​АБЫСЫНның татулығы ЕНЕге де байланысты екен

0
4 046

«Етіңді көбірек сал, етіңді көбірек сал, менен бір қателік кеткен екен», - деп аға-жеңгесін қонаққа шақырып, кешірім сұраған деседі. Демек, туысыңмен тату болудың бірден-бір кілті -абысындар арасындағы сыйластық екен...


​АБЫСЫНның татулығы ЕНЕге де байланысты екен

Енемді мақтасам жағымпаздыққа жатқыза қоймассыздар. Өйткені, мен де кезінде ене деген атауды естісем, денем түршігетіндей халде болатынмын.

Бірақ, менің ойымды өзгерткен енемнің көрегенділігі, парасаттылығы еді. Енемнен аулақ жүруге тырыстым бастапқы кезде. Сол кезде ол кісі менің жан-дүниемді, көзқарасым мен ойымды айтқызбай-ақ оқып қойған сияқты еді.


interesnoe.me

Енем мені тәрбиеледі

Мені жанына жақын тартып, тым қатал да емес, тым жұмсақ та емес, бір өзіне тартып тұратын қасиетімен мені нағыз келін етіп тәрбиелей білді. Мен енеме етене жақын болдым. Негізі мен үлкен келінмін. Менен кейін екі жылдан кейін қайным үйленді. Сол кезде ол келіннің мінезі де бар, бетіңе тура айта салатын, көңілге қарап, именбейтін қасиеті бар еді. Соның барлығын да орнына қойып, екеуміздің тәрбиемізбен айналысқан «енемнің көрегенділіі қандай еді?!» деп тамсанбасқа да шара жоқ. Өйткені, абысындар тату болса, ағайынның арасы ажырамайтындығын жақсы білді ғой. Соның арқасында, енем ұлдарына емес, келіндеріне татулықты нығайтуды үгіттеу арқылы қос ұлы мен одан туған немерелерінің де бауырмашыл, тату болатындықтарын дөп басқан секілді.

Абысын тату болса ағайынның арасына жік түспейді

Ертеде бір-бірімен тетелес өскен екі ағайынды жігіт әйел, бала-шағасымен бір шаңырақтың астында өмір сүреді. Екеуі де, әйелдері де әй-шәй деспей, тату-тәтті ғұмыр кешеді. Енші алып бөлек кету, тіпті, ойларында да болмайды. Балалары да туған бауырдай бір-бірімен араласып-құраласып кетеді.Олардың мұндай татулығына сүйсінген ауыл адамдары бір күні екеуінен мұның сырын сұрағанда, ағасы «інімнің мықтылығы шығар» десе, інісі:

«Ағамның кеңпейілдігінің арқасы ғой. Ата-анамыздың тәрбиесі осындай болатын», - деп жауап береді. Мұны естіген әйелдері (яғни абысындар): «Бұл жерде біздің де бірталай үлесіміз бар-ау, бұлар соны ескермеді ғой. Онда бір қызық жасайық», - деп өзара жоспар құрады. Арада біраз уақыт өткенде, ет жеп отырған інісіне әйелі:

kz.redtram.com

- Осы қайын ағам біздің балаларымызға үнемі артқы сирақты береді. Көрдің бе, өз балаларына адамдардың алды болсын деп алдыңғы сирақты беріп отыр», -деп сыбыр ете қалады.

Мұны естіген күйеуінің көңіліне күдік ұялап, ойланып қалады. Осындай ұсақ-түйек дүниелер жинала келе, інісінің көңілінде ағасына деген ыза, кек пайда болады.Кез келген нәрсеге бола ілінісіп, үнемі керісіп жүреді. Ақыры араларына сызат түсіп, інісі басқа жаққа қоныс аударуға бекінеді. Ашуы тарқамаған күйі «үйді жығып қой» деп әйеліне тапсырма береді де, өзі ауылдастарынан үй көшіретін ат іздеп кетеді.

Алайда, ешкімнен жарамды ат таба алмай, кешке үйіне келсе, әйелі үйді жықпай отыр екен. «Жықпағаның дұрыс болыпты, ешкім ат бермей жатыр» дейді салы суға кетіп.

Әйелі: «олай болса, бір қойды сой, кешкі астың қамын жасайық» дейді де, малдың сирақтарын алып, «мынаның алдыңғы сирағы қайсы, артқы сирағы қайсы, айырып берші», - дейді.

Күйеуі ары қарап, бері қарап, ажырата алмаған соң ағасынан барып сұрайды.Ағасы да ажырата алмайды. Сонда әйелі:

«алдыңғы сирақ пен артқы сирақты ешкім де ажырата алмайды. Біз сіздердің сыйластықтарыңыздың қай жерге дейін жететінін сынамақ болып, осындай айлаға барған едік», - деп назданады.Сонда өзінің қателігін бірден түсінген інісі ыңғайсызданып:

«Етіңді көбірек сал, етіңді көбірек сал, менен бір қателік кеткен екен», - деп аға-жеңгесін қонаққа шақырып, кешірім сұраған деседі.Демек, туысыңмен тату болудың бірден-бір кілті -абысындар арасындағы сыйластық екен...

Осы әңгімедегідей, енем де біздің, яғни, келіндерінің татулығын, ауызбірлігін алғашқы орынға қою арқылы бүкіл әулеттің ынтымағы мен берекесін сақтап қалды дей аламын.

АР АЙША,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

ӨГЕЙлігін танытқан адамды ӨМІР де ӨГЕЙсітеді

РЕНІШіңді айта алмау ҚИЫН екен