Сот отырысында Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов сотталушылар келіп-кетіп жүргенде баласын үйге қайтарып жібергенін жеткізді.
фото: Sputnik
ERNUR.KZ. Сотта Шерзаттың досы марқұмның оқиға орнына не себепті қайтып келгенін айтты, деп жазады sputnik.kz.
Сот отырысында Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов сотталушылар келіп-кетіп жүргенде баласын үйге қайтарып жібергенін жеткізді.
Ал одан кейін жауап берген досы Мирас Сейсенбай марқұмның оқиға орнына не себепті қайтып келгенін айтты.
"Сол күні біз Ахметті (Шерзаттың тағы бір досы - Sputnik) Қытайға оқуға шығарып саламыз деп, бас қосуға келістік. Артынан Шерзат Ахметке звондады. Ахмет маған ештеңе айтқан жоқ. Жәй, әшейін, Шерзаттың дүкеніне барып, көмектесу керек деді. Сосын былай шыққанда Шерзаттың біреулермен ерегесіп қалғанын айтты. Біз дүкенге барғанда Шерзаттың өзі болмады", - деді Сейсенбай.
Оның айтуынша, дәл сол кезде Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев пен әкесі Қаржаубай Нұрымов сотталушылармен қол алысып, бір келісімге келгендей болған.
"Шерзатпен ерегесіп қалған екі аға кешірім бергеннен кейін Нұрғанат аға бізге "Шерзатқа звондаңдар, қол алысып, кешірім сұрап кетсін" деді. Біз звондағаннан кейін бір көлік келді", - деп атап көрсетті Сейсенбай.
Артынан Mercedes келген. Одан шыққан жігіттер бірден Мирас пен Ахметке жұдырық ала жүгірген.
"Мен олардың қолынан пышақты көрдім. Шамамен төрт адамда пышақ болды, кәдімгідей, ашылып-жабылатын бәкіге ұқсаттым. Сол кезде біреу қашыңдар деп айқайлады. Біз қашып кеттік. Шерзатқа звондағанда телефон көтермеді. Біз уайымдап, қайтып бардық. Апасы дүкеннің алдында отырды. Ол кісімен сөйлесе алмадық, бізге жауап беретіндей жағдайы болған жоқ. Біз оны дүкенге кіргізіп, су беріп, жедел жәрдем шақырдық", - дейді Сейсенбай.