​КӘСІПКЕРГЕ ҚОЛДАУ – ЕЛ ИГІЛІГІН ЕСЕЛЕУ

0
1 187

Ұлттық жоба шеңберінде мемлекеттік гранттар ұсыну қаржылық жоспарға сәйкес қазан айында өткізу жоспарлануда.


​КӘСІПКЕРГЕ ҚОЛДАУ – ЕЛ ИГІЛІГІН ЕСЕЛЕУ

Шымкент қаласында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде биылғы 7 айда 3 378 жобаға қолдау көрсетілген. Кәсіпкерлерге көрсетілген мемлекеттік қолдаудың жалпы соммасы 11 миллиард 861,1 миллион теңгені құрап отыр.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасынан хабарлады.
Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Үсен Исаевтың айтуынша, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында шағын кәсіпкерлер, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілері алатын несиелердің сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау көзделген.
–Бұл бағыт бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыру мақсатында берілетін несиенің ең жоғары мөлшері 20 миллион теңге, ал, айналым қаражатын толықтыру мақсатында берілетін несие үшін бұл шек 5 миллион теңгені құрайды. Несиенің сыйақы мөлшерлемесі ҚР Ұлттық банкі белгілеген базалық ставкаға 7 пайыз қосқандағы көрсеткіштен аспауы тиіс. Оның 15,75 пайызын мемлекет субсидиялайды, ал, айырмасын кәсіпкердің өзі төлейді. Сонда шағын кәсіпкерлер ұлттық жоба аясында қаржы нарығындағыға қарағанда әлдеқайда арзан несиеге қол жеткізеді, – дейді Ү.Исаев.
Сондай-ақ, басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, ұлттық жоба аясында индустриалды-инновациялық қызметпен айналысатын кәсіпкерлерге берілетін несиелердің сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау тетігі қарастырылған. Мұндай кәсіпкерлерге берілетін несиенің шекті соммасы 3 миллиард теңгеден, ал, несиелеу мерзімі 5 жылдан аспауы шарт. Несиенің сыйақы мөлшерлемесі ҚР Ұлттық банкі белгілеген базалық ставкаға 5 пайыз қосқандағы көрсеткіштен аспауы тиіс. Оның 13,75 пайызын мемлекет субсидиялайды, ал айырмасын кәсіпкердің өзі төлейді. Оған қоса ұлттық жоба шеңберінде екінші деңгейлі банк несиелері бойынша ішінара кепілдендіру тетігі де қарастырылған.
Міне, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаның осы бағыттары бойынша Шымкент қаласында биылғы қаңтар-шілде айларында 3 378 жобаға 11 миллиард 861,1 миллион теңгеге қолдау көрсетілген.
Банк несиелері бойынша пайыздық мөлшерлеменінің бір бөлігін субсидиялау бағыты бойынша 3 021 жобаға 10 миллиард 921,9 миллион теңге қолдау көрсетілген. Ал, банк несиелерін ішінара кепілдендіру бағыты бойынша 357 жобаға 939,2 млн. теңге қолдау көрсетілген.
Айта кетейік, ұлттық жоба шеңберінде мемлекеттік гранттар ұсыну қаржылық жоспарға сәйкес қазан айында өткізу жоспарлануда.
дереккөз: «Шымкент келбеті»