«Екеуі ел-жұрттың сөзіне бола бір үйде тұрып жатыр»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Бойжеткен қыздардың көпшілігі жақсы жігітті жолықтырып, жақсы әулетке келін болып, сүйгенімен тату-тәтті ғұмыр кешуді армандаса керек. Мен де солай армандаған қыздардың бірімін. Тіпті өз сүйгенімді кездестіріп, екеуміз болашаққа жоспар құрып та үлгергенбіз. Алайда соңғы кездері арамыз суып кетті. Сирек хабарласады, көп сөйлеспейді. Сылтауы бітпейді», - дейді Қасиет есімді шымкенттік оқырман.
Студент қыз сүйіктісінің алшақтап, өзінен қашқақтап жүруіне өз анасын кінәлап отыр. Отбасындағы оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.
«Кез келген отбасында өзіне тән проблема болады. Біреуінде жетіспеушілік, енді бірінде денсаулық мәселесі бар. Тағы біреудің күйеуі жүргіш, әйелі бақытсыз. Ал біздің отбасымызда бәрі керісінше, әкем мен анам бір-біріне бөтен адамдарша өмір сүріп жүр. Әкемнің сыртта басқа әйелі бар-жоғын білмеймін, бірақ анамның көңілдесі барын нақты білемін. Өз көзіммен көрдім.
Тұрмыс жағдайымыз Құдайға шүкір, жақсы. Зәулім үй, екеуінің астында қымбат көлік, қызметте. Қосымша бизнестеріміз де бар. Анам інім екеумізді ғана туған да, қызмет қуып кеткен. Әкем де солай. Келесі жылы зейнетке шығады.
Екеуінің бақытсыз екенін білемін. Себебі бөлек бөлмеде өмір сүреді. Дастархан басында тек қонақ келгенде ғана бірге отырады. Басқа күндері екеуі де үйден кешкі ас ішпейді. Үйде отыра қалса әкем өзінің ноутбугына, анам телефонына телміріп, уақыт өткізеді. Інім екеуміз бұл жағдайға үйреніп қалғанбыз.
Үйде анда-санда екеуі келіспей қалғанда ұрыс боп тұратыны қалыпты жағдайға айналып кеткен. Алайда былтыр күзде қатты айқай болды. Әкемнің жұмысына бір әйел іздеп барып, «Әйеліңіз менің күйеуіммен жүреді. Сіз мұны білмейтін шығарсыз, оларды тоқтатыңыз» деп бар білгенін жайып салыпты. Сол күні кешке әкем келіп анама әбден ұрысты. Екеуі бөлмелерінде бір сағаттай жанжалдасты. Бірақ ұялып, жылап, кешірім сұраған анам жоқ. «Сен жүргенде мен жүре алмаймын ба, көзге шөп салғанның қандай болатынын көр!» деп міз бақпай отырып алды.
Содан бері алты айдан астам уақыт өтті ғой. Әкеме бәрібір, анам да айылын жиған жоқ. Жұмысына бар жақсысын жапсырып кетеді, кешке кеш келеді. «Мама, бүйтіп бақытсыз боп өмір сүргенше ажырасып кете салмайсыздар ма?» деп әңгімеге тартып көрдім. «Сен не білесің, араласпа!» деп тоқтатып тастады. Іштей қиналатын сияқты, бірақ ел-жұрттың сөзі үшін арадағы әлдеқашан сөніп қалған некені сақтау үшін шыдап жүр. Менің алаңдайтыным, келешекте мен тұрмысқа шықсам, бұлар құда-құдағиларымен қалай араласады? Олардың мына жүрістерін менің болашақ ата-енем білсе, мен туралы қандай ойда болады?
Былтыр көктемде бір жігітпен танысып, екеуміз қазір кездесеміз. Наурызға дейін ара-қатынасымыз керемет болды. «Ораза біткен соң сен туралы үйдегілерге айтам. Ата-аналарымызды таныстырайық» деп, биыл маған үйленетінін айтқан. Алайда көп ұзамай айнып кетті.
Мен сабақтан шыққан соң екеуміз кафеге, кешкі асқа барғанбыз. Тап сол жерен анамды кездестіріп қалдым. Жанында өзінен біраз жасқа кіші кісі бар. Екеуі құшақтасып, ішімдік ішіп отыр екен. Танымаған адамдай теріс қарап отыра бергем. Анам мені көріп қалды. Есі дұрыс адам сол жерде «қызым көріп қалды» деп ұялып, кетіп қалуы керек қой. Ал ол қисалаңдап орнынан тұрып, біздің үстелімізге келді.
«Қасиет, жігітіңмен таныстырсайшы. Біле жүрейік. Мен Қасиеттің анасымын» деп сықылықтап күліп, жігітіме қолын ұсынды. Біздің үстелімізде шамалы отырып, жігітімді әңгімеге тартты. Аузынан ішімдіктің иісі бұрқырап, бөтен еркекпен ыржыңдасып отырғанын жігітім байқамады дейсіз бе? «Ескі танысым ғой, жаңа кездестіріп қалдым» деп өзінше ақталған анама сенбегенін бірден түсіндім. Бізді үйге дейін әкеп тастап, қайтып кетті.
Содан бері сирек хабарласатын болды. «Ата-анаңмен сөйлестің бе, не деді?» деп ақырын сұрап көріп едім, «айтам ғой, не асығыс» деп қысқа қайырды. Бұрын телефонға тыным болмайтын. Бір күн көрмесе сағынғанын айтып, бес минутқа болса да үйге келіп, бір көріп кететін. Қазір «жұмысым көбейіп кетті, ренжіме» дегендей, неше түрлі сылтауларды айта бастады.
Анама «Мені позор қылдыңыз. Сол еркекпен танымаған адамдай отыра бермедіңіз бе, ішіп алып ұялмай қасымызға келдіңіз» деп жылап, жағдайды айтып едім. «Ол жігіт сені сүймейді, сүйген адам ештеңеге қарамас еді. Ертерек бетпердесін шешкеніне қуан. Ал біздің қандай адам екенімізде ешкімнің шаруасы болмасын. Өз ортамда сыйлымын, шүкір» деп бәрін жігітіме жаба салды.
Осы дұрыс па енді? Байлық, жақсы киім, жанға қажетті нәрсенің бәрі бар. Бірақ үйде жылулық жоқ. Әкем өз өмірін, анамөз өмірін сүріп жатыр. Ал бізді кім ойлайды? Оларды ертең ата-анам деп күйеуіме қалай көрсетем. Мейлі, тойда бірдеңе етіп ерлі-зайыптылардың рөлін ойнар. Ал кейін ше? Біз қыдырып келгенде екеуі екі жаққа қарап отырса, анам жігітімен көшеде ашық-шашық қыдырып жүрсе, онда қайттім?..»