Индустрияландыру картасы: Шымкентте оң серпін байқалады

0
423

Индустрияландыру картасына 17 жоба енгізілген.


Индустрияландыру картасы: Шымкентте оң серпін байқалады

Индустрияландыру картасына 17 жоба енгізген Шымкентте оң серпін байқалады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазақстан Республикасының Премъер-министрі А.Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің бүгінгі отырысында бірқатар маңызды мәселелер қаралды.
Эпидемиологиялық ахуал жөнінде хабарлаған еліміздің Денсаулық сақтау министрі А.Цой, Қазақстанда вакцинаның 1-компонентін 7,5 млн-нан астам адам алып, вакцинациялануы тиіс халық санының 75,8 пайызына жеткендігін айтты. 2-компонентпен 6,4 млн-нан астам адам қамтылып, екпе алуы қажет халықтың 64,7 пайызына жеткен. Шымкент қаласында вакцинаның бірінші компонентін 516 625 адам алып, көрсеткіш 96,4 пайызға жетті. Екінші компонент 417 708 адамға салынып, вакцина алуы тиіс контингенттің 77,9 пайызы қамтылды.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов индустрияландыру картасының іске асырылу барысы жайлы есеп берді. «2021 жылы өңірлер жалпы сомасы 1,23 трлн теңге болатын 128 жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. 12 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Жобалардың ең көбі Шымкент қаласында – 17 жоба, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында - 14 жобадан», - деген министр, осы өңірлерде оң серпін байқалғанын айтты.
Индустрияландыру картасы шеңберінде қаламызда биыл 17 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның шеңберінде 40 млрд теңге көлеміндегі инвестиция тартылып, 758 жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Оның ішінде биылғы тоғыз айда 5 жоба іске қосылып, 385 жаңа жұмыс орындары ашылған. Тартылған инвестиция көлемі 12,6 млрд. теңгені құрайды.
Жыл соңына дейін Қазақстандағы бірегей кәсіпорын – «KazAlPack» аллюминий банкалар өндірісі іске қосылады. 145 жұмыс орнымен ашылатын бұл жобаны іске асыруға 23,4 млрд теңге инвестиция тартылған. Жылдық қуаты 500 млн дана қалбыр банкалар шығаратын кәсіпорын еліміздегі шкі сұраныстың 65 пайызын қамтамасыз етпек.
Еліміздің энергетика министрлігі үйлестірушісі болып табылатын энергетика саласындағы республикалық индустрияландыру картасына Шымкент қаласынан 1 жоба енген. «Шымкент химиялық компаниясы» ЖШС-нің метил трет бутил эфирі мен пропилен өндірісі кәсіпорнын құру үшін 25 млрд теңге инвестиция тартылған. Кәсіпорын 350 адамды жұмыспен қамтып, жылына 57 мың тонна өнім шығармақ. Кәсіпорын келесі жылы іске қосылатын болады.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2025 жылға қарай өңдеуші өнеркәсіп экспортын 1,5 есе, еңбек өнімділігін 30 пайызға ұлғайту міндетін белгіледі. Индустрияландыру картасының жобаларын уақтылы әрі сапалы іске асыру осы міндеттерге қол жеткізуді қамтамасыз етеді.