Балаңыз «ҰСҚЫНСЫЗ БАЛАПАНның» күйін кешіп жүрген жоқ па?

0
6 953

Құрметті ата-ана, ұл-қызыңыздың өмірі "ұсқынсыз" болғанын қалайсыз ба? Әрине жоқ! Олай болса, бұл жазбаны оқып шығыңыз.


Балаңыз «ҰСҚЫНСЫЗ БАЛАПАНның» күйін кешіп жүрген жоқ па?

Барлық баласын бірдей жақсы көретін, алаламай тең санайтын ата-ана кемде-кем шығар?! Міндетті түрде көп баласының біреуін ерекше жақсы көреді немесе біреуін елемейді. Көбінесе осылай!


Бұған дос-құрбыларыңыздан естіп жүрген, естіген «мамам маған қарағанда сіңлімді қатты жақсы көреді», «үйге қонбай қалсам да мені іздеп уайымдамайды, ал басқа ұлдары сабақтан немесе жұмыстан кешіге қалса, олар үйге келгенше анам ұйықтамайды», «әкем менен осындай лауазымды қызметкер шығатынына сенбейтін еді», «әр үйде бір жексұрын болады ғой...», «адам болмайсың деп жиі айтатын» деген сөздері дәлел.


Бұндай сөздер ата-ананың балаларды алалауынан туады. Ал, сіздің ата-анаңыз ше, барлық ұл-қызына мейір-махаббатын бөлуде әділ ме?



НЕГЕ ОТБАСЫНДА БІР ПЕРЗЕНТ СҮЙКІМСІЗ?

Неге бір перзент отбасына да, жұртқа да сүйкімсіз боп өседі. Психологтар бұған ананың жүктілік кезіндегі көңіл күйі, психикалық жағдайы және көбіне сырт көздің пікірі мен айналадағы адамдардың қарым-қатынасы себеп болатындығын айтады. Басқалардың қарым-қатынасы ата-ананың перзентімен қарым-қатынасына әсер етпей қоймайды екен. Мамандар бұны «Ұсқынсыз үйрек балапаны» ертегісіне ұқсатады.

МЫСАЛ: Бала кезіңізде оқыған Ганс Христиан Андерсонның «Ұсқынсыз үйрек балапаны» (Гадкий утёнок) ертегісін есіңізге түсіріңізші.


Ертегіде: Үйректің балапандары бірінен соң бірі жұмыртқаны жарып шығады да біреуі ғана ұзақ күттіреді. Бұл айналасындағы басқа үйректердің назарын аударады. Кәрі үйректердің бірі келіп жұмыртқаны көреді де «Бұл күрке тауықтың жұмыртқасына ұқсайды. Пәленшенің де ұясына осындай бөтен жұмыртқаны тастап кетіпті. Өзгенің баласын неғыласың? Ол тегіне тартпай қоймайды. Одан да өз балапандарыңа көңіл бөл, жүзуді үйрет» деп ақылын айтады.

Жұрттың кертартпа сөзін елегісі келмесе де, жұмыртқадан шыққан соңғы балапанының ірілігіне таңырқай қараған ана үйрек «Кәрі үйректің айтқаны рас-ау, басқаларға ұқсамайды» дейді мұңайып.

Балапандарына суда жүзуді, сүңгуді үйретуге көлге барғанда да өзге үйректерден «Балапандарың сүйкімді екен, тек біреуі ғана ұсқынсыз», «Ірі әрі ебедейсіз бір түрлі екен», «Дауысы да жағымсыз ғой» дегенді естіген ана үйрек қамығып қалады.

Кешке олар ауладағы қораға келеді. Көп балапаннан ерекшеленіп тұрған балапанды басқа құстар әу дегеннен-ақ жақтырмайды. Бір қораз байғұс ұсқынсыз балапанды олай өтсе де, былай өтсе де шоқып маза бермейді. Оның денесінің ірілігіне бәрі күле қарап, мазақ етеді.

Өзгелерден қағажу, тепкі көрген балапанын анасы қорғап қанатының астына алып, «Сен неліктен мұндай болдың екен, қалайша басқаларға ұқсамайсың?» дейді. Анасының бұл сөзі кішкентай балапанға «сен неге ұсқынсыз болдың?» деп түйіледі.

