Биыл Шымкент қаласында 115 спорт алаңшасын іске қосу жоспарланған.
Шымкент қаласы Абай ауданында демеуші есебінен биыл төрт спорт алаңшасы пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту, балаларға спорттық инфрақұрылымның қолжетімді болуын қамтамасыз ету тапсырмасы бойынша биыл Шымкент қаласында 115 спорт алаңшасын іске қосу жоспарланған. Заманауи спорттық нысандар қала орталығынан шалғайда жатқан тұрғын алаптар мен шағын аудандарға орналастырылмақ.
Кешенді жоспар аясында бүгінге дейін 14 алаңша ашылып, ел игілігіне берілді. Стандарттарға сәйкес салынған алаңшалар стрит воркаут жаттығу кешенімен, футбол, волейбол, бескетбол спорт түрлеріне арналған алаңшалармен қамтылған.
Самал 3 шағын ауданы Ізгілік және Юсупов көшесінің қиылысында орналасқан көп функционалды спорт алаңшасының ашылу рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысты. Қала басшысы бұқаралық спортты дамытудың негізінде сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастыратынымызды айтып өтті. Сонымен бірге барша қала тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Спорт алаңша жеке кәсіпкер «Eurasian Resources Group» ЖШС-нің жеке қоры демеушілігі есебінен салынды. Қаржы көлемі – 14,5 млн теңге. Құрылысын жүргізген мердігер мекеме «Ферротекс» ЖШС-гі. Жалпы ауданы 324 шаршы метрді құрайтын бұл нысанда спорттық жабдықтармен және дене шынықтыруға арналған қондырғылармен жабдықталған. Мұнда спорттың волейбол, баскетбол футбол түрімен және стрит воркаутпен айналысуға мүмкіндік бар.
"Тұрғындардың бұқаралық спортпен айналысуы мен қолайлы өмір сүруіне жағдай жасау туралы берген тапсырмаңызға сәйкес осы жылы балалар және спорт алаңшаларын орнату жұмыстарына 1 млрд 389 млн.теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржылар 21 көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыруға, 12 спорт алаңшаларын ағымдағы жөндеуге, 35 спорт алаңшаларын орнатуға жұмсалады», - деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, ауданда «Шымкент қайырымды қала» қоры арқылы демеушілік есебінен 4 спорт алаңшасы орнатылды.