Е.Айтаханов: «Қаланың шеткі аймақтарындағы ауылшаруашылық саласын дамытуды жоспарлап отырмыз»

0
824

Бұл миллион тұрғыны бар қала халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында қабылданған шешім.


Е.Айтаханов: «Қаланың шеткі аймақтарындағы ауылшаруашылық саласын дамытуды жоспарлап отырмыз»

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Францияның Алматыдағы Бас консулы Алексис Шахтахтинскиймен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыс пен инвестициялық ынтамақтастықты арттыру мәселесі мен мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту жайын талқылады.

Өз кезегінде Ерлан Қуанышұлы қаланың экономикалық әлеуетімен таныстырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

«Шымкенттің экономикасын ілгерілету үшін кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы салалары мен туризм индустриясын дамыту басты бағыттардың бірі. Сондықтан, миллионды тұрғыны бар қала халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында қаланың шеткі аймақтарында ауылшаруашылық саласын дамытуды жоспарлап отырмыз», - деген қала басшысы Бас консулға франциялық инвесторларды тартуға ықпал жасауын айтты.

Ал, Француз дипломаты өзара ынтымақтастықты кеңейту үшін тиісті жұмыстар жүргізілетінін, Қазақстанның үшінші мегаполисі статусын алған Шымкенттің экономикалық әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Сонымен қатар, А.Шахтахтинский қала басшысына жылы қабылдағаны үшін ризашылығын білдіріп, іскерлік әрі серіктестік ынтымақтастықты одан әрі дамытатындары жөнінде сенімділік білдірді.