Аталған жұмыс сапарының мақсаты – полицияның сервистік модель бойынша қызмет көрсетуін кеңейту.
Бүгін Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Атығай Арыстанов және Өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы Арман Саданов Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшылығы және жеке құрамымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Аталған жұмыс сапарының мақсаты – полицияның сервистік модель бойынша қызмет көрсетуін кеңейту.
Айта кетейік, сервистік модель негізінде полиция қызметін қалыптастыру және дамыту жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көрсетілген тапсырмаларға сәйкес жүргізілуде.
Жиын барысында ІІМ-нің бірінші орынбасары Марат Шадетханұлы құқық тәртібі саласындағы мәселелерді бірлесіп анықтау және шешу үшін ішкі істер органдары қызметкерлерінің азаматтармен тиімді әріптестік қарым-қатынас орнатуына назар аударды. Сондай-ақ, вице-министр сервистік полиция, ең алдымен, мемлекеттік орган жұмысының "қадамдық" қолжетімділігін, ашықтығы мен нәтижелілігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы полиция генерал-майоры Атығай Арыстанов жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарына тоқталды.
Сондай-ақ, ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы сервистік полиция моделін дамытуда полиция қатарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа да аса көңіл бөлінетінін айтты.