​Ата-аналардың ең көп жасайтын қателігі

0
3 648

Біреудің қателігінен сабақ алыңыз!


​Ата-аналардың ең көп жасайтын қателігі

фотолар: ашық дереккөздерден алынды

Ата-аналардың ең көп жіберетін қателігі – кәмелет жастан асқан баланың қалауымен санаспау, жеке өміріне байланысты мәселелерде өз бетінше шешім қабылдауына мүмкіндік бермеу.

Тіпті болмашы нәрселерде баланың қалауына қарсы шығып жататын әке-шеше көп. Мысалы, шаш қырқуына, киім стилін өзгертуіне үрке қарайтын ата-ана бар. Одан ешнәрсе бүлініп қалмайды ғой, қидырған шаш қайта өседі, біраз уақыт өткен соң киімін де өзгертеді...

Есте ұстаңыз, осындай ұсақ-түйектерден баланың өзіндік ой-пікірі, көзқарасы, талғамы қалыптасады. Ал тұлға боп қалыптасу үшін бұлар өте қажет. Сонымен бірге өзі шешім қабылдап үйренуі керек. Жастайынан шешім қабылдап үйренген бала өмірінің маңызды сәттерінде өз жүрегін тыңдайтын болады. Өз бақытының пазлдарын өзі құрауға талпынады. Бастысы, ол бұрыс шешімі үшін ата-ананы кінәламайды.

Олай болса, бала «Қайтсем екен?» деп сұрағанда, «Саған қайсы таңдау дұрыс сияқты?», «Сенің ойың қандай?», «Бұл сенің өмірің, сондықтан қалай дұрыс болатынын сенен артық ешкім білмейді» т.б. деп ойлануына, саралап таразылауына мүмкіндік беріңіз.

Әрине, қате шешім қабылдап жатса, соңынан өз ойыңызды, ұсынысыңызды айтып түзерсіз, дұрысын нұсқарсыз. Бірақ ойландырмай, өз шешіміңізді айтуға, өз арман-мақсаттарыңызды тықпалауға асықпаңыз. Соңғы шешімді ересек адамның өзіне қалдыруға тырысыңыз. Өйткені оның таңдауы, қалауы, көзқарасы, ойы, тағдыр жолы сіздікінен басқа. Және сіз қалағандай өмір сүруге міндетті емес.


Осы орайда мысал келтірсек, түсініктірек болар.

МЫСАЛ: Мектепті аяқтап, студенттік өмірге қадам басқан бір қыз қалаға келген соң шашын қидырғысы келді. Өйткені айналасындағы өзі қатарлы қалалық бойжеткеннің ешқайсысы бұл сияқты бұрым етіп өрмеген. Оның үстіне ұзын шашқа күтім керек. Көп ойланып, бұл шешімі туралы анасына айтты.

Анасы: «Қаншама жыл баптап өсірген шашыңды қиып не көрінді? Құрбыларың қырқып таста деп жатқан шығар, өздерінде жоқ болған соң көре алмай жатыр олар», - десе, әкесі: «Шашыңды қысқартқан соң көйлегіңнің етегін де қысқартам деп шығарсың бір күні. Рұқсат бермеймін» деп ашуланды. Ал әжесі: «Шашты қию – бағыңды қию ғой», - деп жылап қалды.

* * *

Бір қызды 5-сыныптан бастап анасы би үйірмесіне қатыстырған. Студент болғаннан кейін де би курсына ата-анасы ақша бөліп отыратынын айтты. Бірақ бойжеткен биді ұнатпайтынын, жанына спорт жақындау екенін түсінді. Сондықтан да ол студент атанған соң стол теннисін үйреніп, сонымен айналысқысы келді.

Анасы: «Қыз балаға биден артығы жоқ», - деп бірден қарсы болды. Әкесі: «Келте юбка киетін ойын ба? Жұрт көрсе не дейді?», - деп бұрқылдады. Әдететгідей әжесі де ұлы мен келінінің сөзін қостап: «6 жыл бойы үйренген билерің не болады? Қатысқан конкурстарың, киімдерің қаншама?! Бәрін тастап кетпекпісің? Қалайша? Мен тенниске емес, биге ғана зейнетақымнан ақша беріп отырам», - деді.

