​ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ: Шымкентте әр азаматтың мәселесіне назар аударылды

0
79

«Табысқа апарар жол» акциясы аясында, яғни жұмыссыз азаматтардың жұмыспен қамту жөнінде көмек сұрап келгендердің қарасы қалың болды.


​ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ: Шымкентте әр азаматтың мәселесіне назар аударылды

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Утебаева азаматтарды жеке қабылдап, олардың арыз-шағымдарын тыңдады.

Қабылдауға келген азаматтардың арасында мүгедектігі бар бала бағып отырған ата-аналар болды. Бірі мемлекеттік әлеуметтік көмек алуға ықпал етуді сұраса, басқалары медициналық мекемелерге қатысты шағымдарын білдірді. Жанат Өтебаева әр азаматтың мәселесімен жеке-жеке танысып, барлығына заң аясында тиісті көмек көрсетті.
Сонымен қатар, Қайнарбұлақ елдімекенінің тұрғыны егде жастағы әйелді қарттар үйіне орналастыру бойынша көмек сұрады. Ол қарт кісінің жалғыз қараушысының қайтыс болғанын және жалғыз қалғанын атап өтті. Арызданушыға басқарма басшысы қажетті құжаттарды жинақтап, қайта келу керектігін түсіндірді.
«Табысқа апарар жол» акциясы аясында, яғни жұмыссыз азаматтардың жұмыспен қамту жөнінде көмек сұрап келгендердің қарасы қалың болды. Самал-3 мөлтек ауданының тұрғыны екі қолға бір күрек таппай, қиындықтарға тап болғанын жеткізді. Мамандар оны жұмыссыз ретінде тіркеуге алып, алдағы аптада жұмысқа жолдама берілетінін хабарлады.
Азат мөлтек ауданының тұрғыны ІІ топ мүгедектігі бар баласына жұмыс тауып беру бойынша көмек сұрады. Оның мәселесі оң шешімін тапты, баласы «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасатын болды. Сонымен қатар, мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтін азамат зейнет жасының келіп қалғанын айтып, зейнетке шыққан соң жаңа жұмыс тауып беруін сұрады. Оған әзірше қазіргі жұмысын жалғастыруын, алдағы уақытта қажетті көмектің көрсетілетінін жеткізді.
Бөлісу