Биыл Шымкенттің 15 шалғай елдімекеніне оптика желісі жүргізіледі

0
911

Бұл туралы Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының баспасөз хатшысы мәлімдеді.


Биыл Шымкенттің 15 шалғай елдімекеніне оптика желісі жүргізіледі

Биыл Шымкент қаласында интернет сапасы төмен 15 елді мекенге базалық станция орнату үшін мобилді операторлармен келісімдер жүргізіліп, бүгінде жер телімдері рәсімделуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының баспасөз хатшысы мәлімдеді.

Қалалық цифрландыру басқармасының дерегінше, Ақниет, Қызылжар, Мартөбе, Игілік, Жаңаталап, Тәуелсіздікке-20 жыл, Азат, Тұран, Асар, Құрсай агроферма, Елтай, Тоғыс, Ақжар, Нұршуақ, Сайрам шағын ауданына базалық станция орнатылады деп жоспарлануда. Жоғарыда аталған елді мекендерге базалық станция орнатылса, 71 000-ге жуық қала тұрғыны сапалы интернетпен қамтылады. Жалпы қала бойынша сапалы интернетпен қамту көрсеткіші 90%-дан жоғарылайтын болады.

Сонымен қоса, 2021 жылы қаладан шалғай орналасқан 10 елді мекенге талшықты оптика желісі жүргізіліп, жүз мыңға жуық қала тұрғыны жоғарғы жылдамдықты интернетпен қамтылды.
Осы жылы шалғай орналасқан 15 елді мекенге оптика желісін жүргізу жоспарлануда. Бүгінде Забадам, Самал-3, Құрсай, Қазығұрт және Қарабастау елді мекендеріне толықтай талшықты оптика желісі жүргізілді. Жыл соңына дейін Солтүстік-Батыс, Ақниет, Қызылжар, Асар-2, Ынтымақ, Жайлау, Қарасу, Мирас, Мартөбе, Қайнарбұлақ саяжай аумағы, жалпы саны 10 елді мекенге оптика желісі жүргізіледі. Нәтижесінде 16 500 тұрғын жоғарғы жылдамдықты интернет желісіне қосылады. Осылайша, қала бойынша оптикалық желімен қамту көрсеткіші 75%-ке жетеді деп күтілуде.
Қалалық цифрландыру басқармасының мәліметінше, Шымкент қаласы аумағын сапалы интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары жеке инвестор қаражаты есебінен атқарылуда және 2020 жылдан бері интернет желісін жақсарту мен қатар оптика желісін жүргізуге 2,1 млрд қаржы көлемі тартылған.
Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкент қаласының 92%-ы сапалы интернетпен қамтылған. Бұл көрсеткіш 2024 жылы 100%-ға жетеді деп күтілуде.