* * *

Бір қыз кішкентайынан тіл үйренуге икемді болды. Ағылшын тілінде еркін сөйлейтін оның арманы биік еді. Жұмысын саяхатпен байланыстыру үшін аудармашы мамандығына түсуді ойлады. Ол үлкен қаладағы ең беделді университетте оқығысы келді.

Алайда анасы: «Анау пәленшенің қызы да сол қалаға оқуға кеткен еді, екіқабат боп келді ғой. Өзіміздің қалада оқисың», - деп шаңқ етті. Шешесінің сөзін іле-шала әкесі де: «Жас қыздарды шетелге сатып жатыр екен. Жоғалып кетсең қайтеміз?», - деп қорқынышты оқиғаларды айта жөнелді.

Сыныптас құрбысы да: «Жаным-ау, ол университетке алтын белгіге бітіргендер және кішкентайынан лицейде оқығандар ғана түсе алады. Небір профессорлар дәріс оқитын ол оқу ордасында саған қиын болады. Одан да осы қаладағы кез келген бір институтқа ағылшын тілі мұғалімдігіне құжат тапсыра сал. Бастысы, диплом алсаң болды емес пе?..», - деп ақылын айтты. Ал әжесі жүрегінің тұсын ұстап: «Алыста не бар? Көз алдымызда жүрсейші», - деді.

* * *

Бір қыз қанша адаспаймын десе де екінші курста жүкті боп қалды. Ол анасы сияқты ерте тұрмысқа шығуды қаламайтын. Отыз жасқа дейін ел-жер көріп, өз өмірін сүріп, армандарына қол жеткізіп, содан соң ғана балалы болам деп ойлаушы еді.

Аборт жасатпақшы болды. Бұл жағдайдан хабардар болған әжесі: «Сенің жасыңда мен үш баланың анасы болғанмын. Туып ал, өсіп қалады. Алдырма, күнә болады. Өкініп қаласың бекерге», - деп райынан қайтаруға тырысты. Әрине, дәрігер де алғашқы жүктілікте жасанды түсік жасату бедеулікке алып баруы мүмкіндігін түсіндіріп, «Жүктіліктен сақтайтын зат көп қой, соншалықты қымбат тұрмайды. Ойлану керек еді» деп ұрысты.

Мәселесін әркімге айтып басы қатты. Құрбысы «Қырнайды. Бүкіл тәнің ауырады» деп қорқытса, анасы «Әкең естісе екеумізді де өлтіреді. Ағайын-туысқан естісе не болады? Ұят-ай! Жігіттің ата-анасының телефон нөмірін бер. Сөйлесемін. Келіспей көрсінші, сотқа берем» деп, қызының өз өмірінің маңызды сәтінде шешім қабылдауына қарсылық білдірді.

* * *

Бір қыз амалсыздан тұрмысқа шыққаннан болар, отбасынан бақыт таба алмады. Күйеуі оның жүкті боп тигенін бетіне баса беретін. Қыз ажырасуды ойлады.

Бірақ анасы «Неге онда тұрмысқа шықтың? Не үшін бала тудың? Айтып қояйын, балаң екеуіңді мен асырай алмаймын. Ұрмайды, ішпейді, одан артық саған қандай күйеу керек?! Асырап отыр, тамағың тоқ, айтқанына көн. Ажырассаң бақытты боп қалам деп ойлайсың ба? Ажырасам деген сөзіңді айтпа маған» деп тыңдағысы келмеді.

«Жетісерсің. Ажырасқан мен бақыт тапты дейсің бе?» деп, әріптесі өз өмірін баяндады. «Ешқандай да ажырасушы болма» деді құрбысы.

