Мәссаған, биылғы жылдың үшінші айы да бірер аптадан соң аяқталады. Ал, сіз «2019 жылдан бастаймын...тастаймын...» деген жоспарларыңызға әлі кірісіп кете алмай жүрсіз. Бәріне кінәлі – ерік-жігер күшінің жетпеуі ме? Сізге мынандай жаттығулар көмектеседі.
Зымыраған уақыт-ай десеңізші! 2019 жылдың басталғаны кеше ғана сияқты еді, 70 күнді артқа тастап үлгеріпсіз-ау?! Жыл басталарда жоспарыңыз көп еді және оны орындау оңай секілді түйілген болатын. Бірақ, 2 ай уақыт өтсе де зиянды әдеттеріңізді тастай алмай, жақсы дағдыларды бастай алмай жүрсіз. Сіз ғана емес...
МЫСАЛЫ:
Дәулет 42 жастағы отағасы, 4 баланың әкесі. Спиртті ішімдікке әуестігінен жұмысынан, ағайын-туыс, дос-жараннан да айырылды. Әйелі де бірнеше рет кетіп қалып, қайта қосылған. Оның әрең шыдап жүргенін сезеді. Отбасындағы ұрыс-керіс те арақтың кесірінен орын алатынын, барлық бақытсыздыққа да сол ащы судың кінәлі екенін жақсы біледі. Жаңа жылдан бастап қоямын деп әйеліне уәде берген, бірақ әлі қоя алмады...
Асқар 39 жаста. Шетелде білім алған азамат, білімді, тәжірибесі мол. Бірақ, оның қазіргі табысы 70 мың теңге ғана. Айналасындағы таныстары мен құрбы-достары оған қаншама рет «Өз кәсібіңді аш, білімің жетеді ғой» деген. Өз жұмысын бастау үшін бизнес-тренингтерге де қатысып, қаншама кітапты оқып шыққан. Бизнес жоспарлары да бар. Бірақ, не жұмысынан шығып кете алмай, не өз кәсібін бастай алмай жүр...
Нұрсұлу 30 жаста. Тұрмысқа шықпаған. Бота көздері, алма беті, қиылған қастары, мұрны, ерні бәрі шебер суретшінің қолымен салынғандай әдемі. Бірақ та, салмағы 80 кг. Оның бар кемшілігі осы ғана. Талай жігіттен «30 кг-нан құтылсаң, ертрең-ақ тұрмысқа шығып кетесің» деген әзіл-шыны аралас сөзді естіген. Артық салмақ – жауы екенін білетін Нұрсұлу әр айда диета бастайды, алайда үш-төрт күннен кейін қайтадан фаст-фуд, кәуап, газды тәтті сусындарға бас салады...
Мұндай мысал көп, оны әркім өз айналасындағы таныстарының арасынан да таба алады. Бұлардың өзін-өзі басқаруына, дайын тұрған бизнес-жоспарды бастауына, қалауына «жоқ» деп айтуына не жетпейді, не қажет?
Жаманды ТАСТАУға, жақсыны БАСТАУға не керек?
Ерік күші, жігер керек. Ал, ерік күші кімде бар, кімде жоқ? Ол не? Бұл адамның өз психикасын бақылауда ұстап, әдеттерін басқару күші. Бұл адамды жетелеуші күш.
Ерік-жігер барлық адамда бар. Тек біреуде ол әлсіз, ал біреуде мықты. Түсінікті болу үшін, ерік-жігерді бұлшықетке ұқсатуға болады. Бұлшықет барлық адамда бар болғанымен, ол біреуде шымыр, ал біреуде бос, болбыр. Олай болса, ерік күші мықты адам – бұлшықеті шымыр, ал жігерсіз адамды – бұлшықеті әлсіз деуге болады.
Ерік-жігерді шынықтыруға бола ма?
Әрине, болады! Бұлшықетті шымыр ету үшін оны үнемі шынықтырып, қажетті жаттығуларды қайталап отыру керек. Дәл сол сияқты ерік-жігерді шынықтыру үшін де қалыптастыруды қажет ететін әдетті күнде қайталаған жөн.
Мысалы, ерік күшін шыңдауға көмектесетін мынандай жаттығуларды жасаңыз.
№1 ЖАТТЫҒУ: «Спортпен шұғылдану»
Ерік күшін шынықтырудың ең оңай әрі нәтижелі жолы және өзіңді тәртіпке бағындырудың ең тиімді әдісі – спорт. Өзіңізге ұнайтын спорт түрін таңдап алыңыз да бастаңыз. Ол үшін фитнес залдың қажеті жоқ. Сондай-ақ, аз-аздан бастауды қатаң есте сақтаңыз.
