Батыр өрт сөндірушілерге арналған ескерткіш тақта ашылды

0
2 288

Естелік тақтаның салтанатты ашылуынан кейін оның етегіне жауынгер достары гүл шоқтарын қойды.


Батыр өрт сөндірушілерге арналған ескерткіш тақта ашылды

ERNUR.KZ. Бақыт Алпысбаев және Жулдызбек Есеналиевке арналған ескерткіш тақта ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Шымкент қалалық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шымкент қаласында батыр өрт сөндірушілер Алпысбаев Бахыт Алтынбекұлы мен Есеналиев Жұлдызбек Тұрарұлына арналған естелік тақтаның салтанатты ашылуы өтті. Естелік тақтаны ашу рәсіміне азаматтық қорғау ардагерлері, батырлардың туыстары, достары және әріптестері қатысты.

Сондай-ақ, мемориалды тақтаны ашу құрметі Шымкент қаласы ТЖ департаментінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі Нұрболат Бекболатұлына және Түркістан облысы ТЖ департаментінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі Нұрғали Сырлыбайұлына берілді. Қатысушылар батырларды 1 минуттық үнсіздікпен еске алды. Естелік тақтаның салтанатты ашылуынан кейін оның етегіне жауынгер достары гул шоқтарын қойды.

1988 жылы 25 ақпанда Шымкент мұнай өңдеу зауытында орын алған өртті сөндіру облыстың өртке қарсы қызметінің жауынгерлік дайындығының беріктігін тексеруде үлкен сынақ болған екен. Жалынды апатпен күресу кезінде Б. Алпысбаев, Р. Анарбаев, Б. Маханов ауыр дене күйігі жарақатын алған. Бар күшті салғанымен, Бақыт Алпысбаевты ажалдан аман алып қалу мүмкін болмаған. Ол небәрі 25 жаста еді. Бақыт Алпысбаевты марапаттаған «Қызыл Жұлдыз» ордені оның анасы Тұрар Алпысбаеваға табыс етілді.

Жұлдызбек Тұрарұлы Есеналиев 2014 жылы Шымкент қаласындағы «Planta» ЖШС объектісінде орын алған өртті сөндіру кезінде ерлікпен қаза тапқан. Ол көрсеткен ерлігі мен қайсарлығы үшін 3-ші дәрежелі "Айбын" орденімен қаза болғаннан кейін марапатталды.

Сонымен қатар, шарада жақындары мен туыстары басшылыққа, әріптестеріне, ардагерлерге және барлық қатысушыларға алғысын білдірді.