Бір күні құстар жиналып, «Ұсқынсыз балапанға бұл жерде орын жоқ» деп оны отбасымен қоса қумақ болады. Құстардың шуласып, төбелесіп жатқанын көрген үй иесі сыпыртқысын ала жүгіреді. Жан-жаққа қашқан құстардың ішінде абдырап ортада тұрып қалған балапанды қуа жөнеледі.

Қашып алысқа ұзап кеткен балапан кешке анасын іздеп келе жатқанда өзенде жүзіп жүрген бауырларын көреді. Қуанып жақындай бергенде анасының «Інілерің жоқ қой, мүмкін оның бізден кеткені жақсы болған да шығар?! Бәріңді сол үшін басқалар жаман көріп, шеттетіп жатқан жоқ па?!» дегенін естиді. Бауырлары «иә-иә» деп жатты.

Қорадағы басқа құстардың көрсеткен қорлығына шыдағанымен, анасы мен бауырларының сөздеріне шыдай алмады. Байғұс балапан өзін ешкімге керексіз сезінді. Ауладан жүгіре шықты да, жасын тыя алмай басы ауған жаққа қарай кете берді...


Ал, өмірде: Жаңа туған нәрестені біреу нағашы жұртына, енді біреу енесіне, тағы біреу әкесіне ұқсатып жататыны белгілі. «Қайын сіңліңнен айнымай қалыпты ғой» дейтіндер де табылады.

  • Егер, ана мен ене арасында егес, қайынсіңлімен керіс орын алған болса, жас ананың нәрестесіне деген көзқарасы өзгеруі мүмкін.
  • Егер, ажырасқан болса және баласының кей қылықтарын көрген өзгелер «Ұқсамасаң тумағыр, осы мінезі әкесіне тартпай-ақ қойса қайтеді» дейтін болса, ананың перзентіне сүйіспеншілік сезімі кеми бастауы мүмкін.
  • Егер, әйел екіқабат кезінде күйеуінің опасыздығына куә болса, сол сәттен бастап ол құрсағындағы шарананы да жек көре бастауы мүмкін.
  • Мұғалімнің «басқа балаларыңыздың оқу үлгерімі жақсы еді, ал мынау ұлыңыз басқашалау. Кімге тартқан?» деген сөзі де ата-ананың көңіліне кірбің салып, баласына ренжи бастайды.
  • Көршілер мен туған-туысқандардың «Мынау балаң бұзықтау. Әйтеуір сабыр берсін саған, өскенде көресіні көрсететін сияқты...» деген болжамдары ананың перзентіне сенімін өзгертуі мүмкін.
  • Бала бір қателікті екінші рет қайталағанда ата-ананың да, бауырларының да одан көңілі қалып, бірте-бірте теріс айналуы мүмкін.

Әрине, қай ана өзегін жарып шыққан баласын жаман көреді дейсіз?! Алайда «Адамды сөз бұзады» демекші, айналадағылардың сөздері перзентке деген ренішті, күдікті тудырып, ол сезім уақыт өткен сайын біртіндеп «өсе бастайды». Бұны ана өзі байқамауы да мүмкін, бірақ перзент сезеді. Бала тіпті ана құрсағында жатқанда-ақ өзінің қалаулы немесе жоспарсыз екенін біледі. Ол туылмай жатып өзіне «Мені жақсы көрмейді, мен керексізбін» деген бағдарламаны санасына орнатып алады. Осындай бағдарламамен туылған баланың өмір жолы қандай болады деп ойлайсыз?



"ҰСҚЫНСЫЗ БАЛАПАН" БОП ӨСКЕН БАЛАНЫҢ ӨМІРІ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?


