7 жылға сотталған шымкенттік азаматтың кінәсіз екендігі дәлелденді

0
1 292

Жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде өтеген Роман Цой "есірткі заттарын тасымалдап, сақтап, сатты" деген күдікпен сотталған.


7 жылға сотталған шымкенттік азаматтың кінәсіз екендігі дәлелденді

Шымкентте жеті жылға бас бостандығынан айырылған Роман Цой жазасының жартысынан көбін өтеп болғанда ақталып шықты. 42 жастағы азаматқа өзінің кінәсіз екенін дәлелдеу оңайға соқпаған деп хабарлайды ERNUR.KZ Астана арнасына сілтеме жасап.

Жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде өтеген Роман Цой "есірткі заттарын тасымалдап, сақтап, сатты" деген күдікпен қамалып, сотталған.

Ол өзіне кесілген жеті жыл жаза мерзімінің төрт жылын өтеп те үлгерген.

Ер адам жабылған жаланың кесірінен өмірінің күл талқаны шыққанын айтады.

"Түрмеде денсаулығымнан айрылдым. Мені уайымдағаннан туыстарымның да ауру тапқаны анық. Өмірімнің күл талқаны шықты. Сол жылы мен үйленбекші болып жүрген едім. Дос-жаранымның көбі теріс айналды. Мен олардың көзіне "қылмыскер" болып көріндім. Мұншалық азап көремін деп кім ойлаған", - дейді Роман Цой. Шымкент тұрғыны тағылған айыптың жала екенін айтып, 2,5 жыл бойы құзырлы орындарға арызданумен келіпті.

2019 жылдың сәуірінде сот оны ақтап, жүргізілген қылмыстық процесте келтірілген залалды өтеу құқығын берген. Азапты күндерінің өтеуі ретінде Роман 20 млн теңге сұраған.

Алайда жазықсыз жапа шеккен жанның талабының тек төрттен бір бөлігі ғана қанағаттандырылған.

Енді Қаржы Министрлігі Роман Цойдың пайдасына келтірілген моральдік залал үшін 5 миллион теңге көлемінде өтемақы төлуге тиіс.

Ал ер адамның адвокаты өз қорғауындағы адамды ақтап алу оңай болмағанын айтады. Бұл оның тәжірибесіндегі алғашқы іс екен.

"Сот шешімімен мен келісіп отырғаным жоқ. Бірақ арыздану немесе оны осылай қалдыруды Роман Цойдың өзі шешеді. Менің өз басым қорғауымдағы азаматқа қосымша арыз тастауға кеңес берер едім. Өйткені қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде төрт жыл бойы жазықсыз отырғаны үшін, берілетін небәрі 5 миллион теңге тым аз", - дейді адвокат Олег Андреев.

42 жастағы Роман Цойдың өзі сот жүйемен күресіп шаршағанын жасырмайды. Ол артта қалған төрт жылын жайсыз түс деп санауға тырысып бағуда. Өйткені темір тордың арғы жағындағы азапты күндерді таяу мерзімде ұмыта алмасын жақсы біледі. Сондықтан әл -әзір кінәлілерді жазалауды да талап етіп отырған жоқ.