуі ит пен мысық сияқты, бір-біріне айтпайтын сөзі жоқ.


Бір күні сабақтан кеш келгенімде жездем «қайда жүрсің қаңғып?» деп айғайлап берді. Ұрып жібере ме деп қорқып, бөлмеме кіріп, жылап алдым. Жездемнің мінезі ішіп келгенде тіпті шатақ. Үйді төңкеріп жібере жаздайды. Әпкеме «неге ажырасып кетпейсіз?» десем, әпкем «Бәрі әлгі дуаның әсері ғой. Уақыт өте келе басылатын шығар. Үш баламен қайда барамын, кімге сыямын?» дейді.


Жездеме қарап, ер адамдардан көңілім қалып барады. Әпкеме де құрметім қалмады. Бір жағынан әпкемді жалғыз тастап кете алмаймын. Кетпейін десем, күнде ұрыс-керістен көзім ашылмайды. Осы ортада өсіп келе жатқан үш балапанды аяймын.


Өзімді әпкемнің орнына қойып көрдім. Мен мұндай қорлыққа шыдай алмайтын шығармын. Қанша жерден сүйсең де, адам өзін сыйлата білуі керек. Өз қадіріңді білмесең, кісі қадіріңді қайдан түсінсін?»