Жаңа жыл қарсаңында барлық дүкендер өздерінің «Жеңілдіктер маусымын» жариялайды. Бұл өзіміз бен жақындарымызды қуантатын тамаша мүмкіндік! Бірақ көп шығынға тап болмас үшін не істеу керек?
Алдын-ала қамданыңыз. Жаңа коллекция келген күні сүйікті дүкеніңізге жүгірудің қажеті жоқ! Тек дүкенде жеңілдік басталған кезде барыңыз және қандай киім алатыныңызды жазып алыңыз. Мысалы сізге не алу керек? Пальто, көйлек, етік, сырға... Сосын қанша қаржыға сауда жасайтыныңызды жоспарлап алыңыз да, одан артық ақша алып шықпаңыз. Гардеробыңызды бір тексеріп, ненің қажет екенін анықтаңыз!
Шопингке қолайлы күнді таңдаңыз. Шопингте адам өзін барынша еркін және ыңғайлы сезінуі керек. Дүкенге адамдар көп жүретін демалыста емес, жұмыс күндері күндізгі уақытта барыңыз. Ал таңғы уақыт болса тіпті тамаша, өйткені ол кезде киімдер жинақы тұрады. Сонымен қатар, ол уақытта кеңесшілер де шаршамай сізге киім таңдауға көмектесе алады.
Сапасына мән беріңіз. Жо-о-оқ, сізге бірнеше доллар тұратын киім алуды ұсынбаймыз! Бірақ тым арзанына да жүгірмеңіз. «Арзанның сорпасы татымай» қалатынын білесіз ғой?! Өзіңізге жарасымды үлгі болса, ақшаңызды аямаңыз. Тек ол киімді қай жерге кие алатыныңыз бен қанша уақыт киетіңізді ойлаңыз. Мысалы тек баллға киетін ұзын көйлекті сатып алып, сандыққа босқа сарғайып қалмасын.
Дүкенге көңіл-күйіңіз жақсы кезде барыңыз. Мамандардың зерттеуі бойынша, әйелдер көбіне косметика мен аксессуарларды тек көңіл-күйін көтеруі үшін сатып алады екен. Сондықтан түкке тұрғысыз шаш қыстырғыш үшін әмияныңыздан көк, қызыл қағаздарды шығарып қажет емес.
Өзіңізге «ЖОҚ!» деп айта біліңіз, тіпті болмаған да «ЖОҚ, тағы ойланып көрейін...» деңіз. Кейде қыздар «төмен бағаларға» басымыз айналып, өмірімізде кимейтін киімді сатып ала саламыз. Бұдан құтылудың жолы - өзіңді тоқтата білу! Төмен бағаларды көрген кезде, дүкенді тағы бір аралап шығыңыз. Бәлкім, одан да жақсысы табылар.
Фото ашық дереккөздерден алынды.
Автор: @Karashash_esenbay