Әлемдегі ең қымбат қонақүйдің бір тәуліктік бағасын білесіз бе?

0
4 550

Қалай ойлайсыз, әлемнің ең қымбат қонақүйлерінде бір тәулік тұрақтау бағасы неше тұрады? Мақаланы оқымас бұрын өз болжамыңызды қағазға түртіп қойыңыз, қызық болсын.


Әлемдегі ең қымбат қонақүйдің бір тәуліктік бағасын білесіз бе?

Фото: dixitravel.ro

Қалай ойлайсыз, әлемнің ең қымбат қонақүйлерінде бір тәулік тұрақтау бағасы неше тұрады? Мақаланы оқымас бұрын өз болжамыңызды қағазға түртіп қойыңыз, қызық болсын.

Келесі кезекте жүректі дайындау керектігін ескертеміз. Ертегіге бергісіз мұндай әлем тұрғындарының бір күндік табысы мен шығыны қарапайым халықтың бір жылдық табысынан да көп болуы мүмкін екендігін ескеріңіз, түсініңіз, мойындаңыз. Сонда ғана жүрек пен сезімге салмақ түспейді. Дайынсыз ба? Кеттік ендеше...

Connaught 5* мейманханасы, Лондон


фото: fb.ru

Мейманхана Лондонның сән-салтанаты келіскен ауданында орналасқан. Әрбір нөмірінде жеке балкон бар. Олардың барлығы дерлік келушілердің көз алдына қаланың керемет көрінісін ашады.

Мұндағы апартаменттер бағасы 23 500 доллар. Біздің қалтамызға сай есептесек, 8 миллион теңгеден асып түседі. Осындай бағаға қонақүй әр нөмірге жеке тапсырыс бойынша ас әзірлеп, дербес сарай қызметшісін сайлайды.

Бұл мейманхананың жоғары деңгейлі қызмет көрсетуі жайлы алып-қашпа әңгімелер көп-ақ. Айталық, бірде уақытша тұрғынның ұмыт қалдырған аяқ киімін апарып беру үшін мейманхана қызметшісі Парижге арнайы ұшып барған деседі.

Кала ди Вольпе мейманханасы, Италия


фото: fb.ru

Мұндағы президенттік люкс апартаменттердің әрқайсысында жатын бөлмесі, хауыз, күншуақ (солярий), сондай-ақ фитнесс зал — барлығы үш-үшеуден бар. Жергілікті мәрмардан ойылып жасалған бұлаулары, гидромассажды шомылғы бұлауы (джакузи) бар жуыну бөлмелері де үшеуден. Осының барлығын бір тәулікке өз иелігіңізге алу үшін 26 000 доллар төлейсіз. Бұл дегеніміз — 9 миллион теңгенің айналасы.

Royal Suite, Париж


фото: fb.ru

Hotel Plaza Athenee кешенінде орналасқан Royal Suite — Париждегі ең үлкен қонақүй апартаменті. Аумағы 450 шаршы метрді құрайды. Ал, бағасы... 27 000 доллар.

Нөмірдегі барлық теледидарлар айна бейнесінде жасырылып арнайы тапсырыспен жасалған. Ал, интерьер бұйымдарының барлығы алтын жіппен әдіптеліп тігілген. 9,5 миллионға жуық теңгені не үшін төлейтінін енді түсінген боларсыз?

St. Regis мейманханасы, БАӘ


фото: fb.ru

«Ең қымбат» және «қонақүй» тақырыптары қозғалғанда, Біріккен Араб Әмірліктерінің аталмай қалуы мүмкін емес. Бұл жолғы тізімге іліккен — Сакнт-Реджис мейманханасының корольдік люкстері. Аталған ел аумағындағы ең үлкен апартамент атағын иеленген нөмірлердің өзі екі қабаттан тұрады. Ішінде тұрғынжайдан бөлек жеке театры мен хауызы бар. Әлбетте, бұл апартамент қонақтарына да дербес сарай қызметшісі қызмет көрсетеді.

Тек осының барлығы үшін қонақ бір түнге 35 000 доллар (12 миллионнан астам) төлесе болғаны.

Laucala Island Resort, Фиджи


Фото: homeadore.com

Туризмі дамыған Фиджи аралы әлемдегі санаулы миллардерлердің бірінің иелігінде. Сондықтан, мұнда барлығы тек қалталыларға арналған салтанаты келіскен нысандар. Ең бағалысы — Laucala Island Resort мейманханасы. Бағасының 40 000 доллар тұратын қонақүйге орналасу қиын-ақ. Бұл қымбаттығына ғана байланысты емес. Laucala Island Resort-та мейман болу үшін алдын-ала сұраныс жібересіз. Соған қарап мейманхана басшылығы сізді тексереді, сараптаудан өткізеді. Тіпті, құнын төлеп тұрғанның өзінде олар сізді қонақ ретінде қабылдамай қоюы да мүмкін екен.

Raj Palace Hotel, Үндістан


Фото: theendlessnight.com

Үндістан әлеуметтік жағдайы төмен елдер қатарына жатады. Дегенмен, бұл онда бай-бағландар тұрмайды не қыдырыстап бармайды деген сөз емес. Оның бір дәлелі — Raj Palace Hotel мейманханасындағы Шахи-Махал люкс апартаменті. Бір түнемеге 45 000 доллар алатын бұл нөмір келушілерге алты жатын бөлмесін, жеке театр, кітапхана, дербес асүй қызметкерлерін ұсынады.

President Wilson мейманханасы, Женева


фото: znaj.org


фото: lonelyplanetwpnews.imgix.net

Міне, ең қымбат қонақүйлер тізбегінің шарықтау шегіне де жеттік. «Жеңімпаз» — Швейцариядағы President Wilson мейманханасы, ондағы бетке тұтар апартамент — Royal Penthouse люксі. Тәулігіне 68 000 доллар деген бағамен әзірге әлемдегі ең қымбат мейманхана болып тұр. Билл Гейтстің «Швейцариядағы үйіне» айналған бұл мекеннің ауасы мен суының дәмін тату екінің біріне бұйырмайды. Ол — кіріс-шығысын есептеуге ерінетін еркетотайлар мен қаржының «құлағында ойнайтын» кәсіпкерлерге ғана арналған салтанат. Енді ше, 23 500 миллион теңге әркімнің-ақ есепшотында әзір тұрған жоқ.

Мейманхана иелері қонақ еткені үшін сұрайтын құн сіздің ойыңыздағы бағамен сәйкес келді ме? Әлде, әлемдік қонақүйлер қызметтерін сіз ойлағаннан да жоғары бағалай ма екен?

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