Ерте тұруға ҚАЛАЙ әдеттену керек?

0
2 513

​Бұны жаңа жылдан бастаңыз.


Ерте тұруға ҚАЛАЙ әдеттену керек?

(Сурет ашық дереккөзден алынды)

Бұл сұрақ барлық адамды ойландыратыны анық. Өйткені бір жылдан бері күнде таңертең өзгелерден екі-үш сағат артық ұйықтағаныңызбен, «мүйіз шықпады». Керісінше, қарын шықты. Жылға есеп берерде түк бітірмегеніңізге ашуыңыз кеп отыр. Солай ма?

Рас, түске дейін ұйықтаған адамның түстен кейін жұмысқа шабыты ояна қоюы екіталай. Сондай-ақ байқаған боларсыз, кейде күні бойы ұйықтасаңыз да бәрібір кешке ұйқы келеді. Иә, күніне 8 сағат ұйықтасаңыз да, 12 сағат ұйықтасаңыз да түнде ұйқы қысады.

Артық сағат ұйықтағаннан түк пайда жоқ екеніне осы бір жылда көз жеткізген шығарсыз. Бұны ғалымдар әлдеқашан әбден зерттеп, зерделеп қойған. Олай болса, жаңа жылдан бастап ерте тұрыңыз. Қалай?


ЕРТЕ ЖАТЫҢЫЗ

Кейбіреулер жұмысының көп бөлігін кешке қалдырады. Түстен кейін, кешкі асты ішіп алған соң істеймін, бәрі ұйқыға жатқаннан кейін тыныштықта орындаймын деп жүргенде сағат түнгі 12-ден асады. Ал адам ағзасы шаршаса да, шаршамаса да түнде маужырайды. Бұл табиғаттың заңы.

Түнде жұрттың бәрі ұйықтап жатқанда сіз де «Бір сағат ұйықтап алайын, сосын...» деп төсекке қисая кетесіз. Қайта-қайта оятқышты сөндіріп, бір оянып, қайта ұйықтап жатқаныңызда таң атады. Не ұйқыңыз қанбайды, не жұмыс бітпейді. Бұл сізге таныс сценарий ме?

Бұдан былай күндізгі уақытты жұмыс істеуге, ал түнді ұйқыға арнаңыз. Ол үшін сценарийіңізді өзгертсеңіз жетеді. Мысалы, уақытыңызды босқа «жейтін» нәрселерді кешкі уақытқа қалдырыңыз: телефонда жақын адамдарыңызбен сөйлесу, әлеуметтік желілерге кіру, парақшаларды, электронды пошталарды тексеру т.б.

Маңызды, негізгі шаруаларды күні бойы орындап тастауды ойлаңыз. Үйге келген соң да «Жарты сағаттан соң...» деп отыра берместен, бірден жуына, тамақ істеу, кір жуу, балаларды шомылдыру сияқты жұмыстарыңызды атқарып тастаңыз. Сосын ертеге жоспар құрыңыз. Бұл ертерек ұйықтауға көмектеседі.

Сондай-ақ ұйқыға күнде сағат 22-де жатуға дағдыланыңыз. Сонда ерте оянасыз.


ЖҰМЫСТЫ ҮЙГЕ «ӘКЕЛМЕҢІЗ»

Жалпы, ерте ұйқыға жатудың және ерте оянудың ең жақсы амалы – жұмысты жұмыс орнында орындау. «Үйде істей саламын» деген сөзді ұмытыңыз. Бар күшіңізді салсаңыз, уақытыңызды тек жұмысқа арнасаңыз, үйге жеңіл қайтасыз.

Үйге келген соң жұмыс туралы ойламаңыз. Үйде тек үй тірліктерін орындаңыз, демалыңыз.



НАҚТЫ МАҚСАТ ҚОЙЫҢЫЗ

Адамды алға итермелейтін де, ұйқысын шайдай ашатын да – мақсат. Мақсатсыз адам ұйқышыл келеді.

