Ғаламат күштің бүкіл әлемге бетперде таққызғаны – аузыңды жап, бей-берекет сөзден тыйыл дегені, ал әуедегі, жердегі транспорт қозғалыстарын тоқтатуы – тыныштал, бір сәт тоқташы дегені емес пе?!
Бүгін Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова ел ішінде аурудың жылдам таралып жатқанын айтып, «Үйден шықпаңыздар» деп үндеу жасады. Әйтсе де үйде отырғандардан көшеде жүргендер көп. Төтенше жағдай ережелеріне бағынбай, той жасап жатқандар да, ойын-сауық орындарының жұмысын жалғастырып жатқандар да бар.
Неге? Өйткені олардың коронавирусқа көзқарасы басқа. Осы басқа көзқарастағыларға өз «тілімен» үйде отырып тыныштықты сақтаудың маңыздылығын түсіндіріп көрейік.
БІРІНШІ КӨЗҚАРАС
«Бұл – саяси соғыс. Алып державалардың арасындағы сауда соғысы», «Коронавирус биолабораторияда мамандардың қолымен әдейі жасалған».
Халықтың бір тобы осындай көзқараста. Иә, 2019 жылы Қытай мен АҚШ экономикалық келіссөз жүргізу барысында ымыраға келе алмағанын бүкіл әлем біледі. Бұл туралы әлем саясаткерлері болжамды дәлелдер келтірген видеолар ютубта тарап жүр.
Мейлі, бұны саяси соғыс делік. Кейбір вирустар жануарлар мен жәндіктерден алынып, лабораторяларда қолдан жасалатыны да белгілі. Бірақ мынандай ақиқатты да ұмытпаңыз.
АҚИҚАТ: Соғыс оқсыз орын алмайды. Білім мен ғылым қарыштаған жаңа ғасырдың соғыс оғы – вирус. Ол таралды. Соғыстың қай түрінде де адам шығыны мен жаралылар болады. Соғыс кезінде үйде отырған және окопта тыныш жатқандар ғана аман қалған.
Аман қалғыңыз келсе, үйде отырыңыз. Ал дүкен мен дәріханаға бару керек болса, жаудың атқан оғынан қорғайтын киімдеріңіз – бетперде, полиэтиленді қолғапты киюді ұмытпаңыз.
ЕКІНШІ КӨЗҚАРАС
«Құдайдың ескертуі!», «Ғаламның тепе-теңдік заңдылығы бар. Балансты сақтау үшін жер бетіндегі адам санын азайту мақсатында орын алып жатқан табиғи жағдай», «Ғалам да ауырады, сауығу үшін біраз токсинді адамдардан тазаруы керек».
Халықтың екінші бір тобы осылай дейді. Әлемдегі дін, экзотерика саласындағы мамандар да осындай көзқараста.
Дұрыс-ақ, бүкіл әуе мен теңіздердегі қозғалысты тоқтату, АҚШ пен Қытайдың, барлық елдің президенттеріне бетперде таққызу адамның қолынан келмейді. Бірақ осы арқылы Құдайдың нені ескертіп жатқанын, нені «айтқысы» келетінін ойланып көрдіңіз бе? Бетперде таққызғаны – аузыңды жап, бей-берекет сөзден тыйыл дегені, ал шекараларды жауып, транспорт қозғалыстарын тоқтатуы – тыныштал, бір сәт тоқташы дегені емес пе?!
Пандемия кезіндегі жағдайға жақсылап қараңызшы: шетелде оқып жүрген студенттер, жұмыс істеп жүргендер Отанына оралып жатыр. Қаладағылар ауылдарына қайтып, барлық адам өз үйінде. Ал өз үйіңнен артық тыныштық мекені жоқ. Бұл құдыретті ғаламның «тыныштал» дегенінің екінші белгісі деп ұғыңыз.
«Ғалам да ауырады» дейсіз, рас Жер шарының да қуаты азаятын кез болады. Бірақ ауырған адам тыныштықты қаламай ма?!
АҚИҚАТ: Адам ғаламның кішкентай көшірмесі. Адам ауырғанда немесе қатты шаршағанда тыныштықты қалайды. Тыныштығын бұзғанды аямайды.
Адам шығарған үндеуді тыңдағыңыз келмесе, айыппұл төлейсіз. Ал Табиғаттың үніне құлақ салмасаңыз, ол сізді ағзасынан жұлып алып тастай салады. Дұрысы, екі заңды да бұзбау. Үйде отырыңыз, бей-берекет көшеге шыға бермеңіз.
ҮШІНШІ КӨЗҚАРАС
«Коронавирус кәдімгі тұмау секілді дерт. Ауа арқылы таралатын барлық дерт көктемде қозады», «Әлсіз, иммунитеті төмен адам тұмаудан да өледі. Ал менің денсаулығым мықты».
Халықтың үшінші тобы, әсіресе жастар осындай көзқараста. Рас, дәрігерлер коронавирустың тұмауға ұқсайтынын айтып жатыр. Тұмауда да сақтану үшін бетперде кию, науқаспен байланыспау маңызды екенін естен шығармаңыз.
Дәрігерлер сонымен бірге бұл вирустың өкпені жылдам зақымдап тыныс алуды қиындатуымен қауіпті екенін де ескертуде.
АҚИҚАТ: Тарихтағы құс тұмауы, шошқа тұмауы, Испан тұмауы да қаншама адамның өмірін жалмаған. Covid-19 да біраз адамды «алмай» қоймайды.
Сіз ауру жұқтырғаныңызбен, сауығатыныңызға сенімдісіз. Ал сіздің ініңіз, үйіңіздегі кішкентайлар мен қарт ата-әжеңіз өзіңіз айтпақшы «әлсіз», ал әлсіз адамдар тұмаудан да өліп кетуі мүмкін. Тұмауды да үйіңізге әкелмеңіз. Ол үшін кез келген ауру өршіп тұрған кезеңде үйден шықпағаныңыз абзал.
Үш топтың діні, ұлты, жынысы мен жасы әр түрлі болғанымен, бәріне ортақ міндет – «ҮЙДЕН ШЫҚПАУ», «ҮЙДЕ ОТЫРУ». Өйткені жер жаһанға жайылған эпидемия кезінде де, соғыста және жұқпалы аурудан үйде тыныш отырған адам ғана аман қалатыны АҚИҚАТ.
(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)
Жазира СМАҒҰЛОВА,
Тағы да оқыңыз:
Коронавирус! КІМ кінәлі? НЕ болады?
Отбасында да, бизнесте де БҰНЫ білгеніңіз жөн