Мысалы, сізге планка ұнайтын болса, оны 1 минуттан бастау керек. Біртіндеп уақыт қосып, 3-4 минутқа жеткізе бересіз. Бірден 2 минут тұрудан бастамаңыз. Немесе таңертең жүгіруді қолға алғыңыз келсе, бастапқы аптада әр күні 10 минут уақыт жүгіру жеткілікті. Дене жаттығуы да солай.
Күннен-күнге орындау жеңіл әрі оңай болып жатқанын аңғарасыз. Бұл кез келген жақсы әдетті қалыптастырудың қиын емес екенін санаңызға, денеңізге ұқтырады.
№2 ЖАТТЫҒУ: «Пайдасызды пайдалыға алмастыру» әдісі
Санаңыз ескі жаман әдетті (темекі шегу, тәтті жеу, түнде тамақ іздеу т.б.) аңсай бастағанда дереу 10 рет ішке прес немесе 10 рет отырып-тұру секілді дене жаттығуларын жасаңыз.
Газды тәтті сусын ішкіңіз келсе, «2 стакан жылы су ішіп алайын, сосын...» деп, жарты литр су ішіңіз.
Әдеттегідей ютубтан сериал көргіңіз келсе, «алдымен мынау кітаптың (көптен бері оқимын деп жүрген кітабыңыз) 20 бетін оқып шығайын, сосын көремін» деп өзіңізге шарт қойып және орындаңыз.
Темекі тартқыңыз келсе, «20 минут таза ауада жүгіріп келейін, содан соң...» деңіз. Таза ауада жүгіріп, өкпеңіз оттегіге қаныққаннан кейін өзіңіз-ақ бірте-бірте темекінің дәмі мен иісінен жиіркенетін боласыз.
№3 ЖАТТЫҒУ: «Декларация қабылдау»
Бұл жаттығу «Уәде беру», «Сөздің бағасы» деп те аталады. Белгілі бір жетістікке жетуді немесе жаман әдеттен құтылуды жоспарласаңыз, қанша уақытта нәтижеге жетуіңіз қажет екенін жазыңыз. Мерзіммен бірге, орындамаған жағдайда оны немен өтейтініңізді жазасыз. Өтемі – сіздің қимас затыңызды біреуге беру т.б. болу керек. Мысалы, егер, көрсетілген уақыт мерзіміне дейін айтқаныңызды орындай алмасаңыз, досыңызға қымбат телефоныңызды сыйлайсыз т.б.
Уәдені қағазға жазасыз. Декларацияға қол қойып, оны досыңызға (немесе жарыңызға, әкеңізге, құрбыңызға...) бересіз. Бұл әдістің ұтымды жағы – сізді үнемі бақылап, қадағалап отыратын адам бар.
«Декларация» әдісімен өзінің ерік-жігерін шынықтырғандардың бірі Лас-Вегастағы белгілі бір казиноның иесі. Ол 10 жылдан бері темекісін тастай алмай жүреді. Қаншама рет «бастағанымен» ерік күші жетпей, жаман әдетін қайта бастаған. Бір ол жарнама орталығына келіп, үлкен билборд жасатады. Оған өзінің суретін қойып, қасына «Менің темекі шегіп тұрғанымды көрген адамға 100 мың доллар төлеймін» деп жазып қояды. Қаланың қақ ортасында ілулі тұрған жарнамадан соң казино иесін аңдушылар көбейеді. Ең бірінші оны өзінің туысқандары мен достары бақылауға алады.
Нәтижесінде, ол ұзақ жылдан бері тастай алмай жүрген темекісін бір айда қойып кеткен екен. Өйткені, ол ақшаны өте жақсы көретін және оны оп-оңай біреуге бере салғысы келмейтін.
№4 ЖАТТЫҒУ: «Заттардың тәртібі»
Жұмыс үстеліңіздегі, үйдегі заттардың әрдайым өз орнында тұруын күнде бақылаңыз. Тамақ ішіп болдыңыз ба, дереу оны жуып қойыңыз. Киіміңіз кірледі ме, жексенбіні күтпей-ақ, сол күні жууға дағдыланыңыз. Айналаңыздағы заттардың тәртібін қадағалау арқылы, біртіндеп өзіңіз де тәртіпке бағынатын боласыз. Өйткені, ішкі реттілік сыртқы реттіліктен басталады.
Ерік күшін шынықтыратын мұндай жаттығулар көп-ақ. Оны сіз ғаламтордан да, «жайлы орыннан» шығуды, жан мен тәннің қалай келісімге келетінін көрсететін «Ешқашан берілме», «Сынып алдында», «Ой ойындары», «Жеті өмір», «Өзгеге төле», «Форрест Гамп», «Шоушенкадан қашу», «Жанның серфері» деген фильмдерден де таба аласыз.
Дегенмен, «ең бастысы, бастау» екенін ұмытпаңыз. Жақсы әдетті бастауды бүгін бастаңыз!
(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)
Жазира СМАҒҰЛОВА,
Тағы да оқыңыз:
Отбасылық ПРОБЛЕМАҒА көзқарасыңыз