​Тегін ЭКО-ны кімдер жасата алады?

0
3 482

Білікті репродуктолог-дәрігер жауап береді.


​Тегін ЭКО-ны кімдер жасата алады?

Сәби сүюдің бір жолы – ЭКҰ (ЭКО), яғни экстракорпоралды ұрықтандыру әдісі. Қысқа да нұсқа түсіндірсек, өздігінен жүкті болуға денсаулығы жарамайтын әйелдерге қолданылатын репродуктивті технология.

Еліміздегі бұл технология тарихы 90-шы жылдардан басталады. Ал жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы алғашқы сәби Қазақстанда 1996 жылы дүниеге келген. Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметі бойынша бүгінге дейін Қазақстанда экстракорпоралды ұрықтандыру әдісі арқылы 22 мыңнан астам сәби дүниеге келген екен.

Иә, көптен күткен жүктілік орын алмаса уақытты жоғалтпай, ЭКҰ әдісін қолданып көрген дұрыс. Алайда ЭКҰ әдісіне жүгінгісі келетіндерді оның бағасы ойландыратыны белгілі. Дегенмен, бұның шешімі бар, ол – квота.


Оқырман көкейіндегі мемлекеттік квотаны алу туралы сұрақтарды біз Экомед-Шымкент клиникасының жетекші репродуктологы, медицина магистрі Джантаева Зухра Батырханқызына қойдық.

Зухра Батырханқызы, ЭКҰ процедураларын тегін алуға болатынын біреу білсе, екеу білмейді. Осы орайда ЭКҰ квотасына кімдер үміткер бола алатынын айтсаңыз.

– ЭКҰ бағдарламасы бойынша елімізде 2010 жылдан бастап квота бөлінуде. Квота саны жыл сайын артып жатыр. Мысалы, мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тегін ЭКҰ жасатуға 7000 квота бөлінді. Квота алған пациенттер еліміздегі мемлекеттік және жекеменшік ЭКҰ клиникаларында ақысыз емделіп, тегін ЭКҰ жасата алады.

Осы орайда мынаны білген жөн: квота бедеулігі бар кез келген әйелге беріле бермейді. Квота Денсаулық Сақтау министрлігі бекіткен талаптарға сай беріледі. Талаптар мынандай:

  1. Квотаны алу үшін ерлі-зайыптының екеуі де ҚР азаматы болуы қажет;
  2. Міндетті медициналық әлеуметтік сақтандырудың (МӘМС) төлемшісі болуы тиіс;
  3. Жүктілікті жоспарлап, бірақ бір жыл ішінде жүкті бола алмаса, бедеулік емделмесе.

Осы тұста айта кетейін, бір жыл бойы ешқандай сақтанусыз қатынаста жүкті бола алмаған әйел мен еркектің сараптамалары мынаған сай болуы керек:

Әйелдер үшін

  • АМГ (антимюллер гормондары) 1-ден жоғары;
  • Аналық жасушаларында 6 фолликулдан жоғары;
  • ФСГ (фолликулды ынталандыратын гормон) көрсеткіші 12-ден төмен;
  • Әйелдің денсаулығында жүктілікке және босануға қарсы көрсеткіш болмау керек.

Еркектер үшін

  • Өз ұрығын алуға мүмкіндік болған дұрыс.

Осы талаптарға сай немесе сай емес екенін анықтап, квота алуға мүмкіндігін білу үшін ерлі-зайыптылар ЭКҰ-клиникасының репродуктологының немесе жергілікті емханасындағы гинекологтың кеңесін алуы қажет.


Бұл талаптарда ерлі-зайыптының жасына шектеу қойылған ба?

Денсаулық Сақтау министрлігі бекіткен талаптарда жұптың жас ерекшелігі көрсетілмеген.


Квотаға кезекке тұрудың алгоритмі қандай? Қайда бару керек?

– Квотаға кезекке жергілікті емханаңыз бойынша тұрасыз. Кезекке тұру небәрі үш-төрт қадамнан тұрады.

Бірінші қадам репродуктологтың қорытындысын алудан басталады. Пациент өзі тіркелген емханадағы гинекологына немесе ЭКҰ клиникасының репродуктолог-дәрігерінің қабылдауына барып тексерілуден өтеді. Сараптамалары талапқа сай болса, қолына қорытынды қағаз беріледі.

Екінші қадам: Репродуктологтың берген қорытынды қағазымен тұрғылықты жеріндегі әйелдер кеңес үйіне немесе тіркелген емханасына барып, квотаға кезекке тұрады.

Үшінші қадам: Тұрғылықты жері бойынша емхана немесе әйелдер кеңес үйі Денсаулық сақтау басқармасы жанындағы комиссияға пациенттің квотаға құжаттарын жібереді. Онда квоталық ЭКҰ-ға жіберу тұралы шешім қабылданады.

Төртінші қадам: Кезегі келгенде, емханадан немесе Денсаулық сақтау басқармасынан ЭКҰ-ға жолдама мен үзінді көшірмені қайдан алатыны хабарланады. Осы құжаттармен пациент өзі таңдаған ЭКҰ клиникасына барып, процедураны бастайды.


Қазақстанда ЭКҰ клиникасы көп. Пациент клиниканы өзі таңдай ала ма?

– Иә, ЭКҰ бағдарламасын жасайтын клиниканы таңдау – квотаға іліккен әр пациенттің өз еркі мен құқығы.

Кезекті қанша уақыт күтеді?

– Кезектің жылжуын жергілікті Денсаулық сақтау мекемесі қадағалайды. Бұл квота мен үміткерлер санына байланысты түрліше. Келесі жылы бөлінетін квотаға қазірден бастап кезекке тұрып қойған жөн дер едім.


Сонымен, квотаның кезегі келіп, пациент ЭКҰ жасатты делік. Бірақ сәтсіз шықса, яғни жүкті бола алмаса не істейді? Ол жасанды жолмен тегін ұрықтандыру квотасына тағы да кезекке тұра ала ма? Бір адам неше рет тегін квота алуына болады?

– Өкінішке орай, ЭКҰ жасап, бірақ жүкті бола алмай қалатындар кездеседі. Бұл ерлі-зайыптылардың жас ерекшеліктеріне, ұрықтарының сапасына, жатырдың құрылысы мен әйелдің жалпы денсаулық жағдайына байланысты.

Егер жүктілік болмаса, онда бір жылдан кейін тегін ЭКҰ-ға квота алуға тағы да үміткер бола алады. Бір адам бірнеше рет (бірақ бір жылда бір рет қана) тегін квота ала алады, бұның саны шектелмеген.


Зухра Батырханқызы, көп отбасыға үміт сыйладыңыз деп ойлаймыз. Рақмет!


Қымбатты оқырман! ЭКҰ жайлы басқа да сұрақтарыңыз болса, Экомед клиникасының call-орталығына 8-775-007-07-00 қоңырау шалып, толық жауап ала аласыз.

Сұқбаттасқан: Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Отбасындағы ДҰРЫС қарым-қатынастың басты ЕРЕЖЕСІ

2023 жылдан бастап МЫНА ҮШЕУІНЕН бас тартқан адамның ӨМІРІ ЖЕҢІЛДЕЙДІ