Мақсатыңыз не? Денсаулықты жақсарту, қосымша табыс табу, несиені ертерек жабу, көлік алуға ақша жинау, арықтау, тіл үйрену, кітап жазу, блог жүргізу т.б.

Мақсатыңызға қадам жасауды таңғы уақытқа жоспарлаңыз. Әр күні таңғы екі сағат уақытыңызды көздеген мақсатыңызға арнайтын болсаңыз, бір жылда міндетті түрде нәтиже болады. Бұған күмәніңіз болмасын. Өйткені бұны да ғалымдар зерттеп қойған. Мысалы, бір ғана Аристотельдің сөзін келтірейікші. Ол: «Ерте тұру дағдысы адамды мықты денсаулыққа, байлыққа және дамуға апарады» деген. Белгілі, жетістікке жеткен адамдардың осыған ұқсас сөзі көп.



«БҰДАН МАҒАН НЕ ПАЙДА?»

Осы сұрақты өзіңізге қойып үйреніңіз. Мысалы, Серік «ютуб каналында мен көрмеген кино қалмаған шығар» деп мақтанады. Ал Сәуле әріптестерінің, құрбыларының «білмейтінің жоқ» деген сөзін мақтан көреді. Сондықтан да ол елдегі бүкіл жаңалықты қалт жібермей, оқып, көріп, оларды вацап арқылы таратып отырады. Кез келген ортада бұл туралы әңгілемеп, талқылаудан да жалықпайды.

Шындап келгенде, Серікке де, Сәулеге де бұның ешқандай пайдасы жоқ. Тек уақытты пайдасыз нәрселерге жұмсау ғана.

Сондай-ақ арналарда болып жатқан сериалдың бәрін көретіндер бар. Әрине, күніне бір-екі сериал көруге болады. Бірақ бірінен соң бірін көріп, түн ортасына дейін теледидар алдында отырудың өміріңізге пайдасы жоқ.

Айтыңызшы, осы уақытқа дейін көрген бағдарламалардың, сериалдардың өміріңізге қандай пайдасы тиді? Жұлдыздардың, таныс адамдардың әлеуметтік желідегі парақшаларын күнде ақтарғаннан не ұттыңыз? Мотвация алып, солардың жеткен жетістігін қайталап жатсаңыз құба-құп. Ал пайдасы болмаса, пайдасы жоқ әдеттерден арылыңыз.



ӨЗІҢІЗДІ ЖАҚСЫ КӨРІҢІЗ

Өзін жақсы көрген адам сымбатына, денсаулығына, түр-әлпетіне уақыт бөледі. Иә, күйбең тірлік арасынан өзіне уақыт арнай алған адам – өзін-өзі сүйетін жан.

Жасыңызға жас қосқан сайын жасармайсыз, денсаулық та жылдан-жылға нашарлай бастайды. Тек уақыт арнау арқылы сіз бұларды жақсарта аласыз. Ол үшін күніне екі сағат уақытты өзіңізге арнауыңыз керек.

Әрине, кешке уақыт болмайтыны белгілі-ақ. Уақыт болса да демалғыңыз келеді. Ендеше, тек таңғы уақытты пайдалану арқылы ғана сіз өзіңіздің психологиялық та, физикалық та күйіңізді жақсарта аласыз.

Таңғы сағат 6-да тұрсаңыз, дене жаттығуларын, медитация жасап та, сүйікті кітабыңыздың бір-екі бетін оқып, тіпті айна алдында ұзағырақ отырып та үлгересіз.

Осы тұста айта кетейік, өзін-өзі жақсы көрген адам түн ортасына дейін компьютерде немесе телефон шұқылап отырмайды. Ол ағзасын тынықтыруды ойлайды.


Әрине, ерте тұруға дағдыландыратын іс-әрекет көп. Сіз ерте тұру үшін қандай кеңес берер едіңіз?


Дайындаған: Т. Қалыбек,

ERNUR.KZ

Ұқсас жазбалар:


Бұны орындамай ұйқыға ЖАТПАҢЫЗ!


2022 жылы сізді НЕ күтіп тұр? (тест)