* * *

Бірде бір қызметкер әйел жұмысын ауыстырғысы келді. Әрине ол үшін бас қаладағы оқу курстарынан өту керек. Үш ай ары-бері шапқылап жүріп оқып, біліктілігін арттыруы тиіс. Есесіне жақсы компанияға ауысады. Жалақысы екі есе көп болады. Қызметі де, лауазымы да өседі. Иә, оның арманы сол еді ғой. Оның үстіне қуаты да тасып тұрған әйел.

Күйеуі «Балаларға кім қарайды? Мен балаға қарап үйде отыра алмаймын» деді. Әпкесі әйел үшін қызмет емес, отбасы маңызды екенін ұқтыруға тырысып, сағаттап пәлсапа оқыды. Анасы балаға қараудан шаршайтынын айтып, «Балаларыңнан карьера артық боп тұр ма? Өзіміз бар өмірімізді балаларға арнап едік...» деп күрсінді.

Жақын құрбысы да уақытша балаларға қарап беруден бас тартып, «Күйеуіңнің тапқанын қанағат етіп үйде отырмайсың ба? Жалпы, отбасын асырау – еркектің міндеті. Көп жалақы туралы сен ойламай-ақ қойшы. Бақыт ақшада емес. Басқа қалаға оқуға кеткеніңде күйеуің басқамен жүріп кетсе не істемексің?» деп, бұрынғы жұмысында қалуға көндірді.

* * *

Бір әйел 55 жасқа толған туған күнінде үлкен етіп дастархан жайды. Ең жақын адамдарын шақырды. Қарт әке-шешесі, әпкесі, құрбылары, сырлас әріптестері келді.

Бірінен соң бірі оның қандай жақсы қыз, инабатты келін, жарасымды жар, аяулы ана, адал дос екенін айтып жатты. Соңғы сөзді алған жан құрбысы «Сенің өміріңе қызығам. Бақыттысың ғой. Сенде арман жоқ шығар сірә» дей бергенде, туған күн иесі айқайлап жылады. Бәрі тына қалды. Бірі «Шарап көп ішіп қойған-ау» десе, тағы бірі «Бұндайы жоқ еді ғой» десті.

Иә, ол ешқашан ешкімге көз жасын көрсетпеген. Бірақ жылдар бойы ішіне жиналған өкпе-назы, өкініші тасып, сыртқа шықты. «Мен бақытты емеспін. Армандарым орындалмады. Мен өз өмірімді сүре алмадым. Қарапайым қалауымды істей алмағаныма ашуым кеп отыр. Мысалы, мынау аттың басындай қып түйіп қойған шашымды бұдан қанша жыл бұрын қырыққым келген, әлі осы ұзын шашпен жүрмін. Теннисті үйренгім келген, сол күйі арман боп қалды. Астанада тұрғым келді. Елшілікте аудармашы боп жұмыс істеу де арман боп қалды ғой. Ерте тұрмысқа шығып, армандарым тұншықты. Жұмысыма әрең барам, ұнамайды. Ауыстырам деп, әлі сол бір жерде жүрмін...» деп жылаған оның сөзін бәрі соңына дейін тыңдады. Сосын бәрі жан-жақтан «Кім саған кедергі болды? Өмір сенікі, өзгерт, өзгер. Ешкім сенің армандарыңды орындап бермейді ғой. Адам өзі ұмтылуы керек» деп жатты...


Міне, осы мысалдағыдай ертең бәрі «Кімге өкпелейсің? Өзің кінәлі. Өзіңнің таңдаған өмірің бұл» дейді сізге де. Сол кезде өкінбес үшін, ешкімге ренжімес үшін бүгінгі шешімді өзіңіз қабылдаңыз. Өзгелерге ұнайтын емес, өз қалауыңыздағы өмірді сүріңіз. Өйткені адам өмірге екі рет келмейді.

Дайындаған: Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ

Кедейлікке ТІКЕЛЕЙ АПАРАТЫН 3 әдет

Өзіңізге деген СЕНІМДІ арттыратын 6 фраза