Сондай-ақ алимент төлеу мәселелері бойынша құқықтық көмек көрсетілді.
Шымкент қаласының орталығы Арбатта «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Акцияның мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң көмегін көрсету. Кез келген азамат еліміздің заң қоғамдастығындағы ең үздік өкілдерден тегін қажетті консультация ала алады. Олардың арасында белгілі адвокаттар, нотариустар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары, мемлекеттік органдардың өкілдері және басқалары бар.
Акция аясында жетекші адвокаттар мен заңгерлер, сондай-ақ мемлекеттік органдардың басшылары 200-ден астам қала тұрғындарына тегін заңгерлік кеңес берді.
Ұйымдастырушылардың өкілі - Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Дәурен Ерғарин Мемлекет басшысы «мемлекет адам үшін» қағидатын айқындағанын, сондықтан шенеуніктер әрбір азаматтың үмітін ақтап, тілектерін ескеруі тиіс екенін атап өтті.
Ашықтық, қол жетімділік және халықпен диалог, өзекті мәселелерді шешу – мемлекеттік қызметшілердің, адвокаттардың және басқа да бей-жай қарамайтын азаматтардың негізгі міндеті.
Сондай-ақ, заңгерлерге көмек алу үшін «Аналар үйі» қоғамдық қорының өкілдері келді. Оларға әлеуметтік жеңілдіктер алу мен алимент төлеу мәселелері бойынша құқықтық көмек көрсетілді.
Қор өкілі ұйымдастырушыларға барлық сұрақтар бойынша бір жерден кеңес алу мүмкіндігі үшін алғысын білдірді.
Айта кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, zakon.kz желілік басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, Қазақстанның үздік заңгерлері мен адвокаттары осындай іс-шараларды дәстүрлі түрде өткізеді.
Тек соңғы бес жылда акцияға 7 мыңнан астам үздік сарапшылар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Құқықтық көмекке жүгінген 150 мыңнан астам азамат кеңес алды.