​«Халық қатысатын бюджет»: Шымкентте тұрғындардың ұсынысымен 50-ден астам аула жаңарды

0
748

2021 жылы жоба шеңберінде 41 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылды.


​«Халық қатысатын бюджет»: Шымкентте тұрғындардың ұсынысымен 50-ден астам аула жаңарды

Шымкент қаласы Еңбекші ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасына енгізілетін ұсыныстар саны артып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

2021 жылы жоба шеңберінде 41 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылып, ойын алаңшалары құрылса, биыл 73 ауланы жаңғырту және жеке сектордағы 6 орынға балалар алаңын құру жоспарланған.

Жалпы ауданда 651 көпқабатты үй 435 аулаға біріктірілген. 2011-2020 жылдар аралығында аулаларды абаттандыру жұмысы кезегімен атқарылып келген еді. 2021 жылдан бастап «Халық қатысатын бюджет» жобасы енгізілгеннен кейін, тұрғындардың ұсынысы аудан әкімдігінен қолдау тауып, аулаларды реттеу құрылысы қарқын алған.

Биылдың өзінде абаттандыру жұмысы 2 кезең аясында жүзеге асырылып жатыр. Алғашқы кезеңде 52 көпқабатты үй ауласы абаттандырылып, елді мекендердегі 6 жерге балалар ойын алаңшасы салынған. Қазір ІІ-кезеңдегі 21 көпқабатты үйдің ауласы жаңартылып жатыр.

Ал, 2023 жылы 20 көпқабатты үйдің ауласын қайта жаңғырту және балалар ойын алаңшасын орнатуға сметалық құжаттар әзірленіп, бюджеттік өтінімге ұсынылған. Одан бөлек, 138 жобаға жер телімдерін рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Осылайша тұрғындар өз ұсынысын жеткізу арқылы, жергілікті бюджеттің қалыптасуына атсаласып отыр.

Бұқаралық спортты дамыту бағытында да тындырымды тірлік бар. Биыл аудан аумағына 4 спорт алаңының құрылысы мен қолданыстағы 5 спорт алаңшасына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Аудан әкімдігінің дерегінше, осы алаңдар қараша айының соңына дейін толық пайдалануға беріледі.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасының аясында «Халық қатысатын бюджет» жобасы іске асыру мақсатында кез-келген қала тұрғыны қала аумағын абаттандыру, дамыту және жақсарту бойынша өз идеясын ұсына алады. 2021 жылы аулаларды абаттандыру және заманауи балалар ойын алаңшаларын құру мақсатында қала бюджетінен 2,5 млрд. теңге қаралды. Қазіргі таңда қаламыздағы көпқабатты 184 үйдің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде «Халық қатысатын бюджет» жобасының аясында тұрғындардың ұсынысымен 101 үйдің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың игілігіне тапсырылуда.