Өмір бағытыңыздың дұрыс-бұрыстығын, не істеу керектігін осы 10 сұрақ анықтап береді.
фото: lcfreeway.com
Кішкентай кезіңізде тәрбиеші, үйде ата-анаңыз, мектепте мұғалім, колледж бен университетте оқытушы сұрақтар қойды. Сіз жауап бердіңіз. Бүгінде өзіңіз мұғалім болсаңыз өзгенің балаларына, ата-ана болсаңыз өз ұл-қыздарыңызға түрлі сұрақ қоясыз. Иә, сіз біреуге, басқалар сізге көп сұрақ қойған болар, ал, осы күнге дейін өзіңізге-өзіңіз сұрақ қойып көрдіңіз бе?
Ұстаздар мерекесі күнінде (ЮНЕСКО бойынша 5-қазан, ал, Қазақстанда әр жылдың қазан айының бірінші жексенбісі) өзіңізді мұғалімдей сезініп, мынандай 10 сұрақ қойыңызшы. Әрине, өзіңізге! Бүгін мұғалім де, оқушы да – өзіңіз.
1. Мен кіммін?
Перзент. Ұл. Қыз. Ана. Әке. Әже. Ата. Ене. Сіңлі. Әпке. Аға, Іні. Қарындас. Жеңге. Келін. Қайын сіңлі. Қайын әпке. Күйеу бала. Сүйікті жар. Дос. Әйел. Еркек...
Егер, ана болсаңыз, онда «мен қандай анамын?» деген сұраққа жауап беріңіз. Ана деген атқа лайықтысыз ба? Балаларыңызбен қарым-қатынасыңыз қандай? Олардыкі ше?
Келін болсаңыз, өзіңізге «мен қандай келінмін?» деп сұрақ қойыңыз.
Ал, барлық перзент өзіне «Мен қандай перзентпін?», «Ата-анама лайықты құрмет көрсетіп жүрмін бе?», «Ата-анам менен не күтеді, қандай перзент болғанымды қалайды?» деп сұраңыз. Атыңызға затыңыз сай ма?
2. Менің міндетім не? Оны дұрыс орындап жүрмін бе?
Барлық нәрсе әйтеуір бір себеппен жаратылған. Сол сияқты сіздің де өмірге келуіңіз бекерге емес. Әлемге, адамдарға қандай пайдаңыз тиіп жатыр? Жан-жақты ойланып жауап беріңіз. Адамзат ретінде міндетіңіз не?
Жер бетінен адамның құрып кетпеуі үшін ұрпақ көбейтуіңіздің өзі қосқан үлесіңіз боп саналады. Бірақ та сол ұрпаққа қандай тәрбие беріп жатырсыз? Осы міндетіңізді қай дәрежеде орындаудасыз?
Перзенттік міндетіңізді, келіндік, ата-аналық, міндетіңізді дұрыс орындап жүрсіз бе?..
А. Эйнштейн, Г. Галилео сияқты жаңалық ашып пайдаңыз тимесе де, табиғатқа, айналаңыздағы адамдарға, ата-анаңызға зияныңызды тигізбеуді ойлаңыз.
3. Мен үшін өмір құндылықтары қайсы?
Өміріңіздегі ең маңызды нәрсе не? Кем дегенде 5 құндылықты жазыңыз. Мысалы өміріңіздегі құндылықтың бірі – отбасы болса, бала-шаға мен жан жарыңыз осы құндылық ішіне кіреді.
Жазған осы 5 құндылық не үшін қымбат деп ойлайсыз? Қаншалықты бағалап жүрсіз?
4. Қазіргі өміріме көңілім тола ма?
Фото: newsroom.northumbria.ac.uk
Не үшін көңіліңіз толады? Немесе неге көңіліңіз тоқ емес? Қандай өмірді қалайсыз? Қалауыңыздағы өмірді сүруіңізге не кедергі? Ол үшін әрекет етіп жатырсыз ба? Істеп жатқан жұмысыңыз ұнай ма? Тұрып жатқан үйіңізде өзіңізді жайлы сезінесіз бе? Көп жігіттің ішінен (қыздың) өмірлік серігіңізді не үшін таңдадыңыз?
