Сіз ҚАНДАЙСЫЗ? (тест)

0
15 533

​Суреттен бір жануарды (аң, құс, жәндік) таңдап, өзіңізбен тереңірек танысыңыз.


Сіз ҚАНДАЙСЫЗ? (тест)

Әнші Бауыржан Исаев айтпақшы, «Өмір түгіл, өзімді де білмеймін» дейтіндер көп. Ал психологтар «Адам өзін-өзі зерттеп, өз мүмкіндіктері мен мінезін танып алмай өзгелерді де, өмірді де түсіне алмайды» дейді. Сондықтан да психологияда ең алдымен өзін-өзі тану маңызды.


Түрлі психологиялық тесттер осы мақсатта құрастырылған. Соның бірін ұсынып отырмыз.

Ойыңызды күйбең тірлік мәселелерінен босатып, суретке назар аударыңыз. Жан-жануар мен жәндіктің, аң мен құстың бірін таңдаңыз. Таңдаған суретіңіз сіз туралы «айтып береді».



АЮ

Аюдың суретін таңдаған еркектер шыдамдылығымен және батылдығымен ерекшеленеді. Бұндай еркектер отбасына мықты қорған. Аю қажетті май қорын жинамайынша ұйқыға жатпайды. Дәл сол сияқты бірінші суретті таңдаған еркектер де «қонжықтарының» болашағына алаңдап, олардың жағдайын жасамайынша тыным таппайды. Жұмысты жапырып істейді. Еңбекқор.

Ал әйелдерден төзімді, ақылды жақсы ана шығады. Оларда ішкі қуат күші мол. Сондай-ақ бұл әйелдер балаларының тұлға боп қалыптасуына зор үлес қосады.

Кеңес: Басты жауыңыз – аңқаулық. Сондықтан физикалық күштен гөрі ақыл күшін көбірек қолдана біліңіз.



КӨБЕЛЕК

Аңыздарда көбелек бақыттың, махаббаттың символы боп саналса, бұл суретті таңдағандар да дос-жаран, ағайын арасында мейірімділігімен, тұнжыраған адамды сөзімен, іс-әрекетімен әп-сәтте жадыратып жіберетін оптимистігімен ерекшеленеді.

Ізгілікке жақын, әрқашан жақындарын қолдап, қуаттап жүреді. Айналасындағы адамдардың сөнгелі тұрған үміт отын қайтадан жаға алатын қасиеті бар.

Олар дәмді ас пен тәтті ұйқыны, әдемі өмірді жақсы көреді. Сондай-ақ осындай рахат өмірді өзі жасай алады. Өте мақсатшыл. Олар жайлылық ортадан оңай шыға біледі, әр күнін соңғы күніндей өткізеді. Бірақ көбінесе өз өмірінен басқалардың мәселелеріне көбірек уақыт жұмсап, өзін ұмыт қалдыратыны бар.

Кеңес: Өзіңіздің күш-қабілетіңізге сеніңіз. Қанаттарыңызды жайсаңыз, сіз алмайтын асу жоқ. Жалқаулықпен күресіңіз.



МЫСЫҚ

Жұмбақ адамдар. Көпшілік ортаны ұнатпайды. Тыныштықты жақсы көреді. Өзіндік пікірі бар, көбінесе көзқарасы өзгелердікіне кереғар кеп, дау-дамайға басы шырмалып жүреді.

Сізге басқаларды қолдап, тыңдап, көз жасын сүртіп үйренген дұрыс-ақ. Сонда өміріңізде көп өзгерістер орын алады.

Экстрасенстік қабілетіңіз бар. Өзіңіз мән бермегенімен, көбіне түсіңізде көргеніңіз, айтқаныңыз орындалады. Сондықтан да тек жақсы сөйлеңіз.

Кеңес: Әркімге әрнәрсені дәлелдеудің де, ақталудың да қажеті жоқ. Жүрегіңіздің үнін тыңдап үйренсеңіз, көп қателіктен, жанжалдан сақтана аласыз.



ТЫШҚАН

Олар қиындықтан қорықпайды. Өзгелер ойланып отырғанда бұлар батыл қадамдар жасап үлгереді. Сондықтан да қатарластарынан әрдайым оқ бойы озық жүреді.

Олар ешқашан опасыздыққа, сатқындыққа бармайды. Табыс та, жетістік те оларға тек адал еңбекпен келеді.

Жақсы қасиетінің бірі – мейірімділігі. Қиналған жанға көмектесіп, құлағанды демеп тұрғызады. Бірақ олар ешқашан «Жақсымын» деп айқайламайды, бәрін де үндемей істейді.

Кеңес: Жұмыс та, мәселе де таусылмайды. Тәніңізді де, ойыңызды да тынықтыра біліңіз. Демалуға уақыт арнаңыз.



ҚАРҒА

Табиғатынан ақыл-ойы жақсы жетілген, стратег адамдар. Олардан ақыл-кеңес сұрайтындар көп.

Олар оңайлықпен өзгенің сөзіне еріп кетпейді. Болмашыға ашуланбайды, асығыстық жасамайды. Не нәрсені де жеті рет ойлап, жет рет өлшеп жасайтын адамдар. Сондықтан да сәтсіздіктің, бақытсыздықтың себебін тек өзінен іздейді. Ал психологтар өз кінәсін білетін, қателігін мойындайтындар мақсатына жылдам жете алады дейді.

Кеңес: Ақыл кенін тек жақсы мақсатта пайдаланыңыз. Ренішті сақтау мен кек алудың зардабы тимей қоймайтынын есте ұстаңыз.



ЖЫЛҚЫ

Еркіндікті жақсы көретін жан. Ойын еркін айтып, жақын адамдарын жиі ренжітеді.

Біреуге тәуелді болғысы келмейді. Сондықтан да ұжыммен тіл табысып, бір орында ұзақ тұрақтауы қиын. Ал өзі жеке кәсіп жүргізсе, табысты болады.

Ол «Ешкім ешкімге ешнәрсе міндетті емес» деген ұстаныммен өмір сүреді. Ешкімнен қолдау күтпейді, мәселелерін жұртқа жария ете бермейді. Сондай-ақ басқалардың өзінен жәрдем сұрағанын да қаламайды.

Өзіне сенімді. Бір кемшілігі – өз тарапына айтылған сын мен мінді көтере алмайды.

Кеңес: Кейбір мәселелеріңізді, қиындықтарыңызды жақын адамдарыңызға айтып үйреніңіз. Айтылған сынға құлақ асып, оны «қамшы» ретінде пайдалана біліңіз.



ДЕЛЬФИН

Бұларды барлық адам жақсы көреді. Олармен кез келген отырыс көңілді. Жаны нәзік, шығармашыл адамдар. Сурет салғанды, ән айтқанды жақсы көреді.

Сөзі дәрі. Жұмысы, кәсібі дәрігерлікпен, психологиямен сабақтасып жатса, үлкен жетістіктерге жетеді.

Позитивті көзқарасымен ерекшеленеді. Көздеген мақсатына жетпей қоймайды. Кемшілігі – өзіне сенімсіз, жалқау.

Кеңес: Сіздің бойыңызда да, ақыл-ойыңызда да ғаламат күш бар. Оны қолданыңыз.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Дайындаған: Табиғат Қалыбек

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Тұрмысқа шығу үшін сексуалдық қатынаста болған ЕРКЕКТЕРді ойша «ТУЫП» тастаңыз


Бұл ҮШЕУін жасай берсеңіз, ЕШҚАШАН өзгермейсіз