  • «Ұсқынсыз балапан» секілді өмірі басталған перзент пен ата-ана арасында үнемі түсінбеушілік, келіспеушілік орын алады.
  • Ол әке-шешесін, бауырларын жаман көреді.
  • Тез ренжиді.
  • Өзіне сенімсіз боп өседі.
  • Өмір бойы әке-шешесінің махаббатына ие болуды ойлап, өз қалауын ұмытады.
  • Отбасы құрғанда өз перзенттеріне қатал, суық болады.
  • Күйеуімен (әйелімен) ортақ тіл табысуы қиындық тудырады.
  • Қаржылық қиындыққа тап болады.
  • Өзіне, өміріне көңіл толмайды.
  • Өзінің қабілет-қарымына сенбейді.
  • Өзін өзгелерден төмен санайды.
  • Тұйық, өз пікірін айта алмайтын, жасқаншақ, қолындағысын басқаларға оңай беріп қоятын, көнбіс боп өседі.
  • Өзгенің кінәсін өз мойнына ала салады.
  • Жазықсыз жазаға тап болады.
  • Білімді болуы мүмкін, бірақ үнемі ең төмен жалақы мен төменгі лауазымға ие болады.
  • Невроз, психологиялық ауруларға шалдығады.
  • Ажырасса екінші рет неке құра алмайды.
  • Қызметте еленбейді.
  • Табиғат ерекше сұлулық бергенімен, сұлулығын ешкім байқамайды.
  • Отбасында жары мен балаларына, ал өмірде достарына «құрбан» боп жүреді.
  • Жаңа таныстықтан қашады.
  • Көпшілік ортаны ұнатпайды.
  • Ол жұрттан ғана емес, өзінен-өзі қашып, тығылатын жер іздеп жүреді.
  • Тағдыр жолында көп қиындыққа кезігеді.
  • Жолында кедергі кездескен сайын өзін өмірдегі ең қор, жолы болмайтын адамға балайды.

Психологтардың тәжірибесі осылай дейді. Тізе берсек, осындай жағымсыз болжамдар жалғаса береді. Ең сорақысы, мұндай баладан туған перзенттер де «ұсқынсыз балапанның» күйін кешеді екен.



НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с.) 2 жасар баласы бар әйел «балаға тәрбиені қай жастан бастап беруім керек?» деп сұрағаны туралы хадисті білетін боларсыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «сіз екі жылға кешіктіңіз» деген екен.

Ал, психологтар адамның 5 жасқа дейін алған тәрбиесі бүкіл өмірінің 90 пайызын құрайды дейді.

Хадис пен мамандардың ғылыми зерттеуі балаға деген ата-ананың мейірімі, сезімі, махаббаты тәрбиеден де маңызды екенін білдіреді. Өйткені, сіз құрсақта жатқан балаңызға және 5 жасқа дейін оған қандай тәрбие бермексіз? Әрине, оған тек мейірім-махаббат сезімін ғана бере аласыз. Демек, баланың тұлғалық қалыптасуына, физикалық та, психологиялық та дұрыс дамуы үшін ата-ана махаббатынан артық құнды ешнәрсе жоқ.

Сізге ата-анаңыз қажетті мейірім-махаббатты жеткілікті түрде бере алмаған шығар, ал сіз бұл орайда өз перзенттеріңізге сараң болмаңыз. Ата-анасы сүймеген баланың өзін-өзі және өмірді, сондай-ақ өз балаларын сүюі өте қиын.



«ҰСҚЫНСЫЗ БАЛАПАНДЫ» СҰЛУ АҚҚУҒА АЙНАЛДЫРУҒА БОЛА МА?

Ертегіде: «Ұсқынсыз балапан» бір жылда сұлу аққуға айналды. Қалай?

1) Ол өзіне не керек екенін түсінді, қалауын орындады

...Бір кемпірдің үйін паналап жатқанда, «шіркін, суда жүзсем ғой» дегенде, тауық «Қайдағыны айтпашы, одан да жұмыртқа тап. Сені үйіне кіргізгені үшін кемпірге бір пайдаң тисін» десе, мысық «пырылдап, үй егесінің көңілін тап» деді. Жолында кездескеннің бәрі осылай өз қалауын орындатқысы келді. Бірақ, балапан суда жүзгеннен жаны рахат табатынын түсініп, кемпірдің үйінен көлге кетіп қалады. Оның өзгерісі, ортасы осы көлден табылды.

