"Қобызбас": Шымкенттік шебер домбыраның жаңа түрін жасап шығарды

0
2 677

Оның жасаған домбыралары 500 мыңға дейін бағаланады


"Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра, нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!" деп өлең арнаған Қадыр Мырза Әли ағамыз. Қазақ халқы үшін домбыраның орны әрқашанда қасиетті төр. Осынау киелі аспаптың үніне бүгінде әлем елдері де тамсанады.
*(ДОМБЫРА - қазақтың ұлттық аспабы. Қазақ халқының ең кең тараған қос ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Алғаш эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған)

Домбыраны күмбірлетіп, үнімен әлемді тамсандыра білу үшін оны жасаған шебердің қолы алтын болса керек-ті. Шымкенттік Сәдібеков Қожабек есімді азамат осы қасиетті домбыра жасауды отбасылық кәсіпке айналдырған. Бұл отбасыны өнерлі отбасы деп айтсақ артық айтпаған болар едік.
Қожабек ағамыздың отбасы тек домбыра ғана жасаумен шектелмей, қазақтың байырғы уақыттан бері қолданып келе жатқан ұлттық ыдыстарын да жасайды. Сонымен қоса қобыз жасаумен де айналысады. Қазіргі кезде құдай қосқан жары Айсағат және перзенттері Ниязбек пен Қарақатпен бірге ата кәсіпті дөңгелетіп отырған жайы бар.


(фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан)

Сәдібек мырзаның бұл кәсіппен айналысып жатқанына ширек ғасырға жуық уақыт болған. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезден-ақ бұл кәсіпке қызыққанын айтады. 9-сынып оқып жүрген кезінде атасынан ер шабуды үйреніпті. Осылайша бірте-бірте қызығушылығы оянып домбыра, қобыз, астау жасау өнерін қолға алыпты.

Қожабек ағаның қолынан шығатын домбыра 50 мыңнан басталып 500 мың теңгеге дейін бағаланады екен. Балаларға арналған домбыра 30-35 мың теңге көлемінде.
"Домбыраны жасау үлкен еңбек пен шыдамдылықты талап етеді. Шын өнерді бағалайтындар үшін домбыраның бағасы маңызды деп ойламаймын", - дейді ол.


Қазақтың ұлттық өнерін дәріптеп жүрген шымкенттік шебер өзінің жасаған домбыралары белгілі айтыскер ақындар мен әншілер арасында сұранысқа ие екенін де жасырмады. Еліміздің түкпір-түкпірінен де тапсырыс беретіндердің қарасы аз емес көрінеді. Сонымен қоса шет елдерден де тапсырыс беретіндер бар екен. Мәселен, жақында ғана Белорусь елінен тапсырыс түсіп, қасиетті домбыра шетелдіктердің де сұранысына ие болғанын айтады Қожабек аға.

Сондай-ақ қобыз жасауды да кәсіптің бір түріне айналдырған. Қобыздың бағалары 70 мың мен 250 мың теңге арасында.

Қожабек ағаның айтуынша, алғашқы кезде бұл кәсіпті жеке өзі бастаған. Тапсырыстың көптігінен жалғыз өзі үлгермеген соң өмірлік жары Айсағатқа да үйретіпті. Жұбайы да бұл өнерден алыс емес көрінеді. Жолдасы үйреткендерді аз уақыт ішінде игеріп, бүгінде нағыз шеберге айналған. Бүгінде шебердің ең сенімді көмекшісі.
Ата-анасынан көріп қос перзенті де осы іске қызығушылық танытыпты. Атадан балаға беріліп жатқан бұл өнер олардың да бойынан табылған сыңайлы. Қазіргі кезде үлкен ұлы Ниязбек астау жасаумен айналысады. Оның қолынан шыққан астаулар көптің көңілінен шығып үлгерген. Айтуларынша халық арасында сұранысқа ие екен. Небәрі 14 жастағы қызы Қарақат та отбасылық кәсіпке өз үлесін қосып жүр. Қарақат суретті айнытпай дәл салады екен. Домбыралардың сәнін келтіретін ою мен нота салу Қарақаттың сүйікті ісі ғана емес, табыс көзі деуге әбден болады.

Қолөнерші қарапайым домбырадан бастап барлық түрлерін жасайды. Адамдардың сұранысы бойынша өздері қалаған үлгіде жасап береді.

Шебер өзі жаңадан домбыраның жаңа түрін жасап шығарған.
"Әр қазақтың төрінде домбыра мен қобыз ілулі тұрғаны дұрыс. Домбыра барлық үйден табылатын болар, бірақ қобыз көп кездесе бермейді" деген ол домбыра мен қобызды біріктіріп “Қобызбас” деген жаңа үлгідегі домбыра түрін ойлап тауыпты. Аты айтып тұрғандай, бұл домбыраның ерекшелігі - басы қобызға ұқсатып жасалған.
Одан бөлек кішкентай балаларға ыңғайлы болу үшін бір-екі домбыра түрін жасапты.


Қожабек аға домбыраны жасап қана қоймай оның құлағында да шебер ойнайды екен. Жүзге жуық ән біледі. Әу демейтін қазақ жоқ дегеннің тағы бір дәлелі. Алдағы уақытта сайыстарға қатыспақ ниетте.
"Қазақтың ұмыт болып бара жатқан өнерін ары қарай дамыту жоспарымда бар. Домбыра жасау қазақтың қолында бар өнер. Осы кәсібімді кеңейтіп көп шәкірт тәрбиелегім келеді. Бұл өнерді ұмытпай керісінше жандандырсам деймін. Үлкен мектеп ашып, домбыраны жастарға үйрету басты мақсаттарымның бірі, - дейді шебер.
Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан бұл кәсіптің болашақта да сәтімен жалғасын табарына күмән жоқ.

Ұлбосын Әбілсейітқызы,

ERNUR.KZ.