​Жалғыз перзентті тәрбиелеуде ескеретін 5 жағдай

0
4 835

Психолог кеңесі


​Жалғыз перзентті тәрбиелеуде ескеретін 5 жағдай

Фото: ашық дереккөзден алынды

Әр түрлі жағдайға байланысты бір перзентті ғана өсіріп отырған отбасы көп. Біреу «Жалғыз баланы материалдық тұрғыда қамтамасыз ету оңай болғанымен, тәрбиелеу қиын» десе, біреу ерке, есер, эгоист, мақтаншақ болатынын айтады. «Досы аз, жаны жараланғыш адам – жалғыз өскен бала» деп болжайтындар және өмірге икемсіз болады деп топшылайтындар да кездеседі.

Кім не айтса да өмірлік тәжірибесіне, көрген-түйгеніне, естігеніне сүйенетіні анық. Сондықтан да бұндай ой-пікірлер жалғыз перзент өсіріп отырған ата-ананың көңілін алаң етпей қоймайды.

Расында да жалғыз перзентті тәрбиелеу қиын ба? Оны тәрбиелеуде нені ескеру қажет? Біз осындай сұрақтарға психолог эксперттерінің тәжірибелік жұмыстарынан жауап іздедік. Сонымен олар не айтады?

Психолог мамандар мына кеңестерді орындаған ата-ана үшін жалғыз баланы тәрбиелеу қиындық тудырмайды дейді.



1. Балалармен көп ойнату

Үлкен отбасында өскен бала бауырларымен ойыншыққа және ата-анасының махаббатына таласады, келісімге келеді, татуласады, ұрысады, күлшесін бөліседі т.б. Осылай көпшілікке, қарым-қатынасқа тез бейімделеді. Әрине бұл жалғыз баланың әлеуметтік ортаға үйренуі қиындық тудырады деген сөз емес. Тек ата-анасынан көп көңіл мен уақыт бөлу талап етіледі.

Бірге ойнаңыз. Сонымен қатар өзі қатарлы балалармен көп араластыруды ұйымдастырыңыз. Мысалы, ағайын-туыстың, көршінің балаларын үйге жиі шақырыңыз немесе баласы көп үйге қонаққа барыңыз. Сондай-ақ аулада балалар алаңшасында да көбірек ойнатқан абзал. Балабақшаға ертерек беріңіз, лагерьлерге жіберіңіз. Жазғы демалыста ауылдағы ата-әжесіне апарыңыз.

Бұның бәрі де балаңыздың әлеуметке тез сіңуіне, еркін қарым-қатынас құруына жәрдемдеседі.



2. Балансты сақтау

Мейірім мен қаталдықта, еркелету мен жазалауда, бәрі-бәрінде баланс болуы қажет. «Жалғыз баласы бардың шығар-шықпас жаны бар» деген рас. Асты-үстіне түсіп, тым қатты өбектей беруге болмайды. Кез келген артық нәрсенің (гипер) кері әсері болады.

Бір психолог «Жалғыз перзентке жылыжай емес, еркіндік керек» дейді. Еркіндік пен тыйымда да баланс болсын.

Таңдау жасауды, төсегін өзі жинауды, өз ойын айтуды үйретіңіз. Еркелетіңіз, бірақ өз ісіне, сөзіне, өміріне жауапты болуды кішкентай кезінен үйретіңіз.



3. Эмоционалды интеллектін қалыптастыру

Жалғыз перзент өсіріп отырған ата-ана қателігінің бірі – эмоциясын шығаруға кедергі болуы. Мысалы, жылай бастаса қолға алу, ашуланса сұрағанын ұстата салу, шаршайтын уақыты жақындағанда дереу ұйықтату, қарны ашпаса да аузына тыға беру...

Бала ашуланып, жылап, құлап, қызғанып, айқайлап та түрлі, күрделі эмоцияны шығарып көру керек. Солай оның эмоционалды интеллектісі дамиды.

Эмоционалдық сезімдерінің дамуына бөгет болмаңыз. Әр сезімнің атауын түсіндіріп, оны бөлісуге көмектесіңіз.



4. Ережелер мен шектеулер қою

Жалғыз балаға бәрі рұқсат деген қағидадан аулақ болыңыз. Әр нәрсенің шекарасы болатынын біліп өскені дұрыс. Әйтпесе қателіктерінен сабақ алмайды. Есейгенде армандауды, мақсат қоюды, өмірін жоспарлауды білмейді. Ойланбай қадам жасайды. Бұның бәрі де болашағына тек зиянын тигізеді. Анығырақ айтқанда басына қиындық түскенде қайраттануды білмей, қайғырып адасуға алып баруы әбден мүмкін.

Қажет жерде бетінен қағып отырған жөн. Сондай-ақ ережелерге не үшін бағыну керектігін, неге шектеу қойғаныңызды түсіндіруді ұмытпаңыз. Бұл өте маңызды. Тыйым мен шектеулер әр жағдайды зерделеуге, ойлануға үйретеді.

Мысалы, терезе жақтауына шығып жатқанын көрсеңіз, «шықпа» деп ұрсып қоя салмай, құлап кетсе не болатынын, қауіпсіздік үшін тоққа, отқа жақындамауын ескертіңіз. Ескерту мен түсіндіру жұмысын міндетті түрде бірге жасауға ерінбеңіз.



5. Қолынан келмегенді талап етпеу

Ата-ананың жалғыз перзенттен үлкен үміт күтетіні, оның әмбебап болғанын қалайтыны белгілі. Бірақ оның да барлық адам сияқты артықшылықтарымен қоса кемшіліктері, күшті және әлсіз тұстары бар. Оны барлық үйірмеге сүйрелеп, көп нәрсені талап етуге болмайды. Қабілетіне, талантына, икеміне қарай оның қалауымен де санасыңыз.

Дұрыс, талантын дамытыңыз, қызығушылығын қолдаңыз, бірақ нәтижеге қарап емес, талпынысына қарап мақтаңыз.

Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз

Босанған әйелді депрессияға түсіретін 9 себеп

Жаман ойды жылдам қуатын техника