Егер, өміріңізде бір-ақ нәрсені өзгерту керек болса, нені өзгертер едіңіз?
5. Мен мақтанатын нәрселер?
Жетістіктерім деп нені айта аласыз? Ең басты жетістігіңіз қайсы? Немен мақтанасыз? Мақтауға лайықтымын деп ойлайсыз ба? Не үшін? Соңғы рет қашан кімді мақтадыңыз, ал сіз кімнен мақтау естідіңіз?
6. Ұнамды, ұнамсыз мінезімді білем бе?
Өзіңізді жақсы көресіз бе? Не үшін? Өзіңізді қалай құрметтеп жүрсіз? Басқалардың сізге деген құрметі қандай? Қандай болуы керек деп ойлайсыз?
Ал, ең жақсы қасиеттеріңіз қайсы? Олардың қандай пайдасы тиді? Өзгеден ерекшелендіретін қабілет-қарымыңызды білесіз бе?
Жағымсыз мінез-құлқыңыз бар ма? Олар қайсы? Жаман әдеттеріңізден неге құтыла алмай жүрсіз? Құтылуды ойладыңыз ба?
7. Ең басты қателігім?
Қателеспейтін адам жоқ шығар, сірә?! Пендеміз ғой, періште Көкте ғана! Үлкенді-кішілі көп қателігіңіздің ішінде қайсысына әлі өкініп жүрсіз? Сол қателігіңіз кейін тағы да алдыңыздан шықты ма?
Қандай мүмкіндікті уысыңыздан шығарып алдыңыз? Осы күнге дейін өмірден алған басты сабақ қайсы?
8. Басты арманым, мақсатым не?
Фото: perm.joyfun.ru
Бала кезде нені армандаған едіңіз? Ол жүзеге асты ма? Неге арманыңыз орындалмады? Қазіргі басты арманыңыздың орындалуы үшін нендей әрекет жасап жатырсыз?
Ұзақ жылдардан бері қолыңыз жетпей келе жатқан арманыңыз? Осы уақытқа дейін қай нәрсені шетке ысырып келе жатырсыз? Неге?
2018 жылдың басында қандай мақсат қойып едіңіз? Оған жеттіңіз бе? Мақсатыңызға жақындатар қандай қадам жасап жатырсыз?
9. Мен бақыттымын ба?
Бақытты болуға ұмтылдыңыз ба? Бақытыңыз үшін күрестіңіз бе? Жалпы, сіз үшін бақыт деген не?
Өміріңіздегі қай нәрсеге ризасыз? Шын қуанған сәттеріңіз? Сізді не нәрсе бақытты етеді? Шын бақытты болуыңыз үшін сізге не қажет?
Өмірге не үшін алғыс айтар едіңіз? 10 себепті тауып жазыңыз.
10. Мен нені қалаймын?
Тәтті тамақ, сәнді көйлек, қымбат көлік, баспана... – бұлар тән үшін. Ал, жаныңыз нені қалайды? Бос уақытыңызда немен айналысып жүрсіз? Немен айналысқыңыз келеді? Қай жерде немесе кімнің қасында өзіңізді жайлы, еркін сезінесіз?
Сұрақтарға «иә» немесе «жоқ» деп емес, барынша толық жауап беріңіз.
Бір ағамыз «жаңа фирма туралы пікір сол фирмаға соғылған бірінші телефон қоңырауына берілген жауаптан қалыптасады» дейді. Өмір бағытыңыздың дұрыс-бұрыстығын осы 10 сұрақ анықтап береді. Шынайы әрі толық жауап бере отырып, өзіңізді өзіңіз түзеп, өз жоғыңызды өзіңіз іздеп таба аласыз деп ойлаймын.
Жазира СМАҒҰЛОВА,
Тағы да оқыңыз:
Дұрыс шешім қабылдаудың ең тиімді формуласы