Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берген болатын.
ERNUR.KZ. Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбеков елдімекендердің белсенді азаматтарымен, билермен, көшелер, тұрғын үйлер басқарушыларымен кездесіп, мегаполисті дамыту жайын талқылады.
Тұрғындар тарапынан елдімекендерді абаттандыруға, қоғамдық көліктерге, жол жөндеуге, жер қатынастарына байланысты бірқатар мәселелер қозғалды. Сонымен қатар шағынаудандарға қажетті әлеуметтік нысандар мен салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік беретін спорт алаңдарын салу бойынша ұсыныстарын жеткізді. Ғабит Әбдімәжитұлы сала басшылары мен, аудан әкімдеріне халықтың талап-тілектерін назарға алып, туындаған өзекті мәселелерді шешуде белсенділермен тығыз жұмыс жүргізуді тапсырды.
Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Оның ішінде cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырды. Сонымен қатар жолдарды ретке келтіру міндеті жүктелді.
Бірінші апта «Таза өлке» деп аталады. Осыған орай Шымкент қаласында да акция аясында тазалау жұмыстары бастаған еді. Алғашқы бірінші аптада тұрғындар, қоғам белсенділері, кәсіпорын қызметкерлері аумақтарда белгіленген аулаларды тазалап жатыр.