«Бақытты отбасы»: Шымкентте 300-ге жуық отбасы баспаналы болды

0
544

Биыл қалада 976 отбасыны арендалық пәтермен қамту жоспарланған.


«Бақытты отбасы»: Шымкентте 300-ге жуық отбасы баспаналы болды

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков тұрғындарды жеке мәселелері бойынша онлайн қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қабылдауда көпбалалы және толық емес отбасы, мүгедек бала тәрбиелеуші және мүгедек санатындағы азаматтар болды.

Тұрғындарды толғандырған баспана кезегі мәселесі жан-жақты талқыланып, қажетті мәліметтер дерегі айтылды. Азаматтар өздерін алаңдатқан сауалдарына тиісті жауап алды.
Қала басшысының орынбасары қабылдауда болған әр азаматтың мәселесін жеке тыңдап, назарға алды. Басқарма басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.
Биыл қалада 976 отбасыны арендалық пәтермен қамту жоспарланған. Бүгінде 813 отбасы пәтермен қамтылып отыр. Оның ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 60 бала, 240 көпбалалы отбасы, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы 212 және жұмыс істейтін 300 жас бар. Қалған пәтерлер тұрғын үй кезегіне тіркелген азаматтарға тұрғын үйлердің пайдалануға берілуіне байланысты үлестірілетін болады.
Баспанаға мұқтаж азаматтарға жеңілдетілген ипотекалық несиелер бойынша да қолдау көрсетілуде. «Бақытты отбасы» бағыты бойынша биыл қалада 255 отбасы, атап айтқанда 104 көпбалалы, 133 мүгедек бала асыраушы және 18 толық емес отбасы несие негізінде баспанаға ие болды. Оның ішінде 152 отбасыға жергілікті бюджет есебінен алғашқы жарнасының бір бөлігін жабу үшін 1 миллион теңгелік тұрғын үй сертификаттарымен көмек берілді.
Ал Тұран шағын ауданындағы 27 көпқабатты үй (1728 пәтер) «5-10-20 Шаңырақ» бағдарламасы аясында тұрғын үй алу тізімінде тіркелгендер азаматтарға «Отбасы банкі» арқылы несие негізінде үлестіру көзделген.
11 айда «Шаңырақ» жеңілдетілген несиелік бағдарламасы бойынша 1427 отбасымен келісім шарт түзілген. Оның ішінде 267 отбасыға тұрғын үй сертификаты берілді.
ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін үйлер тек кезек арқылы жүзеге асырылады.