Биыл Шымкентте 25 мыңға жуық жұмыс орны ашылады

0
396

Жаңа жұмыс орындарының 14 мыңнан астамы тұрақты.


Биыл Шымкентте 25 мыңға жуық жұмыс орны ашылады

Биыл Шымкент қаласында 24 196 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қалалық жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, жаңа жұмыс орындарының 14 мыңнан астамы тұрақты және 10 мыңға жуығы уақытша жұмыс орындары болмақ.

Халықты жұмыспен және баспанамен қамту, әлеуметтік қорғау мәселелері бүгін қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековтің азаматтарды онлайн қабылдауында қаралды. Жалпы жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілер тарапынан сұранысқа сай ұсынылатын жұмыс орындарына жолдайды. Қабылдауда болған тұрғындардың кейбірі өздері қалаған жұмыс түрлері табылмай жататындығын жеткізді. Бұл орайда жаңадан құрылғалы отырған жұмыс орындары жұмыссыздық деңгейін төмендетуге септігін тигізбек.
Одан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл жылы 18 мыңнан аса жасты жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарлануда.
Қабылдау барысында баспанаға мұқтаж азаматтар да өтініштерін жеткізді. Азаматтардың бірі уақытша баспана сұраса, енді бірі кезегінің келмегеніне наразы.
Қала әкімінің орынбасары бүгінде тұрғын үй кезегіне 48 мыңнан астам азамат тіркелгенін, мемлекеттік тұрғын үй қорында уақытша баспана қарастырылмағанын, Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй белгіленген тәртіппен кезек арқылы берілетінін жеткізді.
Арендалық тұрғын үйлер көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына және жұмыс істейтін жастарға беріледі. Ал, бюджеттік ұйым қызметкерлеріне «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиелік бағдарламалары ұсынылуда.
Кезекте тіркелген азаматтардың барлығы жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар бойынша баспаналы бола алады. Қабылдау барысында әр тұрғынның мәселесі назарға алынып, тиісті басқарма басшыларына бірқатар тапсырмалар берілді. Қала басшысының орынбасары өз тарапынан әр азаматтың өтінішін жіті бақылауына алған.