2) Қорқынышын жеңді

...Көктемде көлден әдемі құстарды көрді. Барғысы келді, бірақ өзі туралы өзгелердің айтқан «ұсқынсыз» деген сөздері есіне түсіп мұңайды. «Бұл құстар да мені шоқып, шеттететін шығар» деп қорықты. Соңында «өлсем әдемі құстардың қолынан өлейін» деген шешімге келген ол аққулардың қасына барады.

3) Батыл қадам жасады

...Жаңа таныстықтан, жаңа ортадан үнемі қашып кететін балапан қамыс арасында тығылып жата беруді, жұрттан қаша беруді доғарып батыл қадам жасап, көлдегі әдемі құстарға қосылды.

4) Өзін сол қалпында қабылдайтын ортаны тапты

...Көлдегі аққулар бұған басқалар сияқты шоши, үрке қарамады. Керісінше, қасына келіп, тұмсықтарымен аймалай бастады. Оны басқалар сол күйінде қабылдағанда – ол да өзін қабылдады.

5) Өзінің кім екенін ұқты

...Барлығы сүйсіне, қызыға қарауда. Бұған дейін мұндай қарым-қатынасты көрмеген ол бетін қанаттарымен жауып отырып кенет судағы бейнесін көрді. Бұл да сұлу әппақ аққулардан айнымай қалыпты. Өзіне қайта-қайта қарап, қатты қуанған ол үйрек емес, аққу екенін ұқты.

6) Өзінің әдемі екеніне сенді

...Жағада жүрген балалардың бірі: «Аққуларға тағы бір әдемі аққу қосылыпты!» - деп айқайлады. «Бұл аққу бәрінен де әдемі екен» - деп басқа балалар шулады. Балалардың сөзінен кейін судағы бейнесіне сүйсінген ол «Расында да, мен ешқандай ұсқынсыз емес екенмін ғой» деп, қанаттарын қағып, еңсесін тіктеді.

7) Өткенді ұмытты

...Өзінің сұлулығына сүйсінген аққу осы уақытқа дейін көрген қорлықтарын ұмытып кетті. Ол үшін айналаның бәрі әдеміленіп кеткендей көрінді...


Шындығында, балапанның бойы өскені болмаса, ол өзгермеген еді. Ол әу баста-ақ әдемі аққу балапаны еді, тек айналасындағы құстардың «басқаша», «ұсқынсыз» деген сөздері санасына сіңіп, өзін ұсқынсыз санады. Оның санасына сіңіп қалған осы көзқарасын аққулардың жақсы қарым-қатынасы, балалардың «әдемі аққу» деген сөздері өзгертті. Иә, ол өзінің өзіне деген көзқарасын өзгерте білді.


Өмірде: Өмірде де ертегідегідей адам бірінші өз қалауын, сүйікті ісін, өз ортасын табуы керек. Ары қарай «ұсқынсыз балапан» өткен кезеңдерге қадам жасауы қажет.

Дегенмен, өмірде ертегіден басқашалау болатынын ұмытпаған жөн. Шынайы өмірде өткен жағдайларға көзқарас өзгеруі мүмкін, бірақ өткен ұмытылмайды.

Өткенге көзқарасты өзгерту үшін ренжіткен адамдар мен көңіліне қаяу салған жағдайларды кешіре білу керек. Ал, кешіруді, өзін сол қалпында қабылдауды, өзін-өзі сүюді үйренуге бір жыл емес, ұзақ уақыт пен көп ізденіс қажет. Сонымен қатар, жақын адамдардың қолдауы, мейірімі және алға ұмтылуға талпындандыратын мотивация қажет.

Психологтар тәжірибесі бұндай маңызды нәрселер мен қолдайтындарды тауып, өзін-өзі және өмірдегі өз орнын таба білгендердің аз екенін көрсетеді. Ал, таба алмағандар "ұсқынсыз өмірді" сүреді екен.


Ал, оқырман, сіз ұл-қызыңыздың өмірі "ұсқынсыз" болғанын қалайсыз ба? Әрине жоқ! Олай болса, перзентіңізбен арадағы "ұсқынсыз" қарым-қатынасыңызды өзгертіңіз.

(суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

«ERNUR.KZ»


Тағы да оқыңыз:

Өзгеріске жәрдемдесетін ұтымды 3 тәсіл

Оның сезімі